NIS

«ТУҒАН ЕЛГЕ ТАҒЗЫМ 2021» — БАТЫРЛАР ІЗІМЕН …

«Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы аясында Ақтөбе қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жас зерттеушілері Қобда ауданының тарихи жерлерін аралады.

Зияткерлер Жиренқопа ауылында орналасқан жоңғар мен қалмақтарға қарсы соғысқан, шамамен XV ғасырда өмір сүрген Қобыланды батырға арналған Республиканың тарихи мұрасы болып табылатын кешенмен толық таныса алды.

«Қобыланды батыр атындағы мемориалдық кешен» – 2007 жылы салынған және «Қазақстанның 100 тарихи орны» тізіміне енгізілген.

Оқушылар экспедиция барысында Қобыланды батыр туралы аңыз әлі де зерттелу үстінде екенін білді. Дастанның 29 нұсқасы бар. Жыл бойы елдің түкпір-түкпірінен адамдар батырдың рухына тағзым ету үшін кесенеге келеді. Қарақыпшақ руынан шыққан Қобыланды көрнекті тұлға болып, халық азаттық жауынгері, қолбасшы ретінде танымал болды.

«Туған елге тағзым» өлкетану жобасы балалардың теориялық білімдеріне қосымша практикалық тұрғыда ізденіп, жұмыс істеулеріне септігін тигізуде. Бабамыздың жатқан жерінен оқушылар алғаш рет тамғалы тастарды көріп, жағымды әсерде қайтты. Барлығымызға жақсы, рухани демалыс болды, – деіді Актөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Райымбек Жұбаныш.

Экспедиция қатысушыларының жолы Талдысай ауылынан 12 шақырым қашықтықтағы орта ғасырларға жататын, ауданы 600 метр болатын үлкен қорымда орналасқан Абат Байтақ кесенесіне де түсті. Кесене атауының шығуымен бірнеше аңыздар байланысты. Қазақтың ойшылы, философы Асан Қайғының ұлы Абат-батыр осында жерленген деседі. Абат батыр туған жерлерін қалмақтардың шапқыншылығынан қорғап, әділ шайқаста қалмақ ханын жеңіп шықты. Осыдан кейін Абат басып алған жерлерін руластарына қайтарып берді, соның салдарынан қалмақтардың жорықтары тоқтатылды. Кейін Абат қайғылы қазаға ұшырап, түйе лақтырып құлаған екен. Кесенені кең даланың барша халқы қысқа мерзімде салып береді. Осыдан «байтақ» деп аталуы – кең, шексіз, жалпыхалықтық деген мағынасымен деп түсіндіріледі

– Бұл жерді айналып өтіп, ата-бабаңыздың киелі қуатын сезініп, рухыңызды қуаттай аласың. Бұл жердің киелілігін қабырғада қанша қарлығаш ұясы тұрғанынан аңғаруға болады. Қарлығаштар ұясын тек таза, жағымды жерлерге салады деген халық жорамалында, — деп өз әсерімен бөлісті 8-сынып оқушысы Ақжан Реш.

Келесі бағыт облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы болды. Мұнда Әлия Молдағұлованың жеке заттары, соңғы хаттары, отбасы мүшелерінің суреттері орналасқан. Экспедиция қатысушылары батыр қыздың жауынгерлік, батыл жолымен танысты.

Бүгін мен Әлияның өмірбаяны туралы көбірек білдім. Ол мені батылдығымен шабыттандырды. Оның ерлігі, елін майданда қорғаудағы батыл шешімі отаншылдық сезімін оятады. «Туған елге тағзым» бағдарламасының арқасында тарихи жәдігерлерді көріп, сұм соғыс бейнелеріне көз жүгірттіп, қазіргі бейбіт өмірімізді бағалай түстім, – деп ағынан жарылды жас зияткер Інкәр.

«Туған елге тағзым» – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары жыл сайын туған елінің ең көркем және ерекше түкпірлеріне саяхатқа шығатын бірегей жоба. Олар экспедиция барысында барған жерінің флорасы мен фаунасын, тарихи маңызды аймақтарын, мәдениетін, инновациялық нысандары, сәулет құрылыстарын зерттейді.

Амангосова Айгерим Жанабайкызы
Ақтөбе қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.