NIS

«Қытайдың үздік студенті» атанған Жаннұр Ниязбековамен cұхбат

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары, оқушылары мен ата-аналары «Даналық бейсенбісі» жобасы аясында «Қытайдың үздік шетелдік студенті» мәртебесін алған алғашқы қазақстандық студент Ниязбекова Жаннұр Нұрділдақызымен жүздесті.

Жаннұр Ниязбекова — Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті, «Профилактикалық ветеринарлық медицина» мамандығының 4-курс PhD докторанты, 2020 жылдың желтоқсан айында Университет Президентінің стипендиясына, 2021 жылы наурыз айында «Қытайдың үздік студенті» мәртебесіне ие болған қазақ қызы.

Сұхбат барысында Жаннұр Ниязбекова өз мамандығының қыр-сыры, Қытайдағы білім беру жүйесінің ерекшеліктері, оқуға түсу жолдары, жаһандық пандемияның әсері туралы әңгімелеп берді. Кездесу кезінде «Үздік студенттің» өмірі, мансабы жайлы таныстырылып, көрермендер тарапынан сұрақтар қойылды.

  • 2017 жылы Қытай Халық Республикасындағы Шэньси провинциясының Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің грантын ұтып алдым. Қытай жоғары оқу орнына түсу үшін қытай тілін білу міндетті емес. Алғашқы жылы бізге қытай тілін таңнан кешке дейін белгілі жүйесімен оқытты. Бір жылда қытай тілін меңгеріп, қазіргі таңда университетте түрлі ғылыми іс-шараларға қатысып жүрмін. Оқуға келген жылдары пәкістандық студенттің «Үздік студент» жүлдесін алып жатқанын көрдім. Зерттей келе, бұрын-соңды ешқандай қазақстандық студенттің бұндай мәртебеге ие болмағанын білдім. Сол сәтте «Екі жылдан кейін осы жүлдені мен де аламын және оны бүкіл қазақ елі болып тойлаймыз» деген мақсат пайда болды. Байқау талаптарына сәйкес жоғары рейтінгтік көрсеткіші бар басылымдарда мақала жариялау керек болды. Бір жарым жылдық зерттеу жұмыстарым жемісті болып, ғылыми мақалам сәтті жарияланды. Сондай-ақ, қытай тілін білу деңгейін көрсететін HSK-4 сертификаты болуға тиіс. Одан бөлек, университетішілік және халықаралық іс-шараларға, конференцияларға белсенді қатысып, Қытайдағы өмірің жайлы мақала жарық көру керек болатын. Сонымен қатар, кедейлікпен күресу және ауылдарды жандандыру мақсатындағы университеттік жобада белсенді атандым. Аталмыш іс-шараның жетістікке жетуіме үлкен септігін тигізді. Осылайша кандидатурам барлық талаптарға сай келіп, көздеген мақсатыма қол жеткіздім, — дейді Жаннұр Ниязбекова.

Аспан асты елі студенттерінің өзіне бұйыра бермейтін бұл мәртебеге Жаннұр Ниязбекова ізденімпаз, қиындыққа қаймықпайтын, еңбекқор және намысшыл мінезінің арқасында қол жеткізді. Қытайдың «Ең үздік шетелдік студентінің» айтуынша, ол «Жоқ, болмайды, қайдан білейін» сөздерін қолданбайды екен. «Өміріңді гүлдендіру де, өшіру де өз қолыңда» дегенді өмірлік қағида етіп алған Жаннұр Ниязбековамен өткен кездесу барлық көрермендердің көңілінен шығып, оң пікірлерге ие болды.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.