Жаңа сабақтар

Мектеп жасына дейінгі балаларға музыкалық тәрби е берудің маңызы мен міндеті

Ізбағанбет Айгерім Айбарқызы

Ақтау қаласы МКҚК №39 «Хиуаз» балабақшасы

Адамның парасатты ойы мен терең сезім дүниесін бейнелейтін, эмоциялық әсер туғыза алатын жарқын көркем шығармалар жан дүниенің эстетикалық жақтарын қозғап, тәрбиенің қайнар бұлағы мен құралына айналады. Музыканың тағы бір ерекшелігі, Д.Шостаковичтің айтуынша, «өзіндік тамаша тіл». Бейнелі, жарқын әуенді, жан-жақты үйлесімді, өзіндік бір ырғақты ұштастыра отырып, композитор өзінің дүние сезімін, айналасына көзқарасын бейнелейді. Мұндай шығармаларды қабыл алғандардың бәрі солар арқылы рухани байи түседі.

Ал бірақ, музыка тыңдаушылардың бәріне бірдей күшпен әсер ете ме? Әлбетте, бірдей әсер етпейді. Бұл — оның тағы бір ерекшелігі. Әр адам музыкаға өзінше ынталы, онымен өзінше әуестенеді, ол музыка жанрының қайсыбіреуіне, өзі ұнатқан композиторына, тыңдаудағы белгілі тәжірибесіне сай жеке бір артығырақ ден қояды. Оқып, жаза білуге, есептеуге, сурет салуға қалай үйренсе, музыканы танып, бағалай білуге, образдардың ширақ дамуын, әр тарап тақырыптардың қақтығысымен тартыстарын және олардың аяқталуын жіті байқап, музыканы зейін қойып тыңдай білуге де дәл солай үйрену қажет. Тыңдаушы музыканы терең ұғыну үшін оның бүкіл даму барысына ілесе отырып қабылдауы тиіс. Осы «өзіндік тамаша тілді» жіті ұғып, түсіне білуге үйрену қажет. Сонда бірте-бірте музыкалық талғам қалыптасады, музыкамен ұдайы шұғылдану қажеттігі туады, барған сайын нәзік және алуан түрлі тебіреніс-толғанысқа бөленушілік күшейе түседі.

Музыканың біз ынта қоятын тағы бір ерекшелігі – оның адам өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ әсер ететіндігінде. Құлаққа жағымды бесік жырын естігенде нәресте тыныштала қалады. Ал енді сергек марш ойналса, оның жүзінде өзгеше нышан байқалып, қимыл жеңілдейді. Бұл сияқты эмоциялық әсер нәрестені ерте бастан музыкаға баулуға, эстетикалық тәрбиенің белсенді көмекшісі етуге мүмкіндік туғызады.

Әр модульдағы әдістемелік бағыттар бүлдіршіндерге музыкалық тәрбие берудегі тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етпек.

Ақыл-ой мен дене жағынан дамуды, адамгершілік пен өмірге деген эстетикалық көзқарастарын үйлесімді ұштастыру – жан – жақты жетілген жеке тұлғаны қалыптастырудың қажетті шартты. Балаларға музыкалық тәрбие беруді дұрыс ұйымдастыру көптеген мәртебелі міндетке жету ісіне көмектеседі.

Музыка – балаға эстетикалық тәрбие беру құралы. Эстетикалық тәрбие мектеп жасына дейінгі балалардың әсемдікті қабылдап, сезіну және түсіну, жақсы мен жаманды байқап, шығармашылық тұрғыдан жеке қимыл жасау, сөйтіп көркемдік қызметтің әр түріне қамтылу қабілеттерінің дамытуға бағытталған.

Ал жалпы музыкалық қабілеттің негізгі белгілері қандай?

Музыкалық қабілеттің бірінші белгісі – музыкалық шығарманың сипатын сезіну, естігеніне бірге қуану не күйіну, эмоциялық әсерін көрсету, музыкалық образды түсіну қабілеті.

Музыка бөбекті толғандырады, қабылдаушылық қабілетін оятады, өмір құбылыстарымен таныстырады, оларды бір-бірімен салыстырған ой туғызады. Марштың ырғақты әуені оның көңіл күйін қуанышты, көтеріңкі етсе, ал науқастанып қалған жайындағы пьеса мұңайтады, жабырқатады.

Музыкалық қабілеттің екінші белгісі – тыңдау қабілеттілігі, неғұрлым жарқын және түсінікті музыкалық құбылыстарды салыстыру, оларға баға бере білу қабілеті. Мұның өзі ең қарапайым музыкалық дыбысты тыңдап, білу мәдениетін, қайсыбір бейнелеу құралдарына ден қойып, еркін тыңдау қабілетін талап етеді. Мәселен, балалар музыкалық дыбыстардың ең карапайым қасиеттерін (рояль мен скрипка тағы басқа аспаптардың жоғарғы және төмен тембрлік дыбысын) бір-бірімен салыстырады, музыкалық шығарманың ең қарапайым құрлымын (әннің бастамасын, қайырмасын, пьесадағы үш бөлімді т.б.) бір-бірінен айырады, бір-біріне қарама-қарсы көркем образдардың айқындылығын (өлең бастамасының биязы жұмсақ және созылыңқы сипаты мен қайырманың жігерлі тез сипатын) байқайды. Бара-бара балалардың өздері бар ынтасымен тыңдайтын және орындайтын сүйікті шығармаларының қоры жинақталады, музыкалық талғамдардының алғашқы негіздері қаланады.

Музыкалық қабілеттің үшінші белгісі – музыкаға шығармашылық көзқарастың көрінісі. Бала музыканы тыңдап отырғанда, көркем бейнені, әнді, ойынды, биді көз алдына елестете отырып, өзінше қабылдайды. Мәселен, бала сергек басып келе жатқан балаларға, маң-маң басқан аюға, үркек қоянға, т.б тән бейнелі қимылды іздейді. Таныс би қимылдары жаңа құрылымдар мен түрлерде қолданылады. Бала қарапайым әуендерді ойдан шығарып айта береді.

Музыкаға жалпы бейімделушіліктің дамуына қарай балалардың музыкаға деген эмоциялық көзқарасы қалыптасып, есту қабілеті жетіле түседі, шығармашылық елестету сезімі пайда болады. Балалардың тербеніс-толғаныстары өзіндік эстетикалық реңк алады.

Музыка – баланың моральдық бейнесін қалыптастыру құралы. Музыка баланың сезімдеріне тікелей әсер ете отырып, оның моральдық бейнесін қалыптастырады. Музыканың ықпалы кейде үгіттеуден де, нұсқаулардан да анағұрлым күшті болады. Балалардың эмоциялық-бейнелік мазмұны әр түрлі шығармалармен таныстыра отырып, біз оларды қосыла әсерленуге баулимыз.

Топ болып ән салу, билеу, ойнау көп ретте тәрбиелік міндеттерді шешуге көмектеседі, мұндай балалардың бәрі ортақ әсерге бөленеді. Ән айту қатысушылардың бәрінің бірдей күш салуын қажет етеді. Әнді дәл айтпайтын адам әннің жақсы айтылып, орындалуына кедергі жасайды, ал ол бәрінің сәтсіздігі ретінде қабылданады. Көптің бірдей тебіренуі дербес дамудың қолайлы негізін қалайды. Жолдастарының үлгісі, бәрі бірдей шаттанып, қуанышты түрде орындауы жүрексіз, батылсыз балаларды қанаттандырады. Басқа балалардың сәтті шыққан өнерін ықылассыз, өр көкірек баланың жағымсыз қылықтарға бой ұруына белгілі кедергі болып табылады. Ондай балаға жолдастық көмек көрсетуге, сөйтіп, кішіпейілділікке тәрбиелеуге және оның басқадай қабілеттерін дамытуға болады.

Музыкамен айналысу мектеп жасына дейінгі баланың жалпы мінез-құлқына, мәдениетіне себебін тигізеді. Түрлі тапсырмаларды, іс-қимыл түрлерін (ән айту, музыка тыңдау, балалар аспаптарында ойнау, музыка ырғағына үйлесімді қимылдар жасау) алма-кезек ауыстырып отыру балалардың ықылас қоюын, тапқырлық көрсетуін, тез қабылдап, тез тауып қимыл жасауын, ұйымшыл болуын, жігерлі күш-қимылды: әнді уақытында бастап,дер кезінде аяқтауды; биде, ойындарда тезірек жүгіріп кеткісі, әлде кімдерден озып кеткісі келген ықтиярсыз тілекке берілмей, музыкаға бағынып, қимылдай білуді талап етеді. Осының бәрі тежеу үрдісін жетілдіреді, ерік-жігерді тәрбиелейді.

Сөйтіп, музыка баланың жеке басының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар туғызады, болашақ адамның жалпы мәдениеттің алғашқы түп негіздерін қалайды.

Музыка – ақыл-ой қабілеттерін дамыту құралы. Музыканы қабылдау ақыл-ой үрдісімен тығыз байланысты, яғни зейінді, байқағыштықты, тапқырлықты талап етеді. Балалар дыбыс үніне құлақ салады, ұқсас және бір-біріне өзгеше дыбыстарды салыстырып, олардың бейнелік мәнімен танысады, көркем бейнелердің сипатты мағыналық ерекшеліктерін байқайды, шығарманың құрылымын түсіне білуді үйренеді. Шығарма орындалып болған соң тәрбиешінің қойған сұрақтарына жауап бергенде бала алғашқы тұжырымдары мен салыстыруларын айтады: пьесаның жалпы сипатын анықтайды, әннің әдеби тексінің музыкалық құралдары арқылы жарқын бейнеленгенін ескертеді. Мұндай эстетикалық баға беру алғаш ұмтылуда ақыл-ойдың алғыр болуы қажет етіледі және оған педагог бағыт беріп отырады.

Өнердің басқа түрлері сияқты музыканың танымалдық маңызы бар. Онда мектеп оқушыларын жаңа көріністермен байытатын өмір құбылыстары бейнеленген.

Баланы эстетикалық және ақыл-ой тұрғысынан жетілдіре отырып, оның қабылдау және көз алдына елестету қабілетін жандандырып, ой-қиялын оятатын кішкентайда болса шығармашылық көріністерін барынша демеп, қолдау керек.

Ересек адам балаға шығармашылық тапсырма берген кезде ақыл-ой белсенділігін қажет ететін ізденіс туады. Мәселен, ән айтқанда бала әуеннің өзі тапқан түрін жанынан шығарып айтады, әдеби текстің бейнелі интонацияға сәйкестігін табуға тырысады.

Музыкалық-ырғақ сәтінде балалар рахаттана әндетіп, музыка ырғағына сай қимылдай жүріп, өздері ойлап тапқан жаңа биге көшеді. Би, халықтың жеке билері, пантомима, әсіресе музыкалық –ойын түріндегі драма балаларды өмір көріністерін бейнелеуге, бейнелі қимыл, мимика, сөз арқылы қайсыбір кейіпкерді сипаттауға итермелейді. Бұл жағдайда белгілі бір жүйе байқалады; балалар алдымен музыканы тыңдайды, тақырыпты талқылайды, рольдерін бөліседі, содан кейін барып іске кіріседі. Әрбір кезеңде ойлануға, қиялдауға тура келетін жаңа міндеттер туып отырады.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.