Жаңалықтар

Тәуекелге барудың қажеті жоқ! — ҰБТ-да 110 балл жинаған талапкермен сұхбат

Ирина Спивакова — Алматы облысы Талғар қаласындағы
Ю. Гагарин атындағы №8 мамандандырылған гимназияның түлегі.

«Сұрақтардың қалай құрастырылатыны маңызды емес, егер белгілі бір тақырып бойынша материалды мұқият оқысаңыз, сұрақтарға сенімді жауап беруге болады», – деп есептейді биылғы оқу жылының түлегі Ирина Спивакова. ҰБТ-да 110 балл жинаған мектеп бітіруші тестілеу алдында алаңдамағанын және әуел бастан алдына «жақсы нәтижелерге қол жеткіземін» деген мақсат қойғанын атап өтті.

Ирина, сізді ҰБТ-дағы жақсы көрсеткіштеріңізбен құттықтаймыз. Талапкерлерге жолдаған бейне үндеуіңізді көрдік. Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Тестілеуге қалай дайындалдыңыз?

Тестілеуде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуімнің ешқандай құпиясы жоқ. Байқау сынақтарына жиі қатысып, тест жинақтары бойынша тапсырмаларды көбірек орындау қажет. Осылайша, кез келген ақпарат жақсы игеріліп, есте ұзақ уақыт сақталады. Мен физика бойынша есептерді, математикалық сауаттылық бойынша тестерді жиі орындайтынмын. Ең бастысы дайындықты тиісті деңгейде жүргізсеңіз, көп күттірмей жақсы нәтижеге қол жеткізесіз. Тестілеу барысындағы сұрақтар байқау сынақтарында кездескен сұрақтарға ұқсас болды, бұл маған айтарлықтай көмектесті. Менің ойымша, сұрақтардың қалай құрастырылатыны маңызды емес, егер белгілі бір тақырып бойынша материалды мұқият оқысаңыз, сұрақтарға сенімді жауап беруге болады. Осы орайда ұстаздарыма алғыс айтамын, себебі олармен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде жақсы ұпай жинадым. Өте қуаныштымын.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ҰБТ өткізу ережелеріне өзгертулер енгізіліп, бақылау күшейтілді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің бірінші күні 164 адам тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысып, Ережелерді бұзғаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл ретте Ирина Спивакова талапкерлерге тәуекелге бармауға кеңес береді.

«Барлық қатысушылар тестілеу кезінде смартфондар мен шпаргалкаларды пайдалануға болмайтындығы туралы алдын ала ескертілді. Өкінішке орай, енді ережені бұзған балалар биыл жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Менің ойымша, тәуекелге барудың қажеті жоқ. Егер сіз шпаргалка дайындасаңыз да, оларды пайдаланбай-ақ қойғаныңыз абзал», – дейді Ирина Спивакова.

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін әр аудиториядан алынған бейне жазбаларды мамандар мұқият зерттейтін болады. Егер бейне материалдарды талдау барысында тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталса, тестілеу нәтижелері жойылады.

Биыл тестіленушілер үшін теңдесі жоқ жағдайлар жасалған: калькуляторды пайдалануға рұқсат етіліп, байқау сынақтарына тегін рұқсат берілді, сонымен қатар тестілеу уақыты төрт сағатқа дейін ұзартылды. Бұл жаңашылдықтар тестілеудегі нәтижелеріңізге қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?

Әрине, бұл жаңалықты біз үлкен қуанышпен қабылдадық. Калькуляторды пайдалану мүмкіндігі беріліп, біз өз уақытымызды айтарлықтай үнемдедік. Ал, тестілеу уақытын арттыру нәтижесінде күрделі сұрақтарды ойластыруға қосымша уақыт пайда болды. Емтиханды барынша қауіпсіз тапсыру үшін тестіленушілер үшін барлық жағдай жасалғаны қуантады. Тестілеуді өткізу пунктіне кірер кезде біз барлық дезинфекциялау кезеңдерінен өттік.

Тестіленушілерге қандай кеңес бересіз?

Мектеп түлектері елемейтін дайындықтың өте маңызды бөлігі –тестілеу күніндегі таңғы ас. ҰБТ тапсыратын күні жақсылап ұйықтап тұрғаныңыз жөн. Уайымдаудың қажеті жоқ, өйткені ҰБТ-ның барлық сұрақтары мектеп бағдарламасы бойынша құрастырылған. Көптеген сұрақтарға оңай жауап беруге болады, өйткені біздің миымыздың белгілі бір жағдайларда ұмытылған ақпаратты қайта жаңғырту қасиеті бар. Алдымен мен барлық қарапайым сұрақтарға жауап беріп, содан кейін сәл қиындау тапсырмаларды орындай бастадым. Әрине, аудиторияда сізді алаңдататын және көмек сұрайтын балалар болады. Сондықтан өз күшіңізге сену маңызды екенін ұмытпаңыз, – деп түйіндеді өз ойын Ирина.

Анықтама үшін: Ирина Спивакова Алматы облысы Талғар қаласындағы Ю. Гагарин атындағы №8 мамандандырылған гимназияның түлегі.

ҚР БҒМ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.