Жаңалықтар

«Тарих төріне тақ орнатқан тұлғалар» республикалық онлайн-алаң

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен Әл-Фарабидің 1150-жылдық және Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерейтойына орай «Тарих төріне тақ орнатқан тұлғалар» тақырыбында зияткерлік сайыс өтті. Бұл елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты студенттердің қашықтан білім алу белсенділіктерін арттыру, қос тұлғаның шығармаларындағы рухани серпіліске бағыттайтын ізгілік ойларын насихаттау, «Рухани жаңғыру» құндылықтарын студенттер бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шара.

Білім бәсекесіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті сынды еліміздегі 8 жоғарғы оқу орынның студенттерімен қатар Түркиялық Муғла Сыткы Кочман университетінің магистранттары қатысты. Online алаң атауына ие болған зияткерлік сайыс ZOOM платформасы арқылы жүзеге асты.

Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының рухани серпіліске бастайтын еңбектеріне негізделген зияткерлік сайыста Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының оқытушысы, абайтанушы Рахат Саламатова сынды білікті мамандар қазылық етіп, қатысушылардың философиялық тұжырымына, Фараби мен Абай ілімін саралау дағдыларына баға берді.

Сайыс екі кезеңді қамтып, он қатысушының үшеуі екінші кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Кәдірбай Перизат Бауыржанқызы III орынға ие болса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Тұрсыналиева Еңлік Дарханқызы II орынды қанжығасына байлады. Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Садырбекова Аяужан Алтынбекқызы оқ бойы озық болып I орынға ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тағайындалса, өзге қатысушыларға арнайы алғыс хаттар жарияланды. Аталмыш жүлделер мен алғыс хаттар қатысушыларға қазпошта арқылы жөнелтілді.

Адам болмысы мен ізгілік ұғымын өз еңбектеріне арқау етіп, тарих төріне тақ орнатқан тұлғалардың өшпес мұраларын айшықты мазмұнына айналдырған білімділер додасы көпшіліктің көңілінен шығып, онлайн эфирді тамашалаған көрермендердің тарапынан қолдау табу арқылы сәтті түрде өз мәресіне жетті.

ТарМПУ баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.