Жаңа сабақтар

Жұмабаева Сандуғаш Шетпебайқызы

Таушық ауылы. «Гауһар жекеменшік балабақшасы»
Тәрбиеші: Жұмабаева Сандуғаш Шетпебайқызы

Әбу Нәсір әл-Фараби 175 жыл
Мазмұны
Кіріспе
Әбу Нәсір әл-Фарабидің өмірінен қысқаша мәлімет

“Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары” трактаты

Негізгі бөлім

“Қайырымды қала”: саяси философиялық негізі

Шығыс пен батысқа ықпалы

Игілік пен кемелділік

Рухани билікті ізгілікті билікпен ұштастыру

Әбу Нәсір әл-Фараби шығармасының тәрбиелік мәні

Қорытынды

Әбу Нәсір әл-Фараби шығармасының тарихта алатын орны

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Пікір

Құрметті әдебиет сүйер қауым!

Бұл зерделеу жобаны 2019-2020 жылының жұмыс жоспарына сәйкес Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150-жылдығына орай «Гауһар» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Жұмабаева Сандуғаш Шетпебайқызы зерделеу жоба жұмысын бастады. Бұл тәрбиешіміз салмақты, сабырлы, ізденімпаз, талапшыл, үздік тәрбиеші деп білемін. Жұмабаева Сандуғаш Шетпебайқызы бұл жобаны жазу барысында қызығушылық танытып, ұлы ойшыл шығармаларын толық оқып, танысып, тіл мамандарымен ақылдасып, зерделеу жұмысын жүргізді. Ұлы ойшыл шығармалары бойынша көп іздену жұмыстарын алып барды . Жазу барысында жан-жақты дайындық үстінде болды. Ғаламтор желісіне сүйенбей, Әбу Нәсір әл-Фараби туралы сатылымдағы кітаптарды алып, мектептегі кітапханаларға барып бірнеше мәліметтер әкеліп, одан түйінді ой жинай білді. Зерделеу жобасы мен шығармашылық жұмысы мекеменің әдіскері ретінде өте жақсы деп бағалаймын.

Пікір білдіруші: «»Гауһар жекеменшік балабақшасының әдіскері: Шекербаева Бибігүл

Зерделеу жұмысының мақсаты:

Әбу Нәсір әл-Фараби шығармашылығын насихаттау, ұлы ойшылдың рухани мұрасынан сусындау, сөздік қорымызды байыту, бай сөз қорынан үлгі алу, ұлттық құндылығымызды дәріптеу, өмір қажеттілігімізге жарату .

Кіріспе

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.

Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Бағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз деректерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.

Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Бірінші бөлім ізгілікті діндегі Алла деп тануға тиіс нәрсе туралы: ол қандай болмыс, оның жауһары не, оны қандай сипаттармен сипаттау керек, одан болмыстар қалай пайда болды, ол қай жағынан олардың бар болуының себебі, оны қандай есімдермен атау керек және ол есімдердің қайсыларымен оған жалбарыну керектігі туралы.

Бұл бөлімде ең алдымен, ол Нәрсенің болмыстағы мәртебесі қандай мәртебе екен­дігі, Оның бүкіл болмыстардың ал­ғаш­қы жасаушысы, сосын шегі, сосын фор­­масы болғандықтан олардың алғашқы себебі екендігі, Оның кемшілік атаулыдан ада, оларға қатысы жоқтығы, Оның бол­мысынан абзал, кемел, қадым бір бол­мыс­­тың болуы мүмкін емес екендігі анық­­талады. Сол себепті де, асылында, Оның жауһары мен бол­мысында жоқтық мүл­дем болмайды және ол потенциалды бол­­мыс та емес әрі қандай жағдайда да, бар болмауы мүмкін емес, керісінше Ол Ең Соңғы Кемел.

Содан кейін, Оның бар болуы үшін ол бағынышты болатын немесе оған қажет болатын себептің қандай жағдайда да, мүлдем болмайтындығы, Ол жауһарымен Әзәли (ежелгі), болуы үшін бақилығын ұзартатын ешнәрсеге мұқтаж болмайтындығы, керісінше, жауһа­рының өзі осыған жеткілікті екендігі.

Бұдан соң Оның болмысына ұқсас болмыстың болуы мүлдем мүмкін бол­май­тындығы әрі Өзінен басқа бір нәрсе үшін бар болуы да мүмкін емес екендігі, Оның болмыс мәртебесіне тең келе­тін және қарама-қайшы бола алатын нәр­се­нің ешқашан болмайтыны туралы. Содан кейін Ол басқа нәрсе мүлдем ара­ласа алмайтын болмыста Жалғыз бол­ға­ны үшін Бір екендігі, Өзінің болмыс дәрежесінде Жалғыз екендігі, Оған не по­тенция, не әрекет араласпайтын және қан­дай жағдайда да, бөлінбейтін бол­мыс әрі жауһар екендігі, Өзінен басқа нәр­селерден Оның Өзі болып табылатын бірлік арқылы ажыратып тұрған болмысы Өзінің бірлігі болатын Өзіне ғана тән болмысы екендігі және Ол бір болу мағынасының осы жақтарымен Бір болатыны жөнінде.

Бұдан кейінгі сөз Оның жауһарының не екендігі, Ол ғалым деген не мағына екені, Ол хәкім деген не мағына екені, Ол тірі деген не мағына екені, Ол мәні тұрғысынан кең өйткені Ол ең абзал ақыл әрі ілім иесі және оның шебері екені туралы болады. Әрі қарай Оның болмысы мен жауһары болып табылатын мағынасын түсінуіміздегі кемшіліктің себебі беріледі. Ол мәні тұрғысынан кең, себебі Ол білінуші әрі танылушы бола тұра Оны елестету мен қиялдау (қабылдау) біз үшін қалай қиын болатыны жайында. Содан кейін, Оның асқақтығы, ұлылығы әрі даңқтылығының мағынасы не және қалай болатындығы, Оның сұлулығы мен әсемдігі қандай мағынада, Ол сүйілген және ғашық болынғандығын және ләззатын қалай сезінетіні туралы.

Бұдан кейін өзінен басқа болмыстар­дың Одан қалай шыққандығы және қандай жағдайда да, Ол бұл бол­мыстардың кемшіліктен ада, оған мүл­де қатысы жоқ жасаушысы болуы үшін қай жағынан оған сенілуі тиіс екендігі, болмыстардың Одан қалай пайда болғандығы және болмыстағы мәртебелеріне қарай қа­лай реттелгендігі, бір-бірімен қалай байла­нысатындығы, не нәрсе арқылы бай­ла­нысып, бірігетіндігі сөз болады.

Әрі қарайғы сөз осы болмыс аталуы тиіс (болмысқа берілген) есімдердің қан­дай нәрсе болуы керек екендігі туралы. Және аталған есімдердің көптігіне қарай сол болмыстың бар болуы да көп деген тү­сінік болмау үшін ол есімдерге қалай дәлелдер келтіру керек екендігі және болмыстарда болатын кемшілік осы болмыста да бар деген қате түсінікке кел­меу үшін ол есімдердің әрқайсысына қандай дәлел жасалу керек екендігі жайында. Осы болмыс аталып тұрған бұл есім­дер шын мәнінде, біздегі әрбірінде кем­шіліктен бір нәрсе болатын Одан басқа көптеген болмыстардың есімдері мен мағыналары. Сондықтан бұл есім­дердің барлығын біз шын мәнінде, кем­шілігі бар болмыстарды білдіруде қол­данып әдеттенгенбіз әрі ол есімдер ту­ралы біздің түсініктегі әдет бойынша олар арқылы Онда да нұқсан бар деп тү­сінуден әрі елестетуден аулақ бола ал­маймыз немесе біз де көп деп түсінуге әдеттенген ол есімдердің көптігі мен көп мағыналылығы Ол болмыста да көп болып елестейді. Көптік болмыстың кемшілігі болып табылады. Сол себептен де, Онда асылында кемшілік бар деген қате түсінікке келмеу үшін осы есімдерге қалай анықтама берілуі тиіс екендігін білуге мұқтажбыз

Содан кейін осы жағдайда еске алынуы тиіс болған нәрсе болмыстардың материясы болғандықтан және қандай жағдайда да, материя болатын нәрсе болғандықтан Оны ол болмыстардың себебі жасаудың мүмкін еместігі және оларға материя болғанда қай жа­ғынан Оған кемшілік ілесетіні, Оған мүл­дем кемшілік ілеспеу үшін Ол қай жағынан болмыстардың шегі жа­са­лынуы керектігі, сондай-ақ, мүлдем кем­шіліктен ада болуы үшін қай жағынан ол болмыстардың формасы жасалатыны анықталуы керек еді. Дегенмен, бұған қосымшаларда (зиәдатта) қайта ораламыз.

Екінші бөлім ізгілікті дінде рухани жандар мен періштелер деп білуге ләзім болған болмыстардың қандай бол­мыстар екендігі, олардың жауһарлары не, ол болмыстардың әрқайсысының екіншісінен не нәрсемен мәртебелі бола­тындығы, әрбірінің Бірінші Болмыс­тан иеленген мәртебесі не екендігі және ол болмыстардың бір-бірлерінен мәр­тебелері не екендігі, олардың әр­қайсысының кемелділігі немен өлше­нетіндігі еске алынады. Және олардың әрқайсысының иелігіне билік етуге не берілетіндігі, әрқайсысының басшылығы не болатындығы жөнінде.

Содан кейін аспан денелерінің жау­һарлары жөнінде және Бірінші Бол­мыс пен періштелер оларға қалай иелік ететіндігі, қайсы аспан денесінің әмірі қандай періштеге жүретіндігі және қан­дай періште қай аспан денесін бас­қа­ра­тын­дығы, әрбір аспан денесінен қанша нәрсеге билік ететіндігі туралы олар (бол­мыстар) үшін суреттелуі тиіс нәрсе беріледі.

Содан кейін аспан денелері қамтитын табиғи денелердің яғни материалды денелердің жауһарлары жөнінде олар үшін суреттелуі тиіс нәрсе туралы.

Үшінші бөлім аспан денелері мен олардың билігіндегі аспан асты яғни материалдық денелердегі басшылық жөнінде, олардың (аспан денелері) қай жағынан олардың (материалдық денелер) бар болуының себебі екені, Алла тағала табиғи денелердегі нәр­селерді аспан денелері арқылы қалай басқаратындығы, әрбір аспан мен әрбір ғаламшарды басқарған не нәрсе екендігі жөнінде олар үшін суреттелуі тиіс нәрсе, сондай-ақ, мәшһүр ғаламшарларды суреттеуде олар үшін суреттелуі тиіс не нәрсе екендігі еске алынады.

Алла тағала бір өзі материалдық денелерді жеке-жеке ғаламшар арқылы қалай бас­қаратындығы және Оның билігі ма­териалдық денелердің барлығына бірге немесе кейбіреуіне қалай жүретіндігі, материалдық денелердің аспан денелері­мен қалай ретке келтірілетіндігі, оларда әділеттілік қалай болады және болып жат­қан нәрсенің бәрі әділетсіздік ара­лас­­пайтын әділ әрі кемшіліктен ада кемел екені, Алла тағала уә Жәлләның иелігі (билігі) мен рақымы ең биік аспан дене­лерінен жер кіндігіне және оның айна­ласындағы нәрселерге дейін қалай өтетіндігі, материалдық денелердің мәртебелері не екендігі және олардың қалай байланысатындығы, басқаруда қа­лай қадым болатындығы, бір-біріне қа­лай иелік ететіндігі әрі барлығы қалай рет­ке келтірілетіндігі еске алынады. Олар­­дың (материалдық денелер) қайсы­сы дәл қазір өзінде бар және одан өзге еш­теңе болуы мүмкін емес табиғи қа­сиет (жаратылыс) болуы қажетті әрі лә­зім екендігі және дәл қазір ол иеленіп отыр­ған нәрсеге ие болмаса ол кемел бола ал­майтындығы және ол үшін одан өзге еш­қандай болмыстың болуы мүлдем мүмкін еместігі, адам дәл қазір өзіндегі кем­шілігі бар, адасқан, бейболмысынан өзге және Алла тағаланың әрекеті болуы мүмкін емес әрі Оған лайық болу мүмкіншілігі жоқ нәрсе болатын қандай болмысты олар үшін елестететіндігі еске алынады.

Төртінші бөлімде адам еске алынады.

Алдымен онда (адамда) табиғи болып табылатын нәрселердің жік­темесі беріледі, адамның жаны (нәпсі), жан қуаттарының саны, олардың әр­қайсысының әрекеті не екендігі және бірі-бірлерінен мәртебелері не болатындығы осыған жатады.

Содан кейін оның барлық дене мү­шелері мен олардың мәртебелерінің жіктемесі келеді, жан қуаттарының қай­сысы қай мүшеде екендігі, қайсы қуаттардың басқарушы қуат екендігі әрі олардың басқарудағы мәртебелері не екендігі, олардың қайсысы қызмет ат­қарушы екендігі және қызметтегі мәр­тебелері не болатындығы, адамның адам­­нан қалай пайда болатындығы, ер деген не, әйел деген не, ол екеуінің әр­қай­сысының бір-бірінен мәртебесі және әрқайсысының қуаттары не екендігі, ол екеуінен бала қалай туылатындығы, ер­кектің баладағы үлесі, сондай-ақ әйел­дің баладағы үлесі қандай болмақ екен­дігі, ең алдымен қайсы мүше, сосын қай мүше пайда болатындығы, адам­да ақылдың (зерде) қалай пайда бо­лат­ындығы, әрекетшіл ақылдың ес айма­ғына (ойлау бөлімі) қалай ықпал ете­тіні, алғашқы ақылмен пайымдалатын мәндердің қанша түрі болатындығы, адамда өз қалауынсыз алғашқы ақылмен пайымдалатын мәндердің әрекетшіл ақылдан қалай пайда болғандығы жө­нінде.

Содан кейін, қалаудың мағынасы не екендігі, таңдаудың мағынасының не екендігі, ол екеуінің арасындағы парық не, адам болмысы тән болатын түпкілікті бақыт деген не, бақыт жолынан тайғанда адам баласына келетін азап жайында, шын мәнінде, адам ол екеуіне өз қалауы және өз таң­дауы арқылы келетіндігі және қалай келетіндігі, көркем, ізгілікті іс-әрекеттер дегеннің мағынасы не, жаман қылықтар мен ерсі әрекеттер дегеннің мағынасы не екендігі жөнінде.

Содан кейін, түс көру мен елестетудің түрлері еске алындады, олардың жан бөлімдерінің қай бөліміне жататындығы, шынайы елестету деген не және жан қуаттарынан қай қуатты алатындығы, шынайылығы қалай дәлелденетіндігі, қалай және қай жағынан дәлелденетіндігі, елестету сөзіне апаратын әдіс не, алда болатыннан ескертетін және айтқандары тура келетін қауымның қалай пайда болатындығы жөнінде.

Содан кейін, уахи (аян) қалай болатыны, өзіне уахи келген адамның оны қандай қуатпен қабылдайтыны және Алла тағала қай періште арқылы өзіне уахи берілуі тиіс адамға уахи ететіндігі жөнінде.

Бесінші бөлімде адамның өз қалауы арқылы бар болған нәрселер туралы; адам қоғамдарына қажеттілік осыған жатады.

Содан кейін, адам баласы ұмтылған (алдына қойған) мақсаттарына жетуде бір-біріне көмекке келуіне жол ашатын қоғам түрлері еске алынады, ол қоғам­дар­дың қайсысы үлкен, қайсысы кіші және орташасы қайсы екендігі. Аза­маттық қоғам деген не және оның басқа қоғам түрлерінен айырмашылығы қан­дай, ізгілікті қала деген не, бұл қала қандай үйлесімділіктен құралған және бөлімдерінің саны қанша, бөлімдерінің бөлімдерінен мәртебелері не болмақ, оның басқару әдістері не, ол қалай реттеледі, қалай бір-бірімен байланысты әрі жүйелі болады. Ол қаланың патшасы мен бірінші басшысы қандай болу керек, қала патшасы лауазымына лайықты болуы үшін оның қанша шарты болуы керек, ізгілікті қаланың патшасы лауазы­мына ұсынылуы үшін туғанынан, сәби кезінен және жастық шағынан қандай белгілері (нышандары) мен шарттары болуы тиіс екендігі, ізгілікті патша кәсі­бін иеленуге оны тәрбиелейтін әдеттер мен өнерлердің не екендігі. Бұл қаланың бірінші басшысы ұстанатын басшылық түр­лерінің қандай болу керек екендігі туралы.

Содан кейін, ізгілікті қалаға қарама-қарсы қалалардағы қоғам түрлері келе­ді, олардың надан қалалар, адасқан қа­лалар, пасық (бұзылған) қалалар екен­дігі, олардың патшалары туралы, ол патшалардың қандай екендігі және әрқай­сысының басшылығы қандай болмақ және ол басшылығы неден тұратындығы, бөлімдерінің әрқайсысы бір-бірлерімен қалай байланысатыны, шамамен не нәрсеге ұмтылатындары, қандай мақсатқа жету үшін бір-біріне көмекке келетіндігі жөнінде.

Содан кейін, ізгілікті қала тұр­ғын­дары­ның жандары ақыретте (өлгеннен кейін) жететін бақыттың түрлері еске алынады. Ізгілікті қалаға қарама-қарсы қала [лар] тұрғындарының жандары ақыретте тап болатын азаптың түрлері және қала тұрғындарының қайсысы апат құшатыны еске алынады.

Содан кейін, ізгілікті қала тұрғын­дарының жоғарыда айтылған бақытқа жетуі үшін және аталған азаптан арылуы үшін бірлесе отырып әрқашан қолдануы тиіс немесе сонымен жұмыс жасауы тиіс болатын нәрселердің түрлері және өздеріне тиесілі бір қала болмаған жағ­дайда ізгі қаланың тұрғындары екен­діктерін ерекшелеп тұратын әрі өз қалаларына қарама-қарсы қалаларда өздері жат (бөгде) көрінетін белгілері еске алынады.

Содан кейін, ізгі қала тұрғындарын ақиқаттың өзін емес, оның мысалдары болып табылатын нәрселерде түрлі болуға мәжбүрлейтін себеп еске алына­ды, ол айырмашылық бірдей, ұқсас нәрсеге бағыттайтыны және олардың (нәрселердің) арасында қайшылық пен дұшпандық емес, керісінше ымыра бар екендігі әрі олардың (тұрғындардың) айырмашылығы өнер иелерінің өз өнерлеріндегі айырмашылық мысалына жақын нәрселер екендігі еске алынады.

Бұдан кейін, ізгі қалаларда жасап жат­қан­ адамдар мен олардың салғырттығы бұл қалалардың жойылуына себеп бола­тындығы, ол адамдардың түрлері қанша екен­дігі, әрқайсысы бір-бірімен не ар­қылы байланыс жасауы керектігі еске алы­нады.

Алтыншы бөлім надан көзқарастар мен қоғамдар, надан қалалар және на­дан бас­­­шылықтардың түрлері келіп шы­­ға­тын (тарайтын) бұзылған негіздер ес­ке алынады. Содан кейін, адасқан көз­қарас­тар мен қоғамдар, адасқан қалалар мен адасқан басшылықтардың түрлерін қа­лыптастыратын бұзылған негіздер еске алынады.

Оның біріншісі табиғи болмыстардағы бұзылған негіз. Содан соң, бұзылған негізге негізделген болмыстардағы олар үшін көзқарас бастамасы болып кө­рінген нәрселер. Содан кейін, бұзылған негізден туындаған табиғи және қалаулы болмыстар мен оларға олардан көрінген нәрселер арқылы оларда пайда болған әртүрлі ойлар жөнінде. Алдымен, на­дан көзқарастарды қалыптастыратын ойлар еске алынады. Содан кейін, надан көзқарастардың бірінен кейін бірінің жіктемесі беріледі және олардың әрбірінен надан қоғамдар мен надан қалалар, надан басшылықтар мен надан діндер қалай пайда болатыны келеді. Егер адам надан діндердің бірінің негізін білсе ол діндегі әрбір қарама-қайшы, үйлесімсіз нәрсе оған жеңіл болады әрі оның негіздерін түгелімен қабылдайды.

Сосын, бұдан кейін, адасқан бас­шылар мен саясаткерлер ұстанған дін­дер келіп шығатын адасқан пікірлерді тудырған ойлар еске алынады.

Осы жерде, бүгінде ұлыстарда кезде­се­тін надан және адасқан діндерден алын­ған мысалдар еске алынуы керек еді, де­генмен, оған қосымшалардақайта оралуды жөн көрдік. Сосын, бұдан кейін, адасқан діндерді адамдарды адасу­ға ұластыратын сенімнің негізі етіп, оны­мен заң шығарғандардың барлығы қол­данатын көптеген заттың көпшілік көрнеу жағдайларда өзінен тарайтыны туралы қиялданған жандардың ізімен жү­ретін басқа бір негізге ауысамыз. Бұл адасқан діндердегі көзқарастар мен ша­ри­ғаттардан ұстануға, ден қоюға және одан ажырамауға тиіс әрі өзі қолданған сол заттарға тиесілі болған жағдай. Осы не­гізді қорытындылауда оның қарама-қар­сы түрінің тұрпайы екенін еске аламыз.

Әл Фараби: «Тұрғындары бір-біріне мейірімді, қайырлы, қамқор, еңбекқор, ең бастысы, өздерінің туған қаласын ерекше сүйетін қауымды – Қайырымды қаланың тұрғындары», — дейді ғой. Кейіндері көшпенділікке бет бұрған қазақ халқына берекелі мекен, құтты қоныс болған ұлы далада орта ғасырларда қала мәдениеті кеңінен дамыды.

Ғылым-білімі мен мәдениеті қарыштаған Отырар қаласынан шыққан әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын жазу барысында шығыстың жүздеген көне шаһарларын аралап, көрді. Көне Шам мен дәуірі дүрілдеген Бағдатқа да барады. Сол сапарлар мен көрген-түйгеннің нәтижесінде, «Қайырымды қала тұрғындары» атты теңдессіз еңбек дүниеге келді.

Ғұламаның «Қайырымды қала тұрғын­дарының көзқарастары туралы трактат» (арабша Китаб ‘ара’ ‘ахл ал-мадйна ал-фадила) Фарабидің негізгі еңбектерінің бірі, ол 948 жылы Мысырда жазылып аяқталды. 942 жылғы мәтіннің бірінші үлгісі «Китаб ас-сийаса ал-маданиййа» жеке шығарма ретінде танымал болды. Трактатта ол Платонның ойлары әсерінен қоғамның дұрыс құрылымы, дұрыс заңдар және тұрғындардың дұрыс көзқарастарымен байланыстыра отырып, қайырымдыны саяси аспектіде зерттейді. Мұндай мінсіз қоғам «қайырымды қала» (мадина фадила) болып табылады.
Әл-Фарабидің қайырымды және қайырымсыз қалалар туралы ілімі түп тамырымен Платон және Аристотельдің мінсіз мемлекет және мемлекет түрлері туралы ілімінен бастау алады. Платон өзінің «Мемлекет» деген шығармасында мінсіз қаланың құрылымы туралы ойын білдірген. Оның «мінсіз қаласы» – сол кезде өмір сүрген мемлекеттерді сынға алу негізінде құрылған утопия. Алайда ол нақты болған мемлекеттермен белгілі бір байланысы болды, нақты мемлекеттердің сипаттары және белгілерін көрсетті. Платонның ойынша, мінсіз мемлекеттің негізгі қағидасы «әділдік» болды. Әл-Фараби адам іскерлігінің мақсаты – тек дұрыс танудың көмегі арқылы қол жеткізуге болатын бақыт деп есептейді. Ойшыл қоғамды мемлекетпен теңестірді. Қоғам – адамдық мүше. Қайырымды қала тірі ағзаның өмірін сақтау үшін барлық мүшелері бір-біріне көмектесетін сау тән тәріздес. Әл-Фараби Платон және Аристотель­ сияқты қалалардың классификациясын көрсеткен.

Ол мінсіз қаланы «адамның шынайы болып табылуымен байланысты, оның өмір сүруі, тамаша заттарға қол жеткізуде адамдар бір-біріне көмектесетін қала» деп сипаттаған қаланың атауы «қайырымды қала». Өз уақытының барлық бірегей ойлары секілді, Фарабидің саяси тұжырымдамалары исламдық ­ха­ли­фаттың шынайы бейнелеріне бағыт­талған араб мәдениетінің теориялық қағи­даларына ұқсамады. Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы­ трак­татында ол «қайырымды қалаға» былайша сипаттама берген: «Адамдардың бірлесуінің мақсаты шынайы бақытқа жету істерінде өзара көмек көрсететін қала, қайырымды қала болып табылады және бақытқа жету мақсатында адамдар бір-біріне көмек көрсететін қоғам, қайырымды қоғам болып табылады. ­Әл-Фараби қайырымды қаланы «барлық органдары өмір сүруін сақтап қалу және оны толық ету үшін көмектесетін» дені сау ағзамен теңестіреді. Платонның және Аристотельдің мінсіз мемлекеттеріне қарағанда әл-Фарабидің қайырымды қаласында қауымдар көп. Қайырымды қаланың бес бөлігі бар: аса лайықты тұлғалар – ораторлар, есепшілер, батырлар және байлар. Фараби бұл туралы былай дейді: «Әр адам өзінің табиғаты бойынша былай орналасқан, адам өзінің өмір сүруі және жоғары дамуға қол жеткізу үшін және жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын көптеген заттарға және оның мұқтаждығын ескере отырып, қандай да бір затты бере алатын адамдар тобынан кейбір заттарға қажетсінеді».А.Х.Қасымжанов «Әл-Фараби» атты кітабында қайырымды қаланың жоғарыда аталған қауымдарын көрсетіп, «аса лайық­­­тылар» дегенді «феодалды төбе» деп түсін­дірген. Алайда әл-Фараби «Аса лайықты­ларға даналар, ақылы бар адамдар және маңызды істерде беделге ие адамдар ­жатады» деп жазған. Антикалық Грекияда және ортағасырлық Шығыста даналар деп негі­зінен философтарды атаған. Яғни әл-Фараби үшін ең лайықты қауымдағы орынға философтар ие болды деп болжам жасаған.
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаты» ойшыл дүниетанымының мазмұнды арналарының бірі. Трактатта ізгілікті қоғам болмысының негізгі тетіктері мен қажетті шарттары туралы жан-жақты талданып, зерделенеді. Мәселен, адамның табиғатынан көмекті қажетсініп, қоғам құруға бейілді екенін және адам қоғамының түрлері көптігін айтады. Себебі әрбір адамның тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандай да болмасын қауым керек. Фарабидің пікірінше, «қайырымды қала» идеал ­болып табылады. Бұл қайырымды билеуші басқарған феодалдық қала. Оған өзінің мақсатына сәйкес әрекет ететін басқарушы шенеу­ніктер мен сол шенеуніктердің мақса­тын жүзеге асыратын келесі рангілі шенеуніктер көмектеседі.

Әл-Фарабидің «Қайырымды қала­сында» теңсіздік орын алады. Тек рухани ғана емес, дәулет теңсіздігі де, себебі «Қайы­рымды қала» тек өзінің қажет­тілігімен шектелген еңбек етушілер тұратын «қажеттілік қаласыз» мүмкін емес. Олар қажетін өзара көмек арқылы табады және төзімділік пен көну арқылы аман-саулыққа қол жеткізеді. Жалпы адам қоғамдастығын философ екі түрге бөліп көрсетеді: толық және толық емес. Толық қоғамдастықтың өзін үш түрге бөлген: үлкен, орташа, кіші. Үлкен қоғамдастық деп ол бүкіл жерді мекендеуші барлық адамдардың жалпы қоғамдастығын көрсетеді. Ал орташа қоғамдастық дегеніміз білгілі бір халық ретіндегі қоғам дейді, кіші қоғамдастық ол белгілі бір қала ретінде көрсетілген. Толық емес қоғамдастыққа келер болсақ, әл-Фараби оларды төртке бөліп қарастырған. Олар: квартал, көше, үй және ауыл. Соңғысы қала құрамында көрмегенімен ол қалаға қызмет көрсетуші толық емес қоғам ­болып табылады. Жоғары деңгейдегі дамуы мен игілікке адам ең бірінші ретте ең кіші дегенде қалада ғана қол жеткізе алады деп көрсеткен. Кез келген нәрсеге шын көңіл білдіріп, шынайы таңдау жасап талаптанып жетуге болатындықтан, кез келген қалада бақытқа қол жеткізуге болады дейді. Әрбір тұрғыны бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесетін қайырымды қала деп түсіндіріледі. Сол сияқты қайырымды қала, қайырымды тұрғындар (халық) ­болады дейді. Әл-Фараби өз трактатында: «Адам толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерден тәуелді болады. Себебі ол барлық өзіне қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды, әрі қол жеткізе ­алмайды» дейді. Сондықтан адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады дейді. Бірақ ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып ­табылады. Осылайша, қоғамдастықтың әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып береді дейді. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы толық мәнге ие бола алмайды және қоғамның да түрлері көп. Ойшыл толық мәнді қоғамды үшке бөледі: ұлы, орташа, шағын және оларды барша адамзат баласының қоғамдарының тұтас жиынтығы дейді.

Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек.
Бақыт – әл-Фараби этикасының орталық санаты – дербес болып саналмайды. Қайырымды қалада бақыт адамдар, мейірімділік, әділдік және әдемілік арқылы жүзеге асырылады. Жұмыстарда өзара көмектесу мақсаты үшін біріккен шынайы бақытқа ие адамдардың бірлескен қаласы қайырымды қала және адамдар бір-біріне бақытқа жету үшін көмектесетін қоғам өз алдына қайырымды қоғам болып табылады.
Қала болмысы – адамның кемелденген денесі мен оның мүшелері секілді. Дене мүшелері тіршілік ету мақсатында бір-біріне көмектесіп отырады және өздерінің қабілеттері мен жаратылыстарына қарай бөлінеді. Дәл сол секілді қала бірлестіктері де қабілеттеріне байланысты бөлінеді. Данышпан ізгілікті қоғамды қалай ­билеу керек, оның бөлшектері туралы, әділ билеудің әдістері мен билеушінің қабілеті, белгісі, негізгі шарттары жайлы­ пайымдайды. Қала басшылары қала бірлестігінің мүшелері болуы үшін тек табиғи қасиеттерімен ғана емес, өнер секіл­ді қасиеттерімен де мүшелікке енеді. Ал қала бірлестігінің басшысы бо­йын­дағы қасиеттерімен өзгелерден кемелді болғандықтан жоғары тұрады және мәртебелі. Ол қаланы тәртіпке кел­тіруші, жол сілтеуші, мұны әл-Фараби адам тәніндегі жүрекпен теңестіреді. Әрбір адам өмір сүруі мақсатында «әуел бастан-ақ Бірінші Себептің үлгісі мен мақсатына жету үшін жаралған, міне нақ осының арқасында олар ең мәртебелі басқыштарға шығып отыр». Сондықтан да қаланың әрбір мүшесі өз қызметтеріне сәйкес қала бас­­­шысының мақсаттарын көздеулері тиіс.
Әл-Фараби «Қайырымды қала» ­деген сау әрі ешбір мінсіз адам мінезіне ұқсас дейді. Себебі оның әрбір мүшесі ден­саулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді. Бірақ адам дене­сіндегі мүшелер бір-біріне табиғаты, атқа­ратын қызметіне байланысты айырма­шылық жасайтындығы сияқты қала тұр­ған­дары да өздерінің қызметі мен қоғам­дағы орны бойынша айырмашылық жасайды деген.
«Қайырымды қала» басшылары және билеушілерінің келесідей төрт түрі ­болады:
– шынайы билеуші ( барлық қасиеттерге ие бірінші басшы);
– шынайы билеуші жоқ болса қайы­рымды қаланы ең лайықтылар басқарады;
– егер жоғарыда аталғандардың екеуі де болмаса, бірінші билеушілермен енгізілген ерте заңдарды және ережелерді білетін және орындайтын «заң бойынша билеуші» қаланы басқарады;

Қала басшысы адам денесіндегі бас мүшесі, яғни жүрегі. Ол ең жетілген және ешкім­мен басқарылмайтын мүшесі сияқты, қала басшысы бәрінен жоғары тұрады. Адамның жүрегі басқа органдардың бірігуінің, яғни адам денесінің бар болуы себебі, қалаған мүшелердің тәртіппен ­орналасып, жұмыс істеуінің ұйытқысы. Дәл сол сияқты қала басшысы да қаланың бар болуының, адамдардың оның маңайына топтасуының себебі, олардың белгілі сатымен үйлесімді түрде іс атқаруының ұйытқысы. Жүрек денеде орын алған кез келген орынсыздықтың барлығын жойып­ отыратыны сияқты, басшы да қалада орын алған әрбір мәселелерді шешіп, қиындықтарды жойып отыруы керек. Қала қоғамында оның мүшелері қызметіне қарай сатыларда орналасқан «Қайырымды қала» трактатында әл-Фараби әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен еркiндiктi орнықтыратын – iзгiлiктi қоғам туралы ой қозғайды.
Мұндай қоғамды ұлы ойшыл «әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына сай жету дәрежесiне ие болатын» қоғам түрiнде елестетедi. Халықтың аз қамтамасыз етiлген топтарын мемлекеттiк қолдау туралы бұдан мың жылдан астам бұрын айтылған ғұлама идеясы бүгiнгi күнi де мемлекеттiң iшкi саясатындағы басты мiндеттердiң бiрiнен саналады. Осындай «жетiлдiрiлген қоғамда, әл-Фарабидiң ­айтуынша, бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасау, көмектесу, қолдау, ұжымдасу адамдардың өмiрлiк қажетiне айналады.
Әл-Фараби мұндай қоғамды тумысынан табиғат берген он екi қасиетi бар ақылды, бiлiмдi, сабырлы, рухани билiктi iзгiлiктi билiкпен ұштастыратын, адам қасиеттерiн бағалауға қабiлеттi адам басқаруы керек дейдi. Кез келген адам қала басшысы бола алмайды. Ондай адам қаланы басқаруы үшін екі шарт орындалуы қажет. Біріншісі, ол қаланы басқаруға дайын болуы керек. Екіншісі, басқару мүмкіндіктері мен жағдайы, оның өнері де басқалардың өнерінен жоғары болуы ­керек. Ол өнер ештеңе үшін қызмет етпейді, не басқалар оны қолданатын өнер түрі де емес дейді, ол оған басқа өнерлердің барлығы бағынатын өнер, ол үшін басқа өнерлер қызмет жасайтын өнер болуы керек деп айтқан. Қала басшысы осы өнерді біле тұра, өзі ең жетілген, бақытқа жетудің барлық жолдарын білетін адам дейді. Басшы­ қала тұрғындарын бақытқа апаратын ең дұрыс жолға сілтеп, оған жеткізетін әрекетке талпындыруы тиіс. Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлi қасиет болу керек деп есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы.

Осының бәрiн өз бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кiмге елiктеу керек екенiн, кiмнiң айтқан сөзi мен ақылына құлақ қою керектігін көрсететiн үлгi болады. Мұндай адам мемлекеттi өзiнiң қалауынша басқара алады. Қаланың басшысы болу үшін адамның бойында қасиеттердің табылуы шарт. Бірақ жаратылысынан бойында мұндай қабілеттер мен қасиеттер бір адамның бойында табылуы өте қиын жағдай. Данышпанның пайымдауынша, игі қасиеттердің алтауы, тым болмаса бесеуі оның бойына біткен болса, ол адам қаланың басшысы бола алады.Әл-Фараби қаланы билеудiң алқалық түрiн де жоққа шығармайды. Билiктiң бұл түрi туралы ол былай деп жазады: «Жақсы қасиеттердiң бәрiн өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бiрақ бұл қасиеттер бiр топ адамның арасында ­жеке-дара дарыған болса, онда бұл топтың мүшелерi бiрлесе отырып, әкiмнiң орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадiрлi адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы қадiрлi адамдардың басқармасы деп аталады».Әл-Фараби қоғамды мемлекеттен бөлiп қарамайды. Қоғамның өзi адамның ағзасы сияқты «Қайырымды қала» дене мүшелерiнiң бәрi де тiршiлiк иесiнiң өмiрiн сақтау, оны анағұрлым толыққанды ету үшiн бiр-бiрiн толықтырып тұратын адамның сау тәнi секiлдi көрiнедi. Өйткенi қоғам да оның толыққанды мүшелерiнен тұрады және олар да бiр-бiрiн қажетсiнедi.
Адамдардың әлеуметтiк теңсiздiгi туралы айтқан әл-Фараби адамдардың әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты қайырымдылық пен жаман әрекеттер де әуел бастан жаратылысынан дарымайды, олар адамдардың бiр-бiрiне деген үстемдiк құруға ұмтылысынан пайда болған деген ой түйедi. Әл-Фарабиге сәйкес, қайырымды қала – шынайы бақытқа жету үшін, адамдар бір-бірімен ынтымақтасып, бірге өмір сүретін қала. Қайырымды қаланың ерекшеліктерін анықтап, әл-Фараби қайырымдыға қарсы қайырымсыз қала­лар­ды және олардың қанша түрлері бар екендігі, олардың басқару түрлері мен әдіс­терін де назардан тыс қалдырмайды. Егер қандай да бір қала қайырымды қала­ның­ қасиеттерінің біріне ие болмаса, оны қайырымсыз қала қатарына ­жат­қызады.­ Сол себепті, философ Платон және ­Аристотель атап кеткен қала­лар­дың бәрін қайырымсыз қалаларға жатқызады. Қайырымды қала туралы ілімде, азаматтық қоғамның мұраты көрініс тапқан десе болады.

Өзінің «қайырымды» және «қайырымсыз» қалалардың әртүрлі мінездемелерімен классификацияларында Фараби қоғамның жетілдірілген әлеуметтік құрылымын қайта жасады. Ол қала – мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін береді. Фараби «адамның ­жануарлар әлемінен бөлініп тұратыны ақыл-ойы және тәнінің жетілдірілгендігімен, бірақ та адам одан әрі жетіле түсу үшін ол тіл және әртүрлі өнерге зәру» деді. Әл-Фараби бойынша, қайырымды қаланың бөліктері «өзара махаббатпен біріккен, байланысты; олар әділдікпен нығайып және сақталады». Қайырымды қала тұрғандарын нығайтатын келесі бір қасиет, ол әділдік, оны әл-Фараби ең алдымен, «осы қала тұрғындары ие болатын, ортақ ізгіліктерді бөлістіру, ал кейін олардың арасында бөлістірілгенді сақтау» деп сипаттайды. Философ ондай ізгіліктер қатарына амандық, байлық, құрмет, бедел және «басқа ізгіліктерді» жатқызады. Жоғарыда аталғандардың бәрі әл-Фарабидің қайырымды қаласы мінсіз қала болып, азаматтық қоғамның негізгі қасиеттерін және құндылықтарын бейнелейді.
«Қайырымсыз қала» болса «қайырымдыға» қарама-қарсы, «ол қаланың тұрғындары ешқашан бақыт дегенді білмеген, оған жету олардың ойына да кірмеген». Әл-Фараби қайырымсыз қала­лардың келесідей түрлерін атап көрсеткен: қажеттілік қаласы, айырбас қаласы, опасыз және бақытсыз қала, билікті сүйетін қала, адамгершіліксіз қала, өзгермелі қала. Барлық қайырымсыз қала­ларды біріктіретін және оны қайырымды қала­дан ажырататын кемшілік ол бақыт мәнін түсінбеуі және қайырымсыз қала тұрғындары және оның билеушілерінің оған жетуге тырыспауы. «Бақыт — әрбiр адам ұмтылатын ұлы мақсат» екендiгiн атап көрсеткен әл-Фараби бақытқа бiлiм мен игiлiк нәтижесiнде ғана жетуге болады, ал ондай мүмкiндiк қайырымды қала тұрғындарында көбiрек болатындығын дәлелдейдi. Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп екіге бөлді. Қайырымды, білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Әл-Фараби «адамдар шынайы бақытқа тек қайырымды қалада ғана қолы жетеді» деп тұжырымдай келіп, қайырымды қаланың келбетін аша түсу мақсатында адамдар қоғамдастығы шоғырланған қалаларды классификациялап бөледі. Қайырымды қалада алдарына іс-әрекеттің өзара жәрдем көрсете білу мақсатын қойған қоғамдастығы бар қала халқы ғана бақытқа жете алады.

Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы адамзаттың саяси ойларының дамуына үлкен әсерін тигізеді.

Біз, жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке және мәңгілік ел құруда әділдікке тәрбиелейді

Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

А.Кобжов. Әл-Фараби, Алматы, 1971.
Әл-Фараби. Философиялық трактаттар, Алматы, 1973.
Әл-Фара6и. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы, 1975.
Әл-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. Алматы, 1974.
Аль-Фараби. Математические трактаты, А-Ата, 1972.
Aль-Фараби. Комментарии к «Алмагесту'» Птолемей. А-Ата, 1975
Аль-Фараби. Логические трактаты. Алма-Ата, 1975.
Аль-Фараби. Историко-философские трактаты. Алма-Ата, 1985.
Аль-Фараби. Естественно-математические трактаты. Алма-Ата, 1987.
А.Кубесов. Педагогические наследие аль-Фараби. Педагогика ғылымы докторлығын алу жөніндегі диссертация, Ташкент, 1990.
А.Кобесов. Сөнбес жулдыздар. Алматы, 1973.
Қазақэнциклопедиясы.Әл-Фараби. 2 том, 1971.


Зайтуна Есмаганбетова

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.