Жаңа сабақтар

«Тағлым мен Тағзым»

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсанның 35 жылдығына орай Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр» қоры «Патриоттық рух — басты құндылық» жобасыаясында Алматы қаласының жастарымен «Тағлым мен Тағзым» атты кездесулер өткізуде.

Тәуелсіздік бастауы болған 1986 жылғы Желтоқсанды, оның тарихи маңызын кеңінен насихаттауды және жастардың бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған кездесулерге жастар қызығушылықпен қатысуда. Кездесулерге «Желтоқсан ақиқаты», «Желтоқсан» республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысы, «Желтоқсан жұлдыздары», «Желтоқсан көтерілісі», «Желтоқсан қоғамы», «Желтоқсан зейнеткерлері», «Қайсар Жүрек», «Біртұтас желтоқсан», «Өршіл рух» және т.б. қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысуда.

Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққаны үшін сотталған, сот залында алды ату жазасын алса да қайсарлықпен қасқайып тұратын төрт жігіттің тарихи фотосын білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол фотодағы Қайрат Рысқұлбековтің жанында түрған қайсар жігіт, бүгінде алпысты алқымдаған Қайыргелді Күзембаевтың, желтоқсан кезінде ауылдан енді келген өрімдей жас Айболат Жұмабай, ұлт болашағы үшін жан-тәнімен еңбек етіп жүрген Шора Қарабаев, Нәбижан Бәйтеков, Әмірбек Матеев, желтоқсанда жігіттердің намысын қайрап, алғы шепте тұрған, түрмелерде отырып, қала сыртындағы қоқысқа лақтырылған қазақ қыздары – Баян Әуелова, Ақкүміс Ихласова, Бәтес Досқалиева, Гүлшат Арыспаева, Мәрзия Болатова сынды желтоқсан батырларының естелік әңгімелері жастарды бей-жай қалдырмады. Тіпті, апа-ағаларының айтқан әңгімелерінің әсерінен көздеріне жас алып жылаған жастар да болды…

Қасіретті күндердің куәгерлері, оқиғаның ортасында болған – желтоқсаншылардың өз аузынан естелік тыңдау, сұхбаттаса отырып сырласу, жастарға рух беріп, намысын қайрады, Отанға деген махаббатын арттырды.

Аға ұрпақтың намысқойлығына, елжандылығына, қайсарлығына бас иген жастар, Тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсандағы ерлігі үшін аға-апаларына алғыс айтты. Жастар аға ұрпақ аманаты – Тәуелсіздікті көз қарашығындай сақтайтындықтарын кездесу әсерімен толқи отырып жеткізді. Тағылымы мол әңгіме тыңдап, Тағзым етуге тұрарлық аға-апаларының болғанын мақтан етті.

Қыркүйек айынан басталған мұндай кездесулер, желтоқсанға дейін жалғаспақ.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.