Жаңа сабақтар

«Қуанышты көңіл –күй сыйлаудың сыры»

Тараз қаласы, №2 «Айсұлу»бөбекжай-бақша психологы

Кебеева Акмарал Апбасбековна

Тақырыбы: «Қуанышты көңіл –күй сыйлаудың сыры»

Мақсаты: Баланы өзінің мінез-құлық реакциясын реттеуге дағдыландыру. Балалардың ойлау қабілетін дамыту, бір – біріне сөздік әсер ету жалпы қабілетін жаттықтыру. Өзінің немесе өз сезімін анық жеткізуге, сонымен қатар эмоциясын,

іс-әрекетін реттеуге, түсінуге мүмкіндік беру арқылы тәрбиелеу.

Амандасу рәсімі

-Балалар бүгін мен сендермен, «осындай әдемі, сүйкімді балалармен» кездескеніме өте қуаныштымын. Қош келдіңіздер!

-Балалар, жан-жағымызға назар салайықшы! Біздің бүгінгі тренингімізге қонақтарда келіп отыр, қанеки ізгі ниетпен амандасып алайық!

Бақшамызға барғанда,

Жолыққан бар жандарға,

Ертемен ақ пейілмен

«Қайырлы, таң!

Сәлеметсіздер ме!»-

Дейміз біз.

  • Балалар сендерді шаттық шеңберіне шақырғым келіп тұр. Қанеки, шаттық шеңберін құрайық! Шеңберге тұрудың өзінің үлкен ерекшелігі бар. Өйткені шеңбер күн сияқты жылу береді, шеңберде дөңгелене тұрып бір-біріміздің бет-жүзімізді анық, еркін көріп, тәтті, жылы тілектерімізді, сөздерімізді айтып, қуанамыз, шаттанамыз. Сондықтан бұл шеңбер – «шаттық шеңбері» деп аталады. Билингвальды сыңары – «круг радости» .
  • Ендеше, біз де шаттық шеңберінде тұрып, шын мәнінде бір –бірімізге жылуымызды сыйлап, мына балауызды қолымызға алып, бір-бірімізге ізгі тілектерімізді арнайықшы.

  • Үлкен болып өс!

  • Күндей жылу шаш!

  • Айдай әсем бол!

  • Әрқашан жолың болсын!

  • Денсаулығың мықты болсын!

  • Саған бақыт тілеймін!

  • Қуаныш тілеймін!

  • Шаттық тілеймін!

  • Досың көп болсын!

Балалар қаншама ізгі тілектер айтылды, қаншама жылылық жиналды. Балауызда лаулап жанып барады, өшіріп, қойып қоялық.

-Қанеки, балалар отыра қойыңдар.

Бүгінгі тренингіміз «Көңіл-күй сырлары» деп аталады.

-Бүгінгі көңіл-күйлерің қандай?

-Өте жақсы !

-Адамның көңіл-күйі не себепті өзгереді?

Сендер қалай ойлайсыңдар?

-Оған айналасындағылар әсер етеді.

-Ата-анасы, достары әсер етеді.

-Олар қалай әсер етеді?

-Ашуландырады, қуантады, ренжітеді, қамықтырады.

-Балалар, қастарыңда отырған достарыңды ақырын шымшып көріңдерші.

Не болды ?

-Балалар, ауырғанын сезіндік, себебі, адамдарда «сезім» деген құдіретті күш бар. Біз айнала қоршаған ортадағы дүниелер мен құбылыстардың адамға әсерін сезініп, байқап, қабылдаймыз.

Адамның сезімі оның көңіл-күйіне, ниетіне байланысты әртүрлі көрініс береді. Яғни, адамдардың сезімі көңіл-күйінің өзгеруіне басты себепші болады.

Ендеше сендермен «көңілді доппен» бірге «бауырсақ» ертегісіне саяхатқа баралық. Мен ертегі туралы сұрақ қоямын да допты лақтырамын, допты тосып алған бала жауап береді. Сонан соң тақтаға шығып суреттерден «ертегі кейіпкері бауырсақтың көңіл-күйін атап, сипаттап береді»

  • Бауырсақ пісіруді кім өтінді?
  • Бауырсақты кім пісірді?

  • Бауырсақты неден пісірді?

  • Бауырсақ қалай қашып кетті?

  • Бауырсаққа не бірінші жолықты?

  • Не екінші жолықты?

  • Не үшінші жолықты?

  • Бауырсақ неге сары түсті?

  • Бауырсақты не жеп қойды?

  • Тақтаға шығып келесі сұрақтарға жауап береді.

    • Бауырсақ қандай көңіл-күйде?
  • Не себепті ашулы немесе көңілді?

  • Балалар, сендерге қандай көңіл-күй ұнамайды?

  • Ендеше бізге ұнамайтын көңіл – күйді алып тастайық!

  • -Тек қана көтеріңкі көңіл – күй қалды, көтеріңкі көңіл күйдің сыры неде?

    Бір-бірімізге жақсы көңіл-күй сыйлау үшін біз жақсы бала болуымыз керек.

    Бұл ойынымыздың аты «Жақсы бала қандай ?» деп аталады.

    Шарты: Мен «жақсы бала қандай ?» деп қойған сұраққа сендер кезекпе –кезек мына еліміздің көк туын бере отырып, жауап іздейсіңдер. Қанеки, кім тапқыр екен?

    • Жақсы бала — тәртіпті,
    • Жақсы бала – тыңдайды,
    • Жақсы бала – ұқыпты,
    • Жақсы бала – әдепті,
    • Жақсы бала – тілалғыш,
    • Жақсы бала – мейірімді,
    • Жақсы бала – ұстамды,
    • Жақсы бала – қайырымды,
    • Жақсы бала – батыл,
    • Жақсы бала – адал дос,
    • Жақсы бала – білімді,
    • Жақсы бала – ақ көңіл,
    • Жақсы бала — қамқоршы,
    • Жақсы бала – … .

    Балалар, демек жақсы бала әркез еліміздің көк туын желбіретіп биік ұстап жүреді, ардақтайды. Туымызды биікке қоялық !

    Сергіту сәтінің шарты мынадай:

    -Балалар бойымызды сергітіп, өз-өзімізге сенімділігімізді нығайтайық.

    Орындықта отырып жәй дауыспен «мен жақсы баламын» деп айтайық, орындықтан сәл ғана тұрып «мен өте жақсы баламын» деп айтайық, орнымыздан тұрған бетте , қатты дауыстап, қолымызбен өзімізді көрсетіп «мен нағыз жақсы баламын » деп айтайықшы. (2-3 рет қайталап жасату)

    Балалар, қандай керемет, әрине «сендер нағыз жақсы баласыңдар!»

    Ақылы бар баласыңдар,

    Айтқан тілді аласыңдар

    Намысты болып өссеңдер,

    Нағыз адам боласыңдар!

    Нағыз жақсы азамат көп жақсылық жасау керек. Балалар келесі ойынымыз «жақсылық жаса» деп аталады. Мында «сиқырлы қапта» не бар екен? Көптеген ойыншықтар бар екен.

    Шарты мынадай: Мына сиқырлы қаптан түрлі ойыншықтар таңдап аласыңдар да,ойланып, оларға қандай жақсылық жасауға болатындығын айтасыңдар.

    Мысалы, ағашқа –су құйып, түбін қопсыту,

    гүлге – күтіп баптау,

    аңдарға – қысқы азық қорымен көмектесу,

    құстарға – ұя жасау,

    орманға – қамқорлық жасау,

    балапанға – жем-су беріп,

    сиырға – жем-шөбін, суын беру,

    итке – жылы үйшік жасау,

    мысыққа – сүйікті асын беру.

    Ендеше үй жануарларын үйшікке, жабайы жануарларды орманға жіберейік.

    • Балалар достарымызға қандай жақсылық жасай аламыз?
  • Ата-аналарымызға ше?

  • Жақсылық пен сүйіспеншілік жүректен шығады, балалар! Сендер білесіңдер ме әрбір адамның жүрегінің үлкендігі өз қолын жұмғандағы жұдырықтай ғана екен. Қанеки, оң қолымызды жұдырыққа жұмып, жүрек тұсымызға қойып көрелікші!

    Қандай , ғажап, кішкентай ғана!

    Тыныштық сәті – релаксация:

    Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырып, көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныс алыңдар. Өздеріңнің тыныс алуларыңды бақылап, бақытқа, махаббат пен тыныштыққа толы таза, шипалы ауаның тұла бойларыңа толғанын сезініңдер. Кішкентай ғана жүректеріңнің соғысын сезіп тұрсыңдар ма?

    Ал, енді көздеріңді ашсаңдар да болады.

    Біздің кішкентай ғана жүрегімізде ізгілік пен адамгершілік мол. Денемізді бір сергітіп алайықшы (қимылмен көрсетіп).

    Мынау – менің жүрегім,

    Бәрі осыдан басталған.

    Мынау – басым ақылды,

    Бәрін осы басқарған.

    Мынау – менің оң қолым,

    Мынау – менің сол қолым,

    Барлық істі атқарған.

    Балалар, біз кез-келген істі жүрегімізбен сезініп, басымызбен ойланып, қолдарымызбен орындайды екенбіз. Ендеше, мына кішкентай ғана «құттықтау хаттарға» өз қолдарыңмен жылуы мен нұрын төккен күннің, немесе жұпар аңқыған гүлдің суреттерін салып, тәрбиеші апайларымызға алып барып сыйлайық. Оларға да «нағыз жақсы бала» ретінде қуанышты, шаттықты көңіл – күй сыйлайықшы! Жүрекшелерге суреттер салады.

    Тәрбиешілерге арналған тақпағымызды айтайық!

    Шуағына бөлеген, аялаған, демеген,

    Тәрбиеші апайлар, мейірімді не деген!

    Біз бақшаға келгенде,

    Ақ пейілмен қарсы алған.

    Рақмет деп айтамыз,

    Тәрбиеші апайға!

    Тәрбиеші апайларымызды шатандырып, қуантып, оларға өз кішкентай жүрегімізден ізгі тілек білдіріп, жүрекшелерімізді сыйлайықшы!

    • Күндей күліп жүріңіз!

    Гүлдей әсем болыңыз!

    -Балалар, біз өз ісімізбен тәрбиеші апайларымызға да қуанышты көңіл-күй сыйладық.

    • Бүгінгі «көңіл-күй сырлары» атты тренигіміз сендерге ұнады ма?
  • Өте ұнады.

  • Жақсы көңіл – күйдің сыры — әрқашан жақсылық жасап, айналамыздағы адамдарға қуаныш сыйлау екенін білдік.

  • Қызықты өтті.

  • Қандай ойындар ерекше ұнады?

  • Ертегі кейіпкері бауырсақтың көңіл күйін сипаттау,

  • Жақсы бала қандай?

  • Жақсылық жасау керек!

  • Балалар, әрқашан шат көңілмен күліп жүрейік.

  • Кел, балалар, күлейік !

    Күлкіменен түлейік !

    Қабақ түйген не керек,

    Көңілді боп жүрейік !

    Кел, балалар, күлейік !

    Күлкіменен түлейік !

    Күлкі көңіл ашады,

    Күліп өмір сүрейік !

    • Балалар, сендерге үлкен рақмет. Әрқашан өз көңіл-күйлеріңді басқара біліңдер. Сезімтал болыңдар! Жан-жақтарыңа кішкентай ғана жүректеріңнің жылуын шашып жүріңдер!

    Добавить комментарий

    Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.