Жаңа сабақтар

«ӘКЕШІМ, АСҚАР ТАУЫМ»

Мектепте оқып жүрген кезімде, қазақ тілі пәнінен Аймаханбетова Фатима апайымыз жыл сайын, жаңа оқу жылдың басында «Менің жанұям», «Жазғы демалысым» атты шығарма жазуға тапсырма беретін. Берілген шығарманы сыныптастарым қиналып жазатын болса, мен мектептен келе сала, шығармамды әкеме айтып, өзім көшеге ойнауға кететінмін.

Даладан ойнап-ойнап келемін де, әкемнің жазып берген шығармасын көшіріп алып, ертесіне мектепке барып өзім жазғандай етіп, апайға және сыныптастарыма оқып беріп, 5 деген баға алып кететінмін.

Әдебиет пәнінен де Фатима ұстазымыз Алпамыс, Қобыланды, Манас жырларын жаттауға беретін. «Жаттай алмасаңдар ,түсініктеріңді жазып келіңдер» — деп үйге тапсырманы беретін. Мен әдеттегідей үйге келе сала: «Папау, бүгін жырау немесе батырлар тақырыбында тапсырманы берілді, түсінігіңізді жазып беріңізші» деймін.

Әкешім маған қарап жымиып, «Балам-ау сонда сен не оқисың» деп, күлімсіреп өзі жазып беретін. Шығарманы көшіріп алып, ертесіне сыныпқа барып өзім оқып, түсінігімді жазғандай етіп оқып беріп 5/5 бағасын алып жүрдім. Әкемнің арқасына қазақ тілі қазақ әдебиет пәндерінен жылда 4-5ке шығатынмын. Арада біраз жылдар өтіп, 10 сыныпқа өткен кезде мен өтте қатты қиналдым, себебі дайын шығарма жазып беретін Әкем жоқ еді.

Күндердің бір күні Анамның көңіл-күйі болмай отыр екен. Жанына барып сұрасам, «Айналып кетейін құлыным-ау, Әкеңнің бір қасиетіне ұқсамапсың. Әкең сегіз қырлы бір сырлы еді. Жылдың мезгіліне қарамай аяқ-киімізді тазалап жуып, майлап қойып тап-таза етіп кіргізетін, жаз мезгілінде сендер тойсын деп қолдан жеміс пен көкөністерді пісіріп, жабайы шөптерді жұлатын еді, күніге азанда ерте тұрып ауланы сыпырып, су себетін, сендер жаурап қалмасын деп тамыз айында көмір түсіріп пакетке дайындап қоятын» — деп біраз наразылығын білдірді.

Арада біраз уақыт өтіп, жұмысқа тұрдым. Әдіскеріміз Оразбекова Бибінұр апайымыз күнделікті жоспарымды сұрап, тексеріп, қол қоятынын ескертті. Жұмыстан үйге келе сала, барлық жерді іздеп жүріп таппадым. Оның есесіне бір-екі қалың дәптер тауып алдым. Сырты жап-жаңа болғанымен, ішіне сарғайып кеткен мақалалар жабыстырылғанын, астына Ахметжан Құрманалиев деп әкемнің аты-жөні жазылған дәптерді көріп, анамнан сұрадым.

Анамның айтуымен, Әкем кезінде тілші болып, шахарымыздаға жаңалықтарды, қуаныштарды, ұстаздар мен дәрігерлерді мақтап, мадақтап газет бетіне түсірген екен. Ол қандай газет, — деп сұрағанымда, «Қызыл Түркістанның тілшісі» — деп жауап берді.

Арада екі үш жыл өткеннен кейін, қазіргі Түркістан газеті бұрыңғы атауын газет бетіне басып шығарыпты. Содан көзіме тоқтамай жас келе береді.

Кезінде әкем тілшілік қызмет еткен газет осы уақытқа дейін жеткен, «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» — деген мақаланың төркінін енді түсіндім.

Шахарымызда Тұран-Түркістан телеарнасында туған күн иесін құттықтайтын бағдарлама бар. Бір күні менің туылған күніме Айгүл мен Райхан әпкем және менің бала кездегі арманымды орындауға Түркістан телеарнасына бардық. Редактор Асанәлі Оспанов бізді қабылдап отырып, әкеміздің атына ерекше мән беріп, толық аты-жөнін сұрады. Айгүл мен Райхан әпке бірдей толық жауап берді. Сөйтсек, әкемізбен уақытында бірге қызметтес, әрі табақтас, әрі әкемнің досы болған екен. Сөйтіп бізге жеңілдік жасап, естеліктерімен бөлісті. Үйге келгеннен кейін әкемізге Айгүл мен Райхан әпкелерім болған оқиғаны айтып беріп әкемізде бір мәз болған жайы бар.

Бала-бақшада саз жетекші болып келе жатқаныма биыл үш жыл болады. Ай сайын бүлдіршіндерді сайысқа дайындап апаратынмын. Бірде сайысымыз Астанада болатын болды, билет алып жолға шықтық. Астанаға аман-есен барып, қайтатын уақытта пойызға міндім, түнде ертесіне Түркістанға жетем дегенше бір жарым тәулік жүретін, сөйтіп азанда тұрсам қарама-қарсы бір таныс жанды көрдім. Басында мән бермедім. Таныса келе өзіміздің сатирик Көпен Әмірбек көкеміз болып шықты. Ол кісі менің кімнің баласы екенімді руымды сұрады. Сөйтіп әкемді айтсам, бұрын армияда бірге қызмет етіп, азаматтық борышын бітірген соң, бірге тілшілік қызметтес болған екен. Әкем екеуі туралы бастарынан өткен қызықшылықты айтып беріп, бір күлдіріп бір жылатты. Содан кейін, әкемнің жолын қумасам да, анда-сонда мақала жазып қоятын әдет пайда болды.

Қорытындылай келе, «Әкеден бота қалғанша, бата мен жазған үлгі өнеге қалсын» дегендей барынша Әкеме ұқсауға тырысып жатырмын.

Аналарымыз ауырмасын, Анашым, Сіздің жүз жасқа келген тойыңызды көргім келеді. Тілегім қабыл болсын, Әумин!

Түркістан қаласының тұрғыны,
Өмірзақ атаның немересі,Ахметжанның ұлы,
Балбөбек бала-бақшасының ағайы Ержан Ахметжанұлы

16/02/2020 жыл сағат 3:20

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.