USTAZ UNIVERSITY

«ҰСТАЗ» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ОЙЛАП ТАПТЫ

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жоғары оқу орындары қашықтан оқыту форматына көшкені белгілі. Соған сәйкес, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі бітіруші түлектердің диплом қорғауы онлайн форматта ұйымдастырылды. Өз болашақтарын ұстаздықпен байланыстырып, университет қабырғасында төрт жыл бойы білім алған жастар жемісті еңбектерін ZOOM платформасы арқылы ашық қорғады.

Жаңашылдықтарды жатсынбай қабылдайтын болашақ педагогтар өз жұмыстарын қорғау барысында инновациялық технологиялар заңдылығына сәйкес жасалған авторлық платформаларын ұсынып үлгерді. Замандастарының ішінде алғашқы болып ашық қорғаудың шымылдығын түрген қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері болды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіқадырова Тұрсынай Рыстайқызы жетекшілік еткен алғашқы топ «Ұлы даланың жеті қыры: рухани құндылықтарды әдебиет сабағында оқытудың өзекті мәселелелері» тақырыбында дипломдық жоба қорғады. Аталмыш тақырыпты тереңінен зерделеп, зерттеген Ақмарал Әзімхан, Ғалия Абылай, Көркемжан Қанат сынды бітіруші түлектер өз тараптарынан рухани құндылықтарымызды әдебиет сабағында оқытуға бағытталған «7 QYR» атты авторлық мобильді платформасымен қатар, көркем шығарманы талдаудың жаңа үлгісін ұсынды.

Университетке түскен алғашқы жылдардан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатына негізделген «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағдарламалық мақалаларындағы өзекті мәселелелерге бей-жай қарамаған аталмыш студенттер ұлтқа қызмет етуді ұстаздықпен ұштастыруды жөн деп тапқан. Нәтижесінде, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің білікті оқытушыларының бағыт-бағдар беруімен авторлық ұсыныстарын дипломдық жобаның тақырыбымен байланыстырып, ғылым жолындағы ізденістеріне білек сыбана кірісіп кеткен.

«Біз өз тақырыбымызды зерттеуді бастаған күннен бастап болашақ педагог екенімізді де ескеріп, білім беру саласында өзіндік қолтаңбамызды қалдыруға жұмыла жұмыс жасадық. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде жүйеленген «7 QYR» мобильді платформасы да, көркем шығарманы талдаудың жаңа техникалық үлгісі де өз инициативамыздан туды. Сондықтан оны жетекшіміз Тұрсынай Рыстайқызымен ақылдаса отырып, магистрлік, докторлық диссертациямыздың өзегіне негіздей отыра, Білім және ғылым министрлігіне ұсыну жоспарда бар», — дейді зерттеу тобының мүшесі Ақмарал Әзімхан.

Білім беру үдерісінде инновациялық педагогикалық технологиялар мен жаңартылған білім беру мазмұнының элементтерін ғана емес, ұлт болып ұйысуымызға себепкер ұлттық құндылықтармызды оқытудың тиімді әдістерін ұсынуды да ескерген дипломдық жоба комиссия мүшелерінің оң бағасын алды. Сапалы кадрлар мен педагогтардың элиталы шоғырын қалыптастыру миссиясын алдыңғы орынға қойған «Ұстаз» университетінің бітіруші түлектері диплом қорғауды лек-легімен жалғастыруда.

Айтып кетсек, биыл «Ұстаз» университетін 2300 жуық түлек тәмамдайды. Олардың 230 жуығы мемлекеттік грант иегерлері. Сондай-ақ, күндізгі бөлім бойынша 1000-нан астам студент бітіруде, олардың 80-90% жуығы ұстаздық кызметке бет бұрса, қалғандары магистратураға түсіп оқуларын жалғастырамыз деп жоспарлап отыр.

ТарМПУ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.