Жаңа сабақтар

ОҚУШЫЛАРДЫ МЕКТЕПКЕ ДАЯРЛАУ ӘДІСТЕМЕЛЕРІ

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы білім бөлімінің әдіскері
Жақсыбаева Нұргүл Назарқызы

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп – баланың дамуының жақсы жақтарын жүйелі қалыптастырып отыратын негізгі орын.
Қазіргі мектептің алдында заманауи өмірге бейімделетін және өзін жүзеге асыра алатын оқушыларды даярлау міндеті тұр. Егер мұғалімнің өзі тез өзгермелі әлемнің жағдайларына дайын болмаса, бұл мақсатты бағындыру мүмкін емес. Білім мазмұнын жаңарту оқытудың дәстүрлі репродуктивті стилін жеңуден және оқушылардың танымдық белсенділігін қамтамасыз ететін білім берудің жаңа дамытушы, конструктивті моделіне көшуді білдіреді.
Жаңартылған білім мазмұны бойынша оқыту белсенді болуы, коллаборативті орта жағдайында ұйымдастырылуы, оқытуды саралау, пәнаралық байланыс жүзеге асырылуы көзделеді. Сондай-ақ АКТ қолдану, диалогтық оқыту, зерттеу әдістері жүзеге асырылуы және оқушылардың қажеттіліктеріне уақытында жауап беру міндетті болып табылады.
Тәрбиенің сан салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп. Бастауыш саты – білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Бастауыш сыныптың негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Ендеше, осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға – Ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады.
Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы.
Физиологиялық бейімделу.
Оқу басталуына байланысты жаңадан әсер етуші ықпалдардың әсерінен балалардың ағзасының барлық жүйесі қарқынды түрде жауап қайтарады. Бұл «физиологиялық толқу» айтарлықтай ұзақ уақытқа — 2-3 аптаға созылады. Осы кезеңде ресурстарды үнемдеу туралы айтуға да болмайды, себебі мұнда барлық күш-жігер жұмсалады. Сондықтан ата-аналар осы кезеңде әрбір бала жоғары физиологиялық күш жұмсайтындығын ескеруі тиіс.Оқушы қандай жұмысты орындасын, мейлі ол ақыл-ой жұмысы болсын, мейлі амал жоқтан отырып істейтін қосалқы жүктеме болсын, немесе үлкен әрі таныс емес ұжымда қарым-қатынас жасауға психологиялық жүктемеге ағза, яғни оның әрбір жүйесі өзінің күшіне, жұмысына жауап қайтаруы қажет. Бала ағзасының мүмкіндіктері шексіз, ұзақ күш жұмсау, соған байланысты шаршау немесе болдыру баланың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екендігін барлығымыз да білеміз.
Мұның барлығын айтып отырғанымыздың себебі, біз кешегі тынымсыз балалардың тез шаршағыш болатындығын, оларды партада «тағы да бір сағат» отыра тұр деуге мәжбүрлеудің болмайтындығын, күн тәртібін сақтау керектігін білеміз. Мынаны есте сақтау керек: бала өмірінде қайта құрудың қиындығы барлық балалардың басынан өтеді. Мектепке бейімделудің баяулауының бастысы — бала денсаулығы, сондықтан олардың денсаулығына мән беріп, ауру-сырқауларын емдеп жазу керек.
Әлеуметтік-психологиялық бейімделу.
Көптеген балалар оқудың алғашқы екі айында бейімделеді. Олар ұжымға тез қосылып кетеді, сыныпқа үйренеді, жаңа достар табады; үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүреді, сабырлы, байыпты болып, мұғалімнің талаптарын өз еркімен еш қиындықсыз орындайды. Әрине, олар тәртіптің барлық ережелерін орындай қоюы қиынырақ, бірақ қазан айының соңына карай мұндай балалар жаңа оқушы дәрежесіне, жаңа талаптарға, жаңа күн тәртібіне тез үйреніседі.
Ал кейбір балалардың мектепке бейімделуіне біраз уақыт қажет; олар бір ай немесе одан да көп уақыт бойы сабақта ойнап отыруы мүмкін немесе мұғалімнің ескертуіне қарамай сыныптастарымен төбелесуі мүмкін (немесе керісінше «кішкентай балалар сияқты» жылап және олардың оқу бағдарламасын меңгеруі қиындыққа түсуі мүмкін. Тек бірінші тоқсанның соңында ғана олардың тәртібі дұрысталады.
Басқа балаларда оқу бағдарламасын меңгеруден басқа мейлінше маңызды қиындықтар болуы мүмкін. Олардың тәртіптері нашарлап, көңіл-күйіне кері әсер етеді. Мұғалімдер мен сыныптастары көбінесе осындай балаларға шағымданады. Мұндай балаларды көбінесе сынып ұжымы қабылдамайды, ал бұл олардың керісінше қарсылығын, наразылығын тудырады — үзілісте төбелеседі, сотқарлық жасайды, айғайлайды, сабақта өзін дұрыс ұстамайды. Егерде мұндай тәртіптің себебін дер кезінде анықтамаса, бұл жүйке жүйесінің жұқаруына және психикалық денсаулығының бұзылуына әкеліп соғады. Сондықтан, егер баланың тәртібі мұғалімді, ата-аналарды мазасыздандыратын болса, балалар психологы мен психоневролог дәрігерге көрсету қажет. Әрине осындай психологиялық жүктемелер мен бірінші сынып оқушысының өмір сүру қалпын қайтадан өзгерту «физиологиялық деңгейде» жүзеге асырылады.
Баланың мектепке бейімделуіне негізгі үш жақты қиындық әсер етеді:
Біріншісі, мектептің жаңа күн тәртібі – ерте ұйқыдан тұру, тыныш отыру, сабақтан қалуға болмайды, дер кезінде сабақты орындау және тб. Мұндай дағдылар балада бұрын қалыптаспағандықтан олар шамадан тыс шаршайды, сабақтан қалығысы келіп тұрады , мазасызданады және тб. Көбіне алты-жеті жастағы балаларда өзіндік әдетердің қалыптасуының алғышарттары қалыптаса бастағандықтан кейбір жаңа құбылыстарға бейімделу қиынға соғады. Ең бастысы мұғалім мен ата-ана осы жағдайларды дұрыс ескергендері маңызды.
Екіншісі, баланың мектеп мұғалімімен, құрбыларымен және отбасымен өзара қатынасына байланысты туындаған мінез-құлықтар. Жай ғана мейірімділіктен мұғалім өзінің авторитарлық стилі талап етушілік, қаталдық, мінез құлықта қажетті әрекеттердің орындаулуын талап етуші болып көрінеді. Ол үнемі баланың жұмысын бағалап отырады. Кей жағдайда бала өзін құл ретінде сезуге дейін барады. Нәтижесінде кейбір балалар жасқаншақ, ал біреулері үйде бас ал мектепте мүлдем басқаша қылық көрсетеді. Ейбір оқушылар жаңа ортада өздерін дұрыс меңгере алмай, басқа балалармен танысуы бірден болмағадықтан, өзін жалғыз сезінеді. Тәжірибелі мұғалім барлық балаларға бірдей талап қояды, бірақ әр баланы жеке-жеке қадағалайды. Бала мектепке келгеннен соң оның үйдегі орны да өзгереді. Оның міндеттері де және құқықтары да жаңаша құрылады. Мысалы оның сабақ орындауына ерекше, бөлек уақыт қажет болғадықтан үлкендер оның күн тәртібімен санасады.
Үшінші түріне бірінші сынып оқушылары оқу жылының ортасына қарай сезінеді. Олар басында мектепке бірден жүгіріп, уақытынан ерте баратын болса, кейіннен ересектердің ықпалымен ғана барады. Өздерінің әрбір алған бағасына қуанып, сабақты қызығушылықпен орындаса осы кезеңде ол төмендейді және бәрібірлікке ауысады.

Біз ұлт болашағын, еліміздің келешегі — жас ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды әсте ұмытпаған жөн. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Біз сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуіміз қажет.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.