NIS

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ ОНЛАЙН ЕСТІЛДІ

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау үні естілді. Балалық балдәуреннің тағы бір белесі артта қалды. Бірақ, биылғы соңғы қоңыраудың үні мен сыры да ерек. Себебі оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған мерекелік шара онлайн-режимде өтті.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте» соңғы қоңырау шарасы бастауыш мектепте сынып сағаттары, ал негізгі мектепте шаңырақ сағаттары форматында онлайн режимде MS Teams платформасында өткізілді.
Оқу жылының аяқталуына арналған шараны оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар ақпараттық технологиялардың көмегімен тамашалады. Шараны жүргізу тізгіні сынып жетекшілер мен педагог-ұйымдастырушы-кураторларда болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранынан бастау алған соңғы қоңырау шарасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп директоры Ғалия Сыздықованың бейнеқұттықтауымен жалғасын тапты. Мектеп басшысы мерекелік шараға қатысушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады:

  • Осынау қажырлы жұмысымыздың тағы бір белесі 2019-2020 оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы әрқайсымыз үшін өз оқиғаларымен, өз жетістіктерімен есте қалды. Кездескен қиындықтарға қарамастан, біз үшін оқу жылы жемісті болғанын зор сеніммен айта аламын. Бұл сөзімді біздің оқушыларымыздың оқу үлгерімінің жоғары көрсеткіштері дәлелдейді. 2019-2020 оқу жылы аясында мектебіміз Халықаралық Бакалавриаттың Дипломдық бағдарламасы бойынша авторизация алды. Сондай-ақ, CIS Халықаралық мектептер кеңесінің мүшелігіне қабылданды. Ұстаздарымыз халықаралық және республикалық деңгейдегі педагогикалық шеберлік байқауларының жеңімпаздары атанды. Аталған жетістіктердің қатарын оқушыларымыздың жеңістері толықтыра түседі. Бұл дегеніміз, оқу жылының табысты аяқталғандығының дәлелі. Бүгінгі барлық алғыс пен жылы сөздер құрметті ұстаздар қауымына арналады, өйткені дәл сіздердің арқаларыңызда балалар ғажайып білім әлемінің есігін ашады. Әрине, бұл ретте бізге әрдайым қолдау көрсетіп, жетістікке бірге жетелеген ата-аналардың да еңбегін айтпай кетуге болмас. Біз жыл бойы сіздердің қолдауларыңызды, риясыз көңілдеріңізді, қамқорлықтарыңызды сезіндік. Біз бұл белестің аяқталып, алдағы оқу жылында мектеп қабырғасында қайта қауышамыз деген үміттеміз», дейді Ғалия Сыздықова.
    Білім беру саласына енгізілген өзгерістерге сәйкес, оқу жылының қашықтан оқыту форматында жалғасын тапқан төртінші тоқсаны оқушыларымыз бен ұстаздарымызға оңайға соқпағаны анық. Кедергілер мен қиындықтарды бірлесіп еңсеруге тура келді. Шәкірттеріміздің алаңсыз білім алулары үшін мектеп мен ұстаздар қауымы бар күштерін салды. Әрине, ешбір платформа оқушы мен мұғалімнің жанды да шынайы қарым-қатынасын алмастыра алмайды. Бұл сөзімізге, оқушыларымыздың ұстаздарына деген сағыныштары мен ыстық ықыластарын сыйғызған әсерлі бейнежолдаулары дәлел бола алады. Балалардың «Ұстазым» атты әніне түсірілген «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» тақырыбындағы бейнежолдаулары соңғы қоңырау шарасына өзгеше бір реңк берді.
    Келесі кезекте мектеп ұжымы мен ұстаздар қауымын қызығы мен шыжығы қатар келген оқу жылының аяқталуымен ата-аналар комитеті құттықтады:
    Елімізде бұрын соңды қолданыста болмаған жаңа форматты игеріп, жаңа дүниеге балаларды да бейімдей алған ұстаздарға қанша алғыс айтсақ та аздық етеді. Сандық жүйеге ауысу заман талабы екендігі сөзсіз, оның бір көрінісі – бүгінгі онлайн режимдегі соңғы қоңырау шарасы. Аяулы ұстаздар, еселі еңбектеріңіз бен болаттай төзімдеріңіз, сапалы білім мен өзгеріске деген оң көзқарастарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл кезең де өз мәресіне жетті деп үміттенеміз, — дейді ата-аналар.
    Қашықтан форматындағы соңғы қоңырау мерекесін зияткерлердің шығармашылық нөмірлері жалғастырды. Сынып жетекшілер мен педагог-ұйымдастырушы-кураторлар үздіктерді марапаттап, ағымдағы оқу жылында оқушылардың қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Балалар монитордың екінші жағынан мектепке деген сағыныштарын жасыра алмай, ұстаздарына ізгі тілектерін жаудырды.
  • Оқу жылы да өз мәресіне жетті. Елімізде орын алған өзгерістерге қарамастан, білім беру процесін жағдайға сай икемдеп, оқытуды жалғастырған мұғалімдерімізге алғыс айтамыз. Әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, білім алуымызға мүмкіндік сыйладыңыздар. Сіздерге деген құрметіміз одан сайын арта түсті. Жазғы демалысты пайдалы өткізіп, сіздермен қауышар күнді асыға күтетін боламыз, — деді оқушылар бірауыздан.
    Бірер сәттен соң тебіреніс пен толғанысқа толы соңғы қоңыраудың үнін еститін уақыт та келіп жетті. Көңілде – алып ұшқан сағыныш, жүректе – жылу. Осылайша, оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар қимастықпен қоштасты.

Сандуғаш Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.