Жаңалықтар

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы

Дайындаған:
Әл-Фараби Қазақ Ұлттық университетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті
Т.Ғ.К Жұмаділ Махаббат Тоқтарқызы.,
Қазақ Ұлттық Университетінің студенттері

Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан арманы болған тәуелсіздікке 1991 жылы 16 желтоқсан күні қолы жетті. Бірақ бұл сырттай қарағанда Кеңес Одағының шаңырағынын өздігінен опырылып құлауымен оп-оңай келген жеңіс сияқты көрінгенімен, мұның артында қазақ батырлары мен зиялыларының көзсіз ерліктерінің жатқаны ақиқат. Патшалық Ресей бодандығына қарсы алғашқы ірі көтерілістерді Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы және Кеңесары Қасымұлы ұйымдастырып, ұлт-азаттығы жолында құрбан болған еді.

1917 Ақпан төңкерісімен Патшалық Ресей құлап, қазақ халқы арманына жететіндей болды. Осы орайда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат сынды қайраткерлер Алаш ұлттық қозғалысына жетекшілік етіп қазақ ұлттық мемлекеттігінің негізін қалауға күш жұмсады. Алайда Большевиктер бұған жол бермеді. Қазақ жерінде Кеңестік билік орнады. Бірақ қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы арманы толастаған жоқ.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңына (қазіргі Республика) жиналған мыңдаған жас Д.Қонаевтың қызметтен кетуіне наразылықтарын білдіріп, ҚКОК-нің 1-хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап еткен болатын. Жиналған топтың оңайлықпен тарамайтынын білген Кеңес билігі жастарды алаңнан күштеп қуды.

1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік хұқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті.

Желтоқсан оқиғаларының жүздеген, тіпті мыңдаған қаһарманы бар.
Бірақ бүгінгі күн тұрғысынан оның екі символдық қаһарманы болғанын айта аламыз. Біріншісі батыл түрде алаңға шыққан қазақ жастары үшін нақақ сотталып, жұмбақ жағдайда түрмеде көз жұмған Қайрат Рысқұлбеков, екіншісі қазақтарының алаңдағы күресін саясатқа көшіріп, Қазақстан Парламентінде оқиғалардың шындықтарының зерттеу комиссиясының құрылуына, сөйтіп Колбиннің биліктен аластатылуын қамтамасыз еткен ақын, жазушы Мұхтар Шаханов.

Желтоқсан оқиғалары 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері ғана болған екі күндік қимыл емес. Ол Кеңес Одағының күйреу себептерінен бірі болып, әлемдік тарихта терең із қалдырған күрделі процес. Біздің ойымызша, желтоқсан оқиғаларына қатысқандар ақталған және Кеңестік билік келмеске кеткен 1991 жылға дейінгі бес жылтық үрдісті қамтиды. Оған төрт кезеңге бөліп қарауға болады.

Бірінші кезең уақиғалардың пайда болуы, екінші кезең Мәскеудегі биліктің қазақ халқын “ұлтшылдықта” айыптап, Қазақстанда қазақтарға қарсы науқан жүргізуі, үшінші кезең қазақ зиялылары мен депутаттарының Мәскеудің қазақты құрту жөніндегі осы саясатына қарсы іс-қимылдары, төртінші кезең Горбачевтің қателігін мойындап, Колбинді қызметінен алып, орнына қазақ халқының табиғи жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевты тағайындауы, сөйтіп Қазақстанның қайта түлеуінің басталуы.

Қорытар болсақ, желтоқсан оқиғалары тәуелсіз Қазақстан тарихында орны ерекше бірегей уақиға. Сөзімізді дәлелдеу үшін бір мысал келтірейік. Егер қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі болмағанда және Колбин билігін жалғастыра бергенде, 1991 жылғы Қазақстанның тәуелсіздік сондай-ақ тәуелсіздіктен кейінгі үдерісі қалай болар еді? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Бірақ Қазақстанның ұлттық және бір тегіс мемлекеттік құрылымы негізінде бүгінгі адам таң қалатын жарқын табыстарына жетпейтінін болжау қиын емес. Сондықтан да желтоқсан оқиғаларын 70 жылдық әміршіл-әкімшіл Кеңестік жүйеден кейін, Қазақстанның қайта түлеуінің бастауы деп атап көрсете аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Маданов. Ұлы дала тарихы, Алматы, 1998 ж.
  2. Қазақстан тарихы Очерктер. Алматы 1999 ж.
  3. Мусин Ч. Қазақстан тарихы, Алматы 2003 ж.
  4. Қазақ ССР тарихы, 4-том. Алматы, 1985 ж.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.