Жаңалықтар

ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

«Білім берудегі менеджмент» кафедрасының ұлағатты ұстаздары аға оқытушы АЗИМБЕКОВА Разиша Сұлтанқызы және п.ғ.к., профессор КӨШІМБЕТОВА Сейсекүл Айтжанқызының 60 жас мерейтойына арналған «ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА» Республикалық педагогикалық вебинар өтті.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы.

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры, даңықты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді … . Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» – дегендей өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр сеуіп, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп аянбай тер төгетін ұстаздардың жөні әрқашан бөлек.
Республикалық педагогикалық вебинарды Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Клара Жайдарбековқызы құттықтау сөзімен ашып, мерейтой иелерінің өнегелі өмір жолдарымен таныстырды.
Республикалық педагогикалық вебинарға қатысушылардың назарына Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры п.ғ.к., Көшімбетова Сейсекүл Айтжанқызы мен аға оқытушы Азимбекова Разиша Сұлтанқызынының педагогикалық еңбек жолын паш ететін «Білім берудегі менеджмент» кафедрасының ұжымы арнайы дайындаған бейнеролик ұсынылды.
Республикалық педагогикалық вебинарға қатысқан Л.Н Гумилев атындағы Ұлттық Евразиялық университетінің профессоры, п.ғ.д. Шалғынбаева Қадиша Қадырқызы; Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.к. Бұлақбаева Мейрамкүл Кеңесбаевна; «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшысы, «Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Орманова Мария Айтбайқызы және Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Орыс филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Минайдарова Мария Естаевна мерейтой иелерін құттықтап, қажымас еңбектеріне толағай табыстар тіледі, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Ұлағатты ұстаздарды шәкірттері атынан құттықтаған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ерсұлтан Нүсіпжанов өзінің сүйікті ұстаздарына арнап өзінің шығарған, сиясы кеппеген өлең шумақтарын арнады.

Клара БҰЗАУБАҚОВА
«Білім берудегі менеджмент» кафедрасының
меңгерушісі, п.ғ.д., професор

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.