Жаңа сабақтар

ТӘУЕЛСІЗДІК — КИЕЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ

Алджамбаев Даурен Рахимджанович
Тарих пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы Жетісу ауданы «№ 193 ЖББМ» КММ

Қазақстанның бүгінгі жетістіктері – барша отандастарымыздың ортақ еңбегінің жемісі. «Азаттық – елдің мұраты, абырой – ердің мұраты» дейді халқымыз.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді.

Тәуелсіздік – ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам.

Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз.

Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт.

Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – жаңа дәуірдегі Қазақстанның негізін қалаған ұлы қайраткер.

Оның есімі жасампаздық жылнамасына Қазақ мемлекетінің авторы ретінде жазылды.

Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам бастық.

Бұл тәуелсіз елдің жылнамаларының биігінен қарағанда ештеңе емес. Дегенмен, бұл 30 жыл – егемен елдің іргетасындай, телегей-теңіз дарияның бастауындай, замана көшінің атан қомдаған алғашқы адымындай ұмытылмас, қайталанбас 30 жыл.

Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды.

Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті.

Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды.

Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр.

Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек. Халқымыз заман ағымына ілесе білуге тиіс.

Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады.

Біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет.

Бұл – Ұлы Абай айтқандай, «толық адамның» айқын көрінісі.

Оған қоса, әркімнің жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керек.

Сонда ғана мемлекетшілдік идеясы басты құндылыққа айналады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті
50 елдің қатарына кіру стратегиясы» Қазақстан халқына жолддауында
«Бізге экономикалық және қоғамдық жаңарту қажеттілігіне сай қазіргі заманғы білім жүйесі қажет» дегені мәлім.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басым міндеттері ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны — Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу, отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу атап көрсетілген.

Егемендi елiмiздiң болашағы жас жеткiншектердiң бiлiм дәрежесiнiң тереңдiгiмен өлшенедi. Қазiргi заманғы бiлiм беру әлеументтiк құрылымының маңызды элементтерiнiң бiрiне айналды.

Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясының ұғымын, оның мазмұнын, мәңгілік мұраттарға қол жеткізудің құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасқан шағын көзбен көріп, сол қалыптасқан елде егемен тірлік кешіп отырған біздің буын — нағыз бақытты ұрпақ. Біздің толқынның маңдайына Тәуелсіз елдің азаматы болу жазылыпты. Әлбетте, бұл — үлкен бақыт қана емес, зор жауапкершілік.

Елбасы халықтың басты игілігі — Мәңгілік Ел екенін, он төрт мың шақырымнан астам талас тудырмайтын шекарамыз біздің Отанымызды біртұтас монолитке шегендегенін айтады. Иә, түптеп келгенде, Тәуелсіздік арқасында талай асуды асқан, төрткүл әлем елдерімен терезесін тең еткен Қазақстанның діттегені — Мәңгілік Ел болу.

Осындай ұлы мұраттарға ұмтылған жұрттың бірлігі бекем болса, тәуелсіздігі де тұғырлы болатыны анық.

Түйіндей айтсақ, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ.

Тәуелсіз елдің болашағы оқушыларға бiлiмнiң қыры мен сырын жетiк таныту, қабiлеттерiн шыңдау адамгершiлiк қасиеттерiн дарытып Қазақстан Республикасының азаматы деген атаққа лайық болатындай етiп тәрбиелеу — бiздiң мiндетiмiз болмақ. Сондықтан да бастауыш мектептен бастап оқушының жан-жақты дамуына басты назар аударылуы керек.

XXI ғасырдағы білім беруді дамыту стратегиясы ашық ақпараттық білімдік кеңістіктегі ұшқыр ақпарқатынастықтың өзара әрекеттестігінің негізінде, «ғұмыр бойы оқып үйрену» қағидасы болуы тиіс мектеп бітірушілерді дайындауға бағытталған. Заңды объективтік процесс ретінде бүгінгі таңда мектеп қабырғаларында оларды дайындаудың тұғыры оқытудың жаңа ақпарқатынастық парадигмасы болып саналады.

Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі.

Оқушылардың отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру маңыздылығы айрықша.

Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің
бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру.

Рухани-адамгершілік тәрбиесі қоғамның барлық сатысында зерттеу нысаны болып отырғаны баршаға белгілі. Рухани-адамгершілік құндылықтар мәні, тәрбиелік маңызы туралы қазақ ғұламаларының, қоғам қайраткерлері мен ағартушы-педагогтарының ой-пікірлері мен көзқарастары бар. Бүгінгі таңда сұраныс қоғамдағы ізгілікке, руханилыққа бет бұрғызып, оқу-тәрбие жұмысын рухани-адамгершілік тәрбие негізінде ұйымдастырып, жоғары сынып оқушыларының рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру қажеттілігін айқындап отыр.

Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Рухани тәрбие – өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды.

Оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу кезек күттірмес мәселе. Негізгі міндет – балалардың жақсы әдет, мінез-құлқын қалыптастыру. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани-адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» – деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туғанынан басталуы керек.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.

Осы мақсатта мектептегі балаларды адамгершілік сана-сезімін оятып, жағымды мінез-құлқын қалыптастыруда «Мен Отанымды сүйемін», «Сабырлық пен ұстамдылық», «Ойнайық та, ойлайық!» ойын-сабақтары өткізіледі. Мұның бәрі адамгершілікке бағытталған іс-шаралар.

Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Қазақстан республикасы президентініңресми сайты. / https://www.akorda.kz/kz/
  • ҚР Бiлiм және ғылым министрлігі сайты: https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/activities/3317?lang=kk
  • Қазақстан және ТМД елдеріндегі білім беруді ақпараттандырудың IV Халықаралық форумының ғылыми мақалалар жинағы.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.