USTAZ UNIVERSITY

«БІЗ ҮЙДЕМІЗ, ОТБАСЫМЫЗБЕН БІРГЕМІЗ! » РЕСПУБЛИКАЛЫҚ-ВЕБИНАР

«БІЗ ҮЙДЕМІЗ, ОТБАСЫМЫЗБЕН БІРГЕМІЗ! »
1 МАУСЫМ – БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ-ВЕБИНАР

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деп айтқандай, Ұлы даланың отбасылық құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру -әрбір ата-атаның басты борышы.

Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың болашағы деп білген. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге карап ұл өсер» демекші, бала тәрбиесіне сонау заманнан бері баса көңіл бөлген. «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз атап өткендей,егемен елдің болашағы – бүгінгі жас өрендер екені баршаға аян.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Біз үйдеміз, отбасымызбен біргеміз!» атты республикалық вебинарға 3-15 жастағы балғын бүлдіршендер мен жас өрендер, олардың ата-аналары және танымал ғалымдар, тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер қатысты.

Республикалық вебинарға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.д. Халитова Исламия Рамазанқызы; Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті «Мектепке дейінгі және бастауыш оқыту» кафедрасының әдіскерлері Фатикова Назипа Ағламқызы, Маламанова Айжан Үшкемпірқызы; «Парасат» колледжі «Филологиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының магистрі Байманасова Ғазиза Елеусинбайқызы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің директоры Абуова Меруерт Абитайқызы; Нұр-Сұлтан қаласындағы № 64 мектеп- лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Төлеген Гүлшат; Жамбыл облысы Жуалы ауданы Боралдай ауылдық округі әкімі аппаратының «Самал» бөбекжай балабақшасы меңгерушісi Турткулбаева Мадина Əлiмбеккызы; Шымкент қаласы №75 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Саулешова Алия Дуйсенбековна қатысты.

«Біз үйдеміз, отбасымызбен біргеміз!» атты республикалық вебинарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен бүлдіршендер өз отбасыларымен қатысты: Нұр-Сұлтан қаласынан 14 отбасы; Түркістан облысынан 14 облысынан ; Қызылорда облсынан 18 отбасы; Өскемен қаласынан 4 отбасы; Орал қаласынан 5 отбасы; Қарағанды қаласынан 3 отбасы; Жамбыл облысынан 34 отбасы.

Республикалық вебинарды Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Джолдасова Орынқыз Көпбосынқызы салтанатты түрде ашып, бүлдіршіндер мен жас өрендерді 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен құттықтап, вебинар жұмысына сәттілік тіледі.

Онлайн вебинардың мақсаты – еліміздің болашағы балаларды өзін-өзін құрметтеуге, өзін-өзін тануға, жеке тұлға ретінде өзін көрсете білуге тәрбиелеу және отбасында баланың жеке-дара, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға ат салысу.

«Біз үйдеміз, отбасымызбен біргеміз!» атты республикалық вебинарда жас өрендер алдын-ала баспасөз ақпараттық құралдарында, instagram мен facebook парaқшаларында жарияланған төмендегідей 7 номинация бойынша өнерлерін көрсетіп, сайысқа түсті:

1-сайыс: Абайды оқу баламен (ғалыммен кездесу).

2- сайыс: Бала тілі – бал (балаларының тақпақтары, 3-5 жас).

3- сайыс: Әжемнің ертегісі, менің сүйікті ертегім (ертегі оқу, 5-10 жас).

4-сайыс: Менің Отаным – Қазақстан (қөлөнер, сурет сайысы, 7-13 жас).

5- сайыс: Менің сүйікті отбасым (отбасы туралы бейнефильм, 2-3 мин).

6- сайыс: Мен өнерлі баламын! (өнерлерін көрсету).

7- сайыс: Мен болашақ өренмін! (шығармашылық тапсырма, 9-15жас).

Республикалық вебинарға қатысушылардың назарына 1-маусым –Балаларды қорғау күніне арнайы әзірленген «Біз бақытты баламыз» бейнеролик ұсынылды.

Сайыстың «Абайды оқы баламен» айдарында вебинарға қатысқан балалар хакім Абай өлеңдерін жатқа айтып, өз өнерлерімен сынға түсті.

Нұр-Сұлтан қаласынан Еркеназ Жұмасіл, Нұр-Сұлтан қаласы 154 мектеп лицейінің оқушысы Ескендір Аткелтір, Жамбыл облысы Жуалы ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушысы Анель Қайтбек, Жамбыл облысы Байзақ ауданы С.Абланов орта мектебінің оқушысы Дамир Оразмухамет, Тараз қаласындағы Айша бибі орта мектебінің оқушысы Адина Ақылбек, Тараз қаласының №38 орта мектеп оқушысы Інжу Исмаилбек Абай өлеңдерін нақышына келтіре жатқа айтып, вебинарға қатысушылардың зор ылтипатына ие болды.

Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Жұмасіл Еркеназ Русланқызы мен Тараз қаласының №38 орта мектеп оқушысы Інжу Исмаилбек бас жүлдені иеленді.

Вебинарға қатысушылар «Абайды оқы баламен» кітабының авторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Халитова Исламия Рамазанқызымен тікелей сұхбаттасты.

«Жас кезінде баланың қиқарлығын тыйдым дегенше, даналығын тыйдым де» деген әл-Фараби ғұламаның даналық сөзінің отбасы тәрбиесінде алатын орны ерекше.

Вебинардың «Бала тілі – бал» айдарында бүлдіршіндер тақпақтар айтып, сайысқа түсті.Тілдері де, өздері де тәтті балғындар вебинарға қатысушыларды өз қылықтарымен, баурап алды.

Алматы қаласынан қатысқан 5 жасар бүлдіршін Момыш Бекнұр әскер киімін киіп, сапта жүріп, «Бейбіт елдің мен бақытты баласымын!» тақырыбына салған суреті мен шырқаған әнімен бас жүлдені иеленсе, Жамбыл облысы Байзақ ауданынан қатысқан 5 жасар бүлдіршін Алуа Серікқызы былдыр-былдыр тілімен өлең айтып 1 орынды еншіледі.

Ертегі баланың ойын шыңдап, ой-өрісін кеңейтеді, қиялын дамытатыны белгілі. Вебинардың «Әжемнің ертегісі, менің сүйікті ертегім» айдарында бірнеше ертегілер ұсынылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданы Күренбел ауылынан қатысқан Құттыбай Асылжан мен Сауранбай Әбілмансұрдың «Ақ лақ, қара лақ» ертегісіне арнайы дайындаған музыкалық қойылымы сәтті шығып, бас жүлдені иеленді.

Қызылорла қаласының Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі оқушысы Марат Инжу Ерланқызының ағылшын тіліндегі ертегіні қазақшаға тәжімалданған шығармашылық еңбегі және Б.Шалғынбаев атындағы 217 IT мектеп-лицейінің оқушысы Карым Арайдың ұсынған ертегісін де жоғары бағаланды.

Отан отбасынан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесі тікелей ата-анаға байланысты.

Вебинардың «Менің Отаным – Қазақстан» айдарында Қызылорда облысы Жанақорған ауданынан қатысқан Зияудин Абдулғани Қазақстан Республикасының рәміздерін бала тілімен түсінікті әрі жүйелі насихаттағаны үшін бас жүлдені иемденді.

Кезінде Қазыбек би бабамыз: «Құт берекең – атаң қымбат, Аймалайтын анаң қымбат. Мейірімді апаң қымбат. Асқар тауың – әкең қымбат» – дегендей, вебинардың «Менің сүйікті отбасым» айдарында отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген отбасылар қатысты.

Өскемен қаласынан қатысқан Олжас Талшынның отбасы Бас жүлдені иеленіп, «Мерейлі отбасы» атанды. Отбасындағы балалардың балғын күлкісі, ата-ананың балаларға деген шексіз махаббаты вебинарға қатысушыларды тәнті етті.

Отбасында балалардың мәдени орындарына онлайн саяхат жасау, бірге кітап оқу, бірге ас әзірлеу, бірге тоқыма тігу, бірге кесте тоқу, ата-аналардың кеңесіне тоқтау, балаларың сұранысын қанағаттандыру Олжас Талшынның отбасы үшін отбасылық қағидаға ұласқан.

Тараз қаласынан қатысқан Молдашовтар отбасы «Біз отбасымызбен біргеміз» тақырыбына ұсынған бейнеролигімен топ жарды. Отбасында балаларды әжелері тәрбиелеп, ертегісін айтып, ақыл-кеңес беріп, отбасының ақылшысы, кеңесші болса, отағасы балаларын еңбекке баулып, жер аудару, бау-бақша егу жұмыстарына ұл-қыздарын баулыса, ал отанасы қыздарын тәтті ас әзірлеу, үй жинау жұмыстарына баулып, ұл-қыздарының оқуына, өнермен шұғылдануларына бар жағдайды жасап, балаларының тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтындықтары көпшіліктің көңілінен шықты.

«Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет!» демекші, вебинардың «Мен – өнерлі баламын!» айдарында 30 астам жұмыс келіп түсті. Жас балғындардың бірі сурет салудан, екіншісі күй ойнау және скрипка тартудан, үшіншісі би билеуден, төртіншісі көркемсөз өнерінен, енді бірі ас пісіруден және спорттық ойындарымен өнерлерін ортаға салды.

Тараз қаласынан қатысқан Бупетаева Айзере мен Алтай Жансая Ерланқызы нақышына келтіріп өлең оқыса, Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылынан қатысқан Сембай Кәусар Моцартты скирипкада әуелетті, Тараз қаласының № 38 орта мектебінен қатысқан кәріс қызы Цой Милана 1-маусым балаларды қорғау күніне арнаған өлеңін қазақ тілінде нағышына келтіріп оқып, вебинарға қатысушылардың зор ілтипатына ие болып, Бас жүлдені иеленді.

Тараз қаласы Айшабибі орта мектебінен вебинарға қатысқан балғын бүлдіршін Қожахмет Ақжайна тамылжыта билеген биімен вебинарға қатысушылардың ықыласына бөленді.

Республикалық вебинардың «Мен болашақ өренмін!» айдарына келіп түскен балалар шығармашылығы да әр алуан болды. Нұрсұлтан қаласының № 83 балабақшадан қатысқан балғын Бақытжан Жанкелді үй жағдайында да спортпен айналысуға болатындығын дәріптеп, Бас жүлдені иеленді.

Республикалық вебинардың «Ашық микрофон» айдарында Өскемен қаласынан қатысқан «Менің сүйікті отбасым» айдарында Бас жүлдені иеленген Олжас Талшынның анасы Калима Жайлыбай ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әрбір баланың жеке тұлға болып қалыптасып, дара қабілеттерінің шыңдалуына түрткі болатын осындай инновациялық мазмұндағы іс-шараны ұйымдастырып отырған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне шынайы алғысын білдірді.

Қызылорла қаласы Б.Шалғынбаев атындағы №217 IT мектеп-лицейінің мұғалімі Күзейбаева Жанар Алияскаровна ЖОО -ы арасынан Республикадағы орын алып отырған төтенше жағдайға қарамастан алғаш болып Отбасы- Балабақша-Мектеп-ЖООарасындағы ынтымақтастық байланысты жаңаша орнатып отырған «Ұстаз» университетіне жүрекжарды алғысын білдірді.

Жамбыл облысы Жуалы ауданы №1 мектеп-гимназиядан қатысқан ұлағатты ұстаз Бақыт Хамзаевна осы вебинарға өзінің немерелерінің қатысып, өнерлерін көпшілікке ұсынып отырғанын айтып, марқайып қалды. Республикалық вебинардың жаңаша мазмұнда өткенін, тәлімдік тағылымы мол болғандығын, алысты жақындатып отбасында бала-ата-ана-тәриеші бірлесіп дарынды балалардың өнерлерін тамашалап, өнерлі отбасынан үлгі-өнеге алып, ұлағатты ұстаздар мен көпті көрген дана әжелеріміздің бала тәрбиесі жайлы кеңестерін тыңдауда айтарлықтай қомақты үлес қосқанын ерекше ризашылықпен атап өтті.

Тараз қаласының №38 орта мектебінен қатысқан кәріс қызы Цой Милана 1-маусым балаларды қорғау күніне арнаған өлеңін қазақ тіліндегі әлі сиясы кетпеген өлеңін балаларға тарту етті:

Бала деген сәби ғой

Балаларды қорғайық!

Жақсы істің біріне жатады ғой осы іс.

Аналардың тілегі –

Аман болсын балалардың жүрегі.

Бейбітшілік – әніміз,

Өнерліміз – бәріміз.

Бала, бала, баланы

Қорға, қорға әрқашан!

Гүлдей әсем балалар

Аман болсын әрқашан!

Республикалық вебинарға қатысушы жас өрендер өз ата-аналарымен бірге «Әрқашан күн сөнбесін» әнін хормен айтып, қош айтысты.

Республикалық вебинарға қатысушы жас өрендер арнайы дипломдармен марапатталды.

Әрбір отбасының міндеті – төл тарихымызды білетін, бағалайтын, мақтан ететін, ұлы даланың даналарын ұлықтай алатын, ұлы даланың ұлы өркениеттерін сақтай алатын, ұлы даланың ұлы мәдениетімен сусындаған, ұлы даланың ұлағаттарын бойына сіңірген, әдептен озбай ар тазалығын жоғары ұстайтын биязы, өнегелі қыз бен ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған жерін, елін сүйетін, Отанға қорған болатын елжанды, ер жүректі ұрпақ тәрбиелеу.

Өз есесін өзі түгендеп, атаның алғысын, ананың ақ сүтін ақтай алған перзенттен қатардың азаматы шыға алмақ. Халқының көңілінен шығып, қауымының үмітін ақтап, өткен ұрпақтың есесін түгендеп, келешек ұрпақтың мерейін үстем ете алған перзенттен Отанның азаматы шыға алмақ.

Ендеше, ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры өз ұрпағының тәрбиесін өз жолына қоя алған ұлт қана өз тағдырын өзі ойдағыдай қамдай алмақ.

Клара БУЗАУБАКОВА
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті
«Білім берудегі менеджмент» кафедрасының
меңгерушісі, п.ғ.д., профессор

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.