NIS

ЖАУЫНГЕРГЕ ХАТ

Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақбота Таубалдиева

Ұлы Жеңістің 75-жылдығы қарсаңында Зияткерлік мектептерде «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз» онлайн-марафон бастау алды. Шара аясында Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақбота Таубалдиева оқушыларды көркем шығармашылыққа баулу мақсатымен «Ұлы ерлікке тағзым» тақырыбы бойынша «Жауынгерге хат» эсселерін жаздырды. Оқушылар қиялдарын, ал ардагер аталарды көрген зияткерлер естелік ретінде шығармаларын жазып шықты. Сол хаттардан үзінділер…

Ағама хат
Сәлем хат, менің қымбатты да қадірлі Ағам! Білесің бе, сені сондай қатты сағындық! Кішкентай бауырым Наурызбай менен: «Ағам неге біздің қасымызда емес?» деген сұрақ қоя береді. Оның сұрағына жауап беру мен үшін қиын әрі ауыр. Біз Ертіс бойында тұрып жатырмыз. Үй іші жылы. Жалғыз сиырдың амандығына шүкір етіп жүрміз. Сиыр бар болса, сүт те бар. Таң бозарып атқанда далаға шықтым. Алғашқы қар да жауыпты. Аспан мен өзен түсі бірдей көгілдір түске боялыпты. Сондай әдемі көрініс, әттең… қасымызда сен жоқсың…
Сәлеммен, ініңіз, 7 сынып оқушысы Бужигитов Роллан

Сәлеметсіз бе , бейтаныс солдат! Мен сізді білмеймін, бірақ мен сізге таңданамын, сіздің қызметіңіз оңай емес, бірақ Отанымыз үшін өте маңызды. Сізді мықты және батыл деп ойлаймын. Біз сізге қиын екенін білеміз. Бірақ сіздің , мықты қорғаушының , артында, мыңдаған адам өмірі тұрғанын ұмытпауыңыз керек. Сізге әскери және кейінгі өмір жолында кездесетін барлық қиындықтарды жеңіп шығуларыңызға тілектеспіз. Сізге, беймәлім солдатқа, бейбіт аспан тілеймін. Денсаулық, сәттілік, жеңістер, күш, шыдамдылық! Болашақта мен де еліме қызмет етемін. Сау болыңыз!
Сәлеммен, 7 сынып оқушысы Сейдін Аяжан

Солдатқа хат
…Әрине, Сіз мені білмейсіз, өйткені мен ашық аспанында дүниеге келдім.
Мен снарядтардың жарылуын ешқашан естіген емеспін, мен аштық пен суықты сезбедім, өртенген қалалар мен ауылдардың күлін көрмедім, бұның бәрі сіздің батылдығыңыздың, шыдамдылығыңыздың және өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігіңіздің арқасында . Мен соғыс туралы тек кітаптардан, фильмдерден, тарих сабақтарынан және үлкен әжемнің әңгімелерінен білемін. Менің үлкен әжемнің әңгімелерін тыңдай отырып, өз өмірлерін аямай, Отан қорғауға аттанған сарбаздардың ерлігіне таң қалдым!
Сізге рахмет, сарбаз, сіз аштық пен шаршауды білмей, соғысқа аттандыңыз. Жолдастарыңыздан айырылдыңыз, соған қарамастан қиындықтан бас тартпадыңыз. Өміріңізді қиып, бізге бейбіт өмірді сыйладыңыз. Сол үшін сіздің алдыңызда басымызды иеміз.
Сәлеммен, 7 сынып оқушысы Мукашева Айсұлу

Атамның айтқан әңгімелері
Атамның сөздері мен әңгімелері терең мағыналы болғандықтан, бала кезімнен ерекше көңіл бөлуге тырысатынмын. Кейде кез-келген тақырыпқа өмірден мысал келтіріп, әңгіме айта алуына таңғалатынмын. Алайда маған қатты әсер еткендердің бірі арғы атамның екінші дүниежүзілік соғыстағы басынан өткізген оқиғасы.
1940-1945 жылдар аралығында неміс танкілері жайлы және қарсыластарға қатысты мәлімет табу үшін 7-8 адамнан тұратын бір топты Ресейдің Ишенск қаласына жіберіп тұратын. Осы топтың құраында менің Абикеев Шайман атам да болған. Атамның айтуынша, жау қолынан қаза табу қаупі болғандықтан, оқ атып, артық қимыл істеп, көзге түсуге тыйымға салынған. Бірақ сондай экспедицияларының бірінде аңдушыларға шабуыл жасалынып, атылған оқтың бірі атамның аяғына, екіншісі өкпесіне тиеді. Ауыр халде жатқан атамды жолдастары ертең аламыз деп, шөп арасына көміп кетеді. Ауруханаға жеткенде атамның жағдайы әлсіз болғаны соншалықты, әскери белдігін шешіп жатқанда жерге құлайды. Дәрігерлер жарақаттанған өкпесінің ренгенін көргенде, қуаныштан күліп жібеді. Оқ қолқа тамырының жанынан өтіпті. “Әрине, өкпең зақымданған соң, жасың келгенде ентігіп жүресің, дегенмен бақытты жан екенсің!” деп дәрігерлер қуанышты хабар жеткізеді.
Біраз уақыт өткен соң, бұл дәріхананы немістер тағы келіп, бомбылайды, үрейленген адамдардың көбісі орманға қашып кетеді. Ал аяғы зақымданған атамның тіпті тұруға шамасы болмағанда, “айдалада қалған жалғыз мұсылман, өз иманымды, өзіме бұйыр” деп өз орнында қала береді. Немістердің самолеты айналып ұшып, өз жерлеріне қайтады. Сонда атам “Елге аман-сау оралсам, мүгедекке берілетін ақыны алмай, еңбектеніп, зейнетке өз күшіммен шығамын” деп өз-өзіне уәде беріпті. 1944-1945 жылдары үйіне қайтып, ауылына пайдасын тигізу үшін канал қазу сияқты түрлі жұмыстармен айналысады.
…Қорытындылай келе, соғыс туралы оқиғаларды естіп, оқудың өзі қазіргі жастарға қорқыныш сезімін ұялатып, бейбітшіліктің маңыздылығын көрсетеді. Ал осы оқиғаларды өз көздерімен көріп, басынан өткізген ата-әжелерімізге біз көптен-көп қарыздармыз. Халқының амандығы, болашағы үшін қатыгездікпен, өліммен күрескен жандарды ұмытпай, жүрегімізде сақтау – біздің парыз.
Мұрат Қымбат, 12 сынып

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.