Жаңа сабақтар

Сармурзина Гулбану Оналбаевна

Маңғыстау облысы

Ақтау қаласы

«13 гимназиясы» КММ

Бастауыш сынып мұғалімі

Педагог-зерттеуші

Сармурзина Гулбану Оналбаевна

Бастауыш сынып оқушыларының адамгершілік мәдениетін қалыптастыру

Соңғы кездері еліміздің қоғамдық өміріндегі елеулі өзгірістердің бірі білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар екені белгілі. Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан халқының білімі мен әл-ауқатын арттыруға, жас ұрпақтың рухани адамгершілігін жетілдіру мәселелеріне тың көзқарастардың қажеттігіне басты назар аударған. Сондықтан да, ұрпақ тәрбиесіндегі көкейтесті мәселелердің бірі – жетілген, адамгершілік мәдениеті қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу.

Адамгершiлiк — адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет- ғұрыптар мен дәстүрлердi тудырып, солармен сәйкес дамиды. Адамгершiлiк қасиеттерi отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр- бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмiрмен байланыстыру арқылы қарлыптасады. Халықта: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң” деген мақал бар. Тәлiм – тәрбие болмаған жерде адамгершiлiк мәдениетi мен қасиетi де қалыптаспайды. Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлiк, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары.

Тәрбиенiң дәстүрмен тығыз байланысты тұңғыш қарастырушы К.Д.Ушинский болды. Ол өз еңбектерiнде тәрбиенiң халықтық сипатына, еңбектiң тәрбиелiк және психикалық сипатына және тәрбиедегi адамгер-шiлiк мәселелерiне көңiл бөле отырып “Тәрбие көзi- халықтық педагогика” деген тұжырымға келген. Осы идеяны қазақ жерiнде жалғастырушы педагог Ы. Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, 7 жақсы қасиет:

Бiрiншi: Имандылық.

Екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк.

Үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк.

Төртiншiсi: Сыпайылық, момындық.

Бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру.

Алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық.

Жетiншiсi: Дұрыс заңдылық [ 1, 26].

Жалпы осы адамгершiлiк мәдениетi мәселесi төңiрегiнде педагогика классиктерi: Я.А.Каменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Н.И.Ильминский, еңбектерi ерекше орын алады. Қазақ зиялы қауымынан: А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедовтер жалғастырған.

“Ұлттық тәрбиенiң негiзi – адамгершiлiк, еңбек тәрбиесi”-дейдi М.Жұмабаев. Адагершiлiк тәрбиесiн сәби шақтан озық түрде баулу керек.

Оқушының адамгершiлiк мәдениетi қай кезде де назардан тыс қалып көрген емес. Бүгiн де оқушылардың адамгершiлiк мәдениетi жоғары болуы маңызды мәселе ретiнде саналады. Осыған орай, мектепте оқушыларда адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастыруға дүниетану сабағының өзiндiк орны бар.

Бабамыз Әбу-Насыр Әл-Фарабидiң “Адам алдымен ойлы, парасатты болуға, ақыл-ойдың жан-жақты дамуына көңiл бөлуi қажет. Шын мағынасындағы бiлiмдiлiк – тамаша адамгершiлiк сипат”-деген ұлағатты пiкiрiн мойындай отырып, жас ұрпақты бiлiм нәрiне қандыру да педагогтық парыз екенiн ұмытпағанымыз абзал [2,38].

Ақылды, мейiрiмдi адам кез- келген уақытта өзгенiң жақсылығын бағалағыш болып келедi. Арлы адам- ардақты. Бiздiң ортамызда осы сапаларды бойына сiңiрiп қана қоймай, өзiн қоршаған ортаға таратушы, осындай өз сапаларымен жас ұрпақты тәрбиелеушi ұстаздар аз емес. Адамгершiлiгi мол адам — басқаларға қашан да үлгi-өнеге.

Батырлық, ерлiк көрсету дегенiмiз — адамның жан дүниесiнiң ерекше қасиетi. Ержүрек адамды бүкiл халық мақтаныш етедi. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, тағы басқа ер жүрек ұл-қыздарымыз халқымыздың мақтанышы. Олардың әрқайсысы бiздiң елiмiзге абырой, атақ, даңқ әкелдi. Соларды ана тілі, қазақ тілі сабақтарында үлгі, өнеге етіп отыруымыз керек.

Әр адамның бойында жастайынан мынадай қасиеттер қалыптасуы керек. Олар:

Отансүйгiштiк.

Халқымыз кiр жуып, кiндiк кескен атамекенiн аялап, елiнiң тiлi мен мәдениетiн, әдебиетi мен тарихын, бiртуар аяулы перзенттерiн мақтан тұтып, қадiрлеп, қастерлеудi ұрпағына аманат еткен.

Қазақ елi – бiздiң Отанымыз, атамекенiмiз. Оны қастерлеп, қадiрлеп қадiр тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы мен ел-жұртын, атамекенiн шын көңiлiмен сүйетiн болады. Өйткенi халқымыз “Отан – от басынан басталады” деп бекерге айтпаған. Ата-анасын, өз үрiм-бұтағын жанындай жақсы көрiп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетiн толыққанды азамат болуы екiталай. Ұлтжанды кiсiнiң имандылық – адамгершiлiк қасиеттерi, сондай-ақ, оның достарына, ата-анасына деген көзқарасынан да жақсы байқалады. Қазақ елiнiң кез-келген перзентi жұмыр жердiң қай бұрышында жүрсе де өзiнiң iс-әрекетi мен мiнез-құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйiспеншiлiк қасиеттерiн тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиiс.

Әдептiлiк.

Бұл халқымыздың ұлттық психологиясының өзегi, имандылық пен адамгершiлiктiң басты белгiсi, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрiнiсi, барлық кiсiлiк қасиеттердiң жиынтығы. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдептi адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да бiледi. Табиғаттың әсемдiгi мен сұлулығына, әдемiлiгiне әрбiр адам зиян келтiрмеуге тиiс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзiн ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көктi жұлу, құстарды ату, құдыққа түкiру – барып тұрған әдепсiздiк. Әдеп сақтау – халықтық рәсiмге, жол-жоралғыға, тәртiпке бағыну, ерiксiз бағыну емес, бұл ата дәстүрдi құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершiлiк борышты өтеу. “Әдептiлiк — әдемiлiк” дейдi халық. Яғни, әдептiлiк: iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, көпшiлдiк деген сөз.

Бауырмалдық.

Халқымыздың бауырмалдығы “Бала бауыр еттен жаралған” деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден бастаған. Осы туралы қасиеттi кiтап: ешбiр адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бiр-бiрiне дос, бауыр дейдi. Олай болса оқушыларды бастауыш сатыдан бастап бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет.

Қайырымдылық.

Ал Ш.Құдайбердиев Абайды үлгi еткен өнер-бiлiмдi, адамгершiлiк iзгi қасиеттердi өзiне ұран тұтып балаға қатарыңнан қалма, өтiрiк, өсек айтпа, ұрлық-зорлыққа әуес болма, жалқаулықтан, жамандықтан қаш, өнерлi, өнегелi елдердiң жастарынан үйрен, оқу оқып, бiлiм ал, талаптан деп өсиет айтады:

Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,

Арсыз сол – адамдықпен жан сақтайды.

Адал сол – таза еңбекпен күнiн көрiп,

Жаны үшiн адамшылық ар сатпайды.

Ақынның жастарға ұсынған адамгершiлiк жолы адалдық пен ғылымды меңгеру. Осы екi жол кiсiнi қиындықтан құтқарады, адамгершiлiк тезге салады [3,236].

Бастауыш мектептiк кезең адамгершiлiк дамуының, моральдық мөлшердi меңгерудiң қарқынды даму кезеңi. Адамгершiлiк дамуы өзiне адамгершiлiк сана-сезiмдi, адамгершiлiк мiнез-құлық және адамгершiлiк қарым-қытынасты жинақтайды. Бұл кезеңде оқушыны тәрбиелеудiң негiзгi бағыты — мiнез-құлық мотивтерi мен әдеттердi қалыптастыру. Мектепке жаңа келген балаларда бұларды қалыптастыру бiршама қиындықтарды тудырып жатады, олар әлi де болса моральдық жағдайларды бiржақты қабылдайды, оларға талдау жасауға қиналады, жасы өсе келе бұл жастағы балалардағы бағалаулар бiршама бейiмделiп, адамгершiлiк мiнез-құлық ережелерi негiзделе бастайды. Оларға жан-жақты көмек, адамдық сезiмнiң жылылығы, шын көңiлмен сүю, ұғу қажет. Тiптi жай ғана мысалмен түсiндiруге болады: егер де гүлдi күтсең, суарсаң, жақсы қарасаң, онда ол жайқалып өседi, адамдарға көңiл әсемдiгiн сыйлайды. Ал егер оны қарамасаң, ол сарғайып, солып қалады. Мiне, бұл қарапайым шындық.

Бастауыш мектептен бастап қарым-қатынас мiнезi, құрбы-құрдастарымен өзара қатынастары айтарлықтай өзгередi. Тiптi олар үшiн өте маңызды болып саналатын жора-жолдастарына көмек қолын беруге дайын тұру, достықты сүю, мейiрiмдiлiк, қайырымдылық сияқты қасиеттер табылады [4,23].

Бастауыш сынып оқушысының жеке басын қалыптастырудағы мiндеттердiң бiрi — оны адамгершiлiк туралы ұғымдар, түсiнiктермен байыту болып табылады. Оқушылар бұларды әр түрлi дәрежеде игередi, ол баланың жалпы дамуына, оның өмiрлiк тәжiрибесiне байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда дүниетану, әдебиеттік оқу сабақтарының рөлі зор. Бiз үнемi, “Кiтап – бұл әлем сырын ашу” деймiз. Оқу арқылы оқушы қоршаған өмiрмен, табиғатпен, адамдардың еңбегiмен, құрдастарымен, олардың қуаныштарымен, кейде тiптi сәтсiздiктерiмен танысады. Бастауыш сынып оқушылары ең алдымен iзгiлiк, қайырымдылық, сезiмталдық, әдеттiлiк туралы ұғымдарды түсiнуi, оларды айыра бiлудi үйренуi керек. Бұл сапалар өзара байланысты, қайырымды адам қашан да сезiмтал, әдiлеттi адам да сергек, сезiмтал келедi. Балаға адамгершiлiк сапалардың өмiрдегi көрiнiсiн көре бiлуде, қайырымдылық, зұлымдықты, сезiмталдық пен әдiлетсiздiкті, жолдасына шын мәнiнде немее жалған көмек берудi айыра бiлудi үйренуi тиiс. Сондықтан оқушылар адамгершiлiк мәдениетiнiң дамуына бағыт беру үшiн осы сапалардың мазмұнын бiлу қажет.

Адамдар арасындағы өзара қатынастың күрделiлiгiн ашуға көмектесетiн балалар әдебиетiнен мысалдарды сабақта тақырыпқа сай пайдалануға болады.

2-сыныпта балалар әжептәуiр өсiп қалды, сондықтан мен экскурсияның тәрбиелiк мүмкiндiктерiн 1-сыныптағыларға қарағанда кеңiрек, әрi тереңiрек пайдалана аламын. Бұл жерде мұғалiм оқушылардың танымдық құштарлығын арттыра бередi. Экскурсия кезiнде баланың табиғатқа, қоғамдық өмiрдегi әр түрлi құбылыстарға, моральдық норма мен тәртiп ережесiне қатынасы қалыптасып, әр түрлi мамандықтағы адамдардың еңбегi жөнiндегi түсiнiгi кеңейе түстедi.

Iс-әрекеттiң барлық түрiне деген құштарлықты пайдалана бiлу, оның сана-сезiмiн арттыра түсуге көмектеседi.

Бастауыш сынып оқушылары өздерi үшiн мүлдем жаңа дүниетану пәнiн оқи бастайды. Оларды жоғары сынып оқушыларымен жақындастырып, олардың достық қарым-қатынастарын, үлкендерді сыйлау, үлгі алу, ұйымшыл болу, дұрыс сөйлесе білу, т.б. қасиеттерін күшейте түсу [5,143].

Бастауыш бiлiм- үздiксiз бiлiм берудiң алғашқы басқышы болғандықтан, оқушыларға белгiлi бiр көлемдегi бiлiм, бiлiк-дағдыларымен қатар адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастыру, жан-жақты дамыту бүгiнгi күннiң басты талабы.

Бастауыш сынып оқушыларына сапалы бiлiм мен тәрбие беруде әр пән жоғары деңгейде жүргiзiлуi тиiс. Бұл үшiн пән мұғалiмi әдiс тәсiлдердi жетiлдiре оқытып, оқушылардың сол пәнге деген ынтасын арттыра бiлуi қажет. Сабақ- ұстаздың көп iзденуiнен, көп еңбектенуiнен туатын педагогикалық шығарма. Ал осы “шығарманы” алдында отырған оқушыларға игерте бiлу де оңай емес.

Ол үшiн мұғалiмнiң бiлiктiлiгi, iскерлiгi шеберлiгi арқылы оқушы жүрегiне жеткiзе алатындай шебер ой өрнегi болуы керек.

Дүниетану сабақтары арқылы оқушылар адам, табиғат, қоғам, яғни реалды дүниенiң үш құрамдас бөлiгi туралы бiлiм алады. Бұл пән оқушылардың танымдық белсендiлiгiн арттырып, дүниетанымын, адамгершiлiк қасиеттерiн жетiлдiрiп, өмiрдi, оның құбылыстарын танып бiлуге мумкiндiк бередi. Сонымен бiрге бастауыш сынып оқушыларының ой-өрiсiн дамытып, шығармашылыққа жетелейдi.

Адамгершiлiк мәдениетi өте кең көлемдегi ұғым, өйткенi оған адамға деген, досқа, ата-анаға, Отанға, үлкенге, iнi-бауырға тағы басқалармен бiрге табиғатта жатады.

Бастауыш сынып оқушылары үшiн ең жоғары бедел иесi – мұғалiм. Оқушылар әр пәннен алатын бiлiмдерiн мұғалiм арқылы қабылдайды. Оқу мен оқытушы ол үшiн бөлiп — жарғысыз нәрсе. Үздiксiз бiлiм беру жүйесiндегi тұрақтанған қалпы бар сала– бастауыш мектеп. Әйтсе де соңғы уақыттарға дейiн бастауыш мектеп балаларды оқу, жазуға, есептеуге ғана үйрететiн, қоршаған орта, қарапайым дүниетанымға жалпы түсiнiктер берiп, тұйық концентр болып саналады. Қазiргi кезде бастауыш мектепте оқыту мазмұнын жаңарту жұмыстары бағдарламаға сай жүргiзiлiп, оқыту, тәрбиелеу, дамытудың жаңа мүмкiндiктерi ашылды.

Бүгiнгi күн ұрпақты жан — жақты бiлiм алуын, белсендi, шығармашыл болуын талап етедi. Осыған байланысты оқыту мазмұнын, түрiн, әдiсiн таңдай бiлу қажеттiгi туады.

Білім беруде қазақи ұлттық ерекшеліктерімізді кеңінен қолдану арқылы оқушылардың адамгершілік мәдениетін қалыптастыру жөнінде арнаулы, нысаналы жұмыстың қажеттігін тәжірибе көрсетіп отыр. Мен іс-тәжірибемде «Дүниетану пәні сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының адамгершілік мәдениеттерін қалыптастыру» атты бастауыш сынып дүниетану пәніне арналған көмекші әдістемелік құрал тараттым. Адамгершілікке байланысты бірнеше ашық сабақтар көрсеттім.

Оқу-тәрбие жұмысында халықтық педагогиканы пайдалану, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерiн оқушының жас ерекшелiктерiне қарай пайдалана бiлу мұғалiмнен үлкен бiлiктiлiктi, шеберлiктi талап етедi.

Бастауыш сынып оқушыларының бойында жалпы адамгершілік қалыптармен гуманистік, моральдық, қайырымдылық, ізгілік, өзара түсінушілік, ізеттілік, кішіпейілділік, адалдық, сыпайылық тәрізді қасиеттерді сіңіріп, олардың өзара қарым-қатынас мәдениеті мен қоршаған ортамен қарым-қатынасына мән беруіміз керек. Осыларды ескере отырып, бастауыш сынып оқушыларының дүниетану пәнінде адамгершілік мәдениетін қалыптастыруды және әр сабақпен ұштастыру, бастауыш мектеп мұғалімінен ізденістерді талап етеді.

Қорыта келгенде, сабақ үрдісіндегі оқушының тұлғалық қасиетін тәрбиелеуде мынадай ерекшеліктерді ескеруіміз керек:

оқушының ақыл-ой мәдениетін дамыту;

оқушының адамгершілік-имандылық құндылығын қалыптастыру;

оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы арқылы оқушы дүниетанымы қалыптасып, баланың ақыл-парасаты толысып, еңбекке, рухани-адамгершілік деңгейі біртіндеп дамитынын ескеру;

сабақ тақырыбына жай ұлттық педагогика элементтерін оқушының адамгершілігін арттыруға тиімділігін көрсету.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Балтабай Е Этнопедагогика және тәрбие / Е Балтабай // Қазақстан мектебi, -2003, -№1, -40 б.
  2. Жұмабаев М. Педагогика / М. Жұмабаев– А.: Рауан, 1993
  3. Ғаббасов С. Ізгілік әліппесі / С. Ғаббасов — А.: Ғылым, 1991
  4. Қоянбаев Ж.Б Педагогика / Ж.Б Қоянбаев– Астана.1998
  5. Молдагалиева Р.Т. Жаратылыстану негіздері мен дүниетануды оқыту әдістемесі/ Р.Т Молдагалиева– Астана, 2003
  6. Барсай Б. Бастауыш сыныпта оқытудың жаңа технологиясы/ Б. Барсай // Бастауыш мектеп, -1998, -№1-27
  7. Жалпы бiлiм беретiн мектептiң оқу бағдарламасы / 1-4 сыныптар/. – А.: 1997


Зайтуна Есмаганбетова

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.