Жаңа сабақтар

Бакытжанова Жазира Сериковна

БҚО.Бәйтерек ауд.Чувашинск ауылы.Чувашка ЖОБМ жанындағы «Балдәурен»шағын орталығының тәрбиешісі:
Бакытжанова Жазира Сериковна

«Балабақшадағы бала тәрбиесі»

Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. «Бала естігенін айтады, көргенін істейді» — деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата — анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс — тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім – тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ, ендеше жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталады емес пе? Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімге баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық.

Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Бала жас тал болса, ал ересектер оған бағбан болуы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан іс. Сәби жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші, тәрбиелеуші тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы керек.Тәрбие – қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Сондықтанда бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады.

Балабақшада балалар бірі тілалғыш, бірі айтқанды істемейтін, бірі көңілшек, бірі ашық жайдарлы болады. Яғни, аралас орта құралады. Міне, осылардың әртүрлілігіне мән беріп, жалпы ортақ тәрбие – адамгершілік тәрбиесі беріледі. Әр түрлі ойындар, шүйіркелесу, достасу, бірге отыру, бірге тамақтану, бір-бірін құрметтеу, ұрмау, жылатпау, көмектесу сияқты жан-жақты тәрбие беру тәрбиешінің қатысуымен іске асады. Баланың ойын кезіндегі белсенділігі, өзара қатынастар жасауы оның дамуына ықпал етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата-ана өздеріне қағида ретінде ұстанса нұр үстіне нұр болар еді. Оқу мен тәрбие — бір-бірінен бөлек алынып қаралмайтын күрделі процесс. Жаңа заманның жаңашыл ұстазы осы екі үрдісті бірдей теңестіріп алып жүру оның шеберлігі мен іскерлігін көрсетеді.

Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты біре сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Иә, Мағжан аталары айтқан даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ керек екенін айқындайды. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артып отыр. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.Бaлаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым- қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс- тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі- өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Сонымен қатар жан- жақты жетіледі.

Балабақшада баланың жас ерекшелігіне сай сұйымдастырылған оқу қызметтері өтіледі.

«Балалар — біздің болашағымыз.» Сондықтан балаларды ерекше күтіп, тәрбиелеу керек. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіміз қажет және баланың үйде отырмай, балабақшаға барғаны жөн. Өйткені, бала сыртқа шықса, айналадағы ортаға үйренеді, мінезі тұйық болмайды, адамдармен тез араласады. Балабақша ең алдымен баланы тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Баланың ойлау қабілеттерін арттыру арқылы ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейміз. Ата- бабаларымыз айтқандай баланың тәрбиесі бесіктен басталады, яғни тәрбиенің негізі отбасынан бастау алaды. Балабақша, одан кейін мектеп адамның қоршаған ортада жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болады деп ойлаймын. Ата-аналар таңертең бізге балаларын әкеліп, жұмысқа кетеді. Әке-шешесі аманаттап бізге сеніп тапсырып кеткен балаларға жауапкершілікпен қарамауға болмайды. Балалар аман, қуанып жүрсе, бізге одан артық бақыт жоқ. Оларды бір күн көрмесем сағынып қаламын.Бұл балабақша да еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын отансүйгіш, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу үшін аянбай еңбек ету керек.

Балабақша ұжымы барлық балабақшалар секілді келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етуде. Шынында да, тәрбие сәби дүниеге шыр етіп келген алғашқы сәттен басталуы керек. Адам мінезі бес жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады деседі. Ендеше, жас сәбиді алғашқы күннен бастап тәрбиелеу керек. Әрине, баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Дегенмен, тәрбие ретінде балабақшаның да алатын орны ерекше. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді аямайық!

Балабақшамыздың ауласы сәбилердің сыңғырлаған күлкісі мен шаттығына толы болып, алдағы алар белестері биік, тамыры терең болсын!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.