Жаңа сабақтар

Өмірін өнерімен өрнектеген

Киелі Пір Бекет атамыздың нұрына малынған Кең Жылой – әсем ән мен шалқыған күйдің мекені. Мұнда халқымыздың рухани-мәдени мұрасын бізге аманат қылып жеткізе білген небір дүлділ әншілер, күйшілер өткен. Солардың ішінде өзінің өмірін білім саласына, мәдениет пен әдебиетке арнаған менің өнер жолындағы алғашқы ұстазым туралы айтпақшымын.

Ұлағатты ұстаз, күйші, ақын Таңқыбаев Айтбай Сарыұлы — 1944 жылы 18 желтоқсанда Гурьев облысы, (қазіргі Атырау облысы), Жылой ауданы, Қызылқала ауыл советінде дүниеге келген.

1963 жылы орта мектепті бітіріп, 1969-1973 жылдары Гурьев қаласы музыка училищесінде домбыра аспабы бойынша білім алды.

1973-2012 жылдар аралығында ауданымыздың саз мектебінде шәкірттерді өнерге баулу жолында ұстаздық етіп, бірнеше жыл бойы мектеп басшысы қызметін атқарды. Аудандық ұлт аспаптар оркестірінің белді мүшесі болды.

Айтбай Сарыұлы – облыстық, аудандық күйшілер сайысының бірнеше дүркін лауреаты.

Айтбай Сарыұлының есімі ұлағатты ұстаз, күйші ретінде ғана емес, сонымен қатар ақындығымен де аудан жұртшылығына танымал. Оның өлеңдері аудандық газеттерде жиі жарияланып тұратын. Өлеңдерінің негізгі тақырыбы – адамгершілікке, жастарды өнер-білімге, саналы азамат болуға шақырады.

Айтбай Сарыұлы – тәрбиелік бағыттағы, арнау, сын-сықақ сипатындағы өлеңдер жазудың нағыз шебері еді. Өмірдегі жақсы адамдар, жас ұрпақ , өнердегі жора жолдастары туралы қаншама жырлары бар десеңізші…

Өлеңдерін ақ тілекпен шабыттана жазып, жазғандарын қатты қағазға маржандай әріптермен тізіп, желімдеп, айы-күнін көрсетіп кейіпкеріне арнайы табыстайтын. Ол әрдайым турашылдықты, әділетті жақтап, бұқпантайлықты, жағымпаздықты жек көретін.

Тура айтқыш болғасын,
Ақымақ, кекшіл, надандар
Мені тәуір көрмеген.
Орынсыз тисе арыма
Кім болса да аямай
Өткір сөзбен жерлегем. – деп жырлаған екен.

Айтбай Сарыұлы 72 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Әкенің өлеңдерін жинақтап ұл-қыздары «Жүрегімнен жарып шыққан жырларым» атты кітабын шығарды. Мен оның шәкірті ретінде өлеңдерін саралап отырып биылғы жылы Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай «Ұлы Абайға» атты өлеңін және өзінің туған жеріне деген ыстық махаббатын паш ететін «Көркейе бер, Құлсары» атты күйін ұсынуды жөн көріп отырмын.

Ұлы Абайға

Шабытпен қаламыңды алдың қолға,
Қазақтың тілін салдың түзу жолға.
Халқыңа азаматтық ұран тастап,
«Адам бол,-дедің дағы, арын-қорға!»

Талантың биік асқан айбының да,
Есіміңді таратты, жайды мыңға
Мұхитсың мәңгі шексіз шалқып жатқан,
Жүзгендей боламыз біз айдынында.

Ұлы ақын, ұлы ойшыл кемеңгерім,
Жыл сайын тұңғыиықтай тереңдедің.
Жастарға ақыл айтқан бағыт беріп,
Нақылға кетті айналып өлеңдерің.

Жолыңды талай шәкірт әлі қуар.
Өзіңе ұқсамаққа белді буар.
Сендей жан дүниеге көп келмейді,
Санаулы, ғасырда бір сирек туар.

Атырау облысы, Жылой ауданы, Құлсары қаласы
Т.Құлтумиев атындағы №1 Құлсары балалар саз
мектебінің мұғалімі Карменова Райхан Айтжанқызы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.