NIS

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕПТЕ ТӘРБИЕ ҮРДІСІНДЕГІ ТӘЖІРИБЕ ТАРАТУ СЕМИНАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп базасында Халықаралық мектеп, елордасындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бірлесуімен «Қоғамға қызмет – басты міндет» тақырыбында тәрбие үрдісіндегі тәжірибе алмасу семинары болып өтті. Семинарға қаламыздағы жалпы білім беретін орта мектептердің басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Сонымен қатар, «Назарабаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Агадилова, департамент менеджері Динара Буланова, педагогикалық шеберлік орталығының өкілі Шұғыла Калиханова айрықша жиынның құрметті қонақтары болады.

Семинардың ашылу салтанатында алғашқы боп сөз алған Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің директоры Ғалия Сыздықова жиынға қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Мектеп басшысы тәрбие процесінде тәжірибе тарату мен бөлісудің, оны оқу үрдісіне кіріктірудің маңызды екеніне тоқталды.

Халықаралық мектептің жас домбырашылары «Қазақтың 100 күйі» жобасының нәтижесі мен жемісі ретінде семинарға қатысушылар мен қадірменді қонақтарға күй шашу ұсынды. Сонымен қатар, «Қазақтың 100 әні» жобасы аясында «Үш қоңыр» шаңырағының өнерлі оқушылары Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жанды дауысты ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындады.

Елордамыздағы №8 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Н.Дүйсенбаева Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жобаларын мектептегі тәрбие жұмысы үрдісіне енгізу мәселесін көтеріп, мектеп қабырғасында қолға алынған жобалардың нәтижелерімен бөлісті. № 65 мектеп-гимназиясы басшысының орынбасары Д.Б.Ақылбай Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен әлеуметтік тәжірибелердің мектеп-гимназиясына енгізілген бірнеше түрін мысалға келтіріп, нәтижелерін ортаға салды.

Семинар барысында Халықаралық мектептің психологы «Қоғамға қызмет ету» тақырыбы бойынша метафоралық қарталарды пайдалана отырып танымдық тренинг өткізді. Метафоралық қарталардың желісімен әңгіме құрастырған әрбір топ, қарталардың көмекші құрал ғана емес, тың ақпарат көзін ашушы жол екендігін де тілге тиек етті.

Халықаралық мектептің Қайырбек Сабырханов бастаған кураторлар бірлестігі «Қоғамға қызмет ету: теориядан практикаға» атты тренингін ұсынып, әрбір топ қоғамдық қызметтің салаларына байланысты постерлер қорғады. Қоршаған орта мен жалпы қоғамға қызмет етудің жолдары, күтілетін нәтижелері бейнеленген постерлердің мазмұны терең, мақсаты айқын болды.

Семинар аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Күн балалары» жобасының шеңберінде арт-терапия, арнайы бояулар қолданып, қарапайым футболкаларға трафареттер арқылы сурет салу жаттығуын ұйымдастырды. Арт-терапияның негізгі бағыты болып табылатын бейнелеу терапиясы адамның жан дүниесін, ішкі эмоционалдық күйін анықтауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп қауымдастығы «Ұрпақтар сабақтастығы жобасы бойынша «Ниткография» (жіп гарфикасы) жаттығу терапиясын өткізді. Семинарға қатысушылар боялған жіптердің көмегімен параққа суреттер салып, сәндік-қолданбалы өнердің қолөнер элементтерін (аппликация, тігу, кесте) үйлесімділікте қолдана білді. Тәрбие үрдісінде жіп графикасы техникасындағы жұмыс оқушыға қиялын, пішін мен түс туралы түсінігін дамытуға, әртүрлі халықтардың қолданбалы шығармашылығының тарихымен танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Халықаралық мектептің оқушылары оқу мен тәрбие процесіндегі әлеуметтік жобаларын қонақтар назарына ұсынды. Жоғары адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, өз елінің мәдениетін бағалай білетін және өзгелердің мәдениетін құрметтейтін, өмір бойы білім ала отырып, әлемді өркендетуге үлес қосуға дайын, дені сау, зияткер, шығармашыл, табысты тұлғаны тәрбиелеуді мақсат тұтқан Халықаралық мектеп үшін әлеуметтік жобалардың маңызы зор. Бүгінде оқушылар бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, нәтижелерге қол жеткізуде. Осы тектес жобалардың білімділік сипаты ғана емес, тәрбиелік мазмұны да жоғары. Бұл мәселе семинар аясында да сөз болды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Халықаралық бакалавриат бағдарламасындағы CAS жобаларының өзектілігіне тоқталып, таныстырылым өткізген болатын.

Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мектептегі еріктілер «NIS Volunteers» жұмысын ұйымдастыру мен жүргізудегі тәжірибесімен бөлісті. Еріктілер жұмысының басты мақсаты — халықтың әлеуметтік қорғансыз бөлігіне, гуманитарлық қолдау көрсету барысында оқушылардың саяси-әлеуметтік мәдениетін және ерікті азаматтық белсенді ұстанымын қалыптастыру.

Семинар шеңберінде шеберлік сыныптар да назардан тыс қалмады. Оған физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі әзірлеген қайырымдылық жәрмеңкелеріне арналған ұлттық сувенирлер жасау бойынша шеберлік сыныбы дәлел. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастыру дәстүрге айналған шара. Бұл тәжірибе қала мектептеріне енгізілсе, игі шара өз жалғасын табары сөзсіз.

Халықаралық мектептің психологтары семинар соңында қатысушылармен кері байланыс орнатып, арнайы рефлексия жүргізді:

— Тәжірибе бөлісу мен тарату мақсатында ұйымдастырылған «Қоғамға қызмет ету» семинары жоғары деңгейде өтті. Аларымыз бен түйгеніміз көп болды. Назарбаев Зияткерлік мектептері орта білім беру жүйесінің алтын көпіріне айналғаны белгілі. Бүгінгі айрықша жиын ақпараттық, танымдық, білімділік, тәрбиелік сипатымен ерекшеленді., — деді бірауыздан қатысушылар.

Қорытынды сөз кезегін алған ««Назарабаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Агадилова семинардың маңызды тұстарына айрықша мән беріп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдірді. Тәрбие үрдісінде тәжірибе тарату мен бөлісу жұмыстарының маңызды екендігін атап өтті.

Сандуғаш Кожина
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы
филиалының баспасөз хатшысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.