Жаңалықтар

«Отбасы – бақыт мекені»

Отбасы күні мерекесіне орай Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты әскери қызметшілерінің отбасы арасында «Отбасы – бақыт мекені» атты сайыс ұйымдастырылды.

Сайыстың мақсаты – әскери қызметшілердің демалыс күндері немесе бос уақытта отбасы мүшелеріне қаншалықты дәрежеде көңіл бөлетіндерін анықтау, соған сай отбасының ұйымшылдығына баға беру.

«Елімізде орын алған карантин режимін барынша сақтай отырып, Отбасы мерекесі күніне орай қашықтан сайыс ұйымдастырдық. Сайыс ұйымдастыруда көздегеніміз – әскери қызметшілер жұмыс бабымен үйде көп бола бермейді ғой, демалыс күндерінде отбасына жақындастыру», — деп атап өтті әскери институттың отбасы мүшелерімен жұмыс қызметінің өкілі Ақбота Мұстабекова.

Әскери отбасылар болса тик-ток форматында бейнероликтер түсіріп, отбасы мүшелерінің бір-біріне қаншалықты жақын, әрі ұйымшыл екенін көрсете білді. Сайысқа қатысқан оншақты отбасының әрқайсысы әр қырынан таныла білді. Бірі қазақтың ұлттық киімін ұлықтаса, енді бірі салауатты өмір салтын насихаттап, түрлі спорттық жаттығулармен көзге түсті, тағы бірі отбасы мүшелерін алып табиғат аясында өткізген демалыс сәттерінен үзінді көрсетті. Барлығына ортақ мақсат – жеңіске деген құлшыныс.

«Бұл сайысқа қатысу отбасым үшін өте қызықты болды, әсіресе балаларым ерекше ықыласпен белсене кірісті. Не дегенмен заманауи үлгідегі тик-ток форматы бүгінгі ұрпақтың сүйікті тақырыбы ғой. Жас буынның қажеттіліктерін дөп басып, оған ата-аналарын ортақтастыра білген мұндай сайыстар жиі ұйымдастырылса деймін», — деп өз пікірімен бөлісті қатысушы Калилановтардың отағасы Айдын.

Жолданған бейнероликтерді саралап, үздігін анықтау үшін комиссия мүшелерінің отырысы ұйымдастырылды. Олардың шешімі бойынша бірінші орынды Амантаевтар отбасы иеленсе, екінші орын Анефияевтар отбасына бұйырды, үшінші орынға Жайлауовтар отбасы лайық деп танылды. Жеңімпаздар алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.