Жаңа сабақтар

«Үш тіл — білім берудегі ресурс»

Алматы қаласы, Медеу ауданы, Б.Момышұлы атындағы № 131 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Суханберді Тұрсынай Үсенбайқызы

Рефлексивті эссе. Тақырыбы: «Үш тіл — білім берудегі ресурс»

«Қазақстан әлемде жоғары білімді, халқы үш тілді де: қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі ретінде және ағылшын тілін – жаһандық экономикаға нәтижелі өтудің көмекші тілі ретінде еркін меңгерген ел болып танылуы керек» Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан»

Мен Бриджит Гудманның «Үш тіл — білім берудегі ресурс» тақырыбында жасаған видео – дәрісін тыңдадым және ол маған ұнады. Өйткені бұл қазіргі таңда ең қажетті тақырыптардың бірі. Бриджит Гудман, Назарбаев Университеті Жоғары Білім беру Мектебінің көптілді білім беру саласы бойынша доценті.

Мұндағы тілдік жоспарлаудағы бағдарды үш негізгі бөлікке бөліп, жеке тоқталып өткендігі ұнады.

Тілдік жоспарлаудағы бағдарлар:

  • І бағдар: «Тіл Проблема ретінде»;
  • ІІ бағдар: «Тіл Құқық ретінде»;
  • ІІІ бағдар: «Тіл Ресурс ретінде».

«Тіл – проблема ретінде» бағдарын пайдаланып, мен жəне өзгеде көптеген ұстаздар өз тәжірибемізде информатиканы жəне басқада пəндерді ағылшын тілінде өткізетін болсақ, оқушының үлгеріміне кедергі жасайды деген ұстанымда болған едік. Осы ағылшын курсын оқу барысында өз ойымды түбегейлі өзгерттім…

К.Ушкинский: «Бала — балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де, мұғалімнің өз қолында», — деп айтқандай үштілді оқыту, кемдегенде осы үш тілді меңгерту — жас ұрпақтың өзін еркін сезінуіне, өз қабілетін тануына мүмкіндік беретін бүгінгі күннің ең басты қажеттіліктерінің бірі.

Бриджит Гудманның дәрісін тыңдай отырып, тағы бір ұнаған тұсы, ол «Тіл – құқық ретінде» дегеніміз барлық адамдардың өзінің Ана тілін білуге, сол тілде сөйлеуге, мектепте оны үйрену үшін жəне басқа да пəндерді ана тілінде оқу үшін пайдалануға адамдық құқығы бар деген сөз. Қазақстанда 130-дан астам ұлыстар тұратын көп ұлтты мультилингвистикалық ел, мұндағы əр адамның өз тілін үйренуге және қолдануға құқығы бар. Рузидің қарастырған соңғы бағдары біз тілді жəне бірнеше тілдерді білуді тек құқық ретінде ғана емес, сонымен қатар ресурс ретінде де қарастыра алатындығымызды болжайды.

Көп тілді меңгерген жастар көп тіл білу адамның мінез-құлқын да, карьерасын да, өмірін де жақсы жағына қарай өзгертетінін айтып жатады. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру, сонымен қатар үш тілді меңгерулері бүгінгі күннің, заманның талабы.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтардың жаңа ұрпағы ең кемі үш тілді болуы, қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерін еркін меңгеруі тиіс. Еуропада көптілділік қалыпты нормаға айналған, біз де осы қатардан міндетті түрде табылуға тиіспіз. Ағылшын тілін кең тұрғыда білмей, ұлттың нағыз бəсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын»,-деген. Алдымызға қойылған міндеттің негізгі мақсаты – өмірден өз орнын таңдай алатын, кез келген ортаға тез бейімделетін, білім мен білігін белгілі бір ғылым саласында көрсете алатын, көп тілді жəне көпмəдениетті игерген жеке тұлға қалыптастыру.

Бұл орайда орталықта тіл үйренем деушілер қазақ тілімен қатар ағылшын тіліне де үйреніп жатыр. Бұл бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудың ең алғашқы сатысы болып саналады. Өйткені қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қай ортада жұмыс істесе де жолы ашық. Ағылшын тілін білген кадрдың еңбек нарығындағы бағасы өседі. Бүгінде елімізде жұмысқа қабылдағанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайды. Ал, кейбір шетелдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылып отыр. Жан жақты мықты маман болам десеңіз, өз ісіңіздің іскері болам десеңіз оған ағылшын тілінсіз айналып бару мүмкін болмай отыр. «Шет тілін білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді» — деген, А.П.Чехов. Мемлекеттік тіл мемлекет өмірінің барлық саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші», орыс тілі ұлтаралық қатым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кіруіміз үшін қызмет етуде.

Сондықтан, мен «CLIL – кіріктірілген білім бағдарламасы» курсының тыңдаушысы болғаныма өте қуаныштымын! Маған бұл жоба ерекше ұнады. Дегенмен, оқушылар үшін үш тілді пайдалануда идеал бола алмасақ та, біздің сөйлеген сөзіміз түсінікті болуы тиіс және оқушылар сабағымыздың мазмұны мен біздің тілімізді түсінуі тиіс. Сондықтан да алдағы уақытта жинақтаған тәжірибемді, осы курста алған білімімді өз пәніме, яғни информатика пәні бойынша әр сабағыма дидактикалық материалдар, тесттер, карточкаларға ағылшын тілін кіріктіру арқылы білім беруді алдыма мақсат етіп қойып отырмын.

Біз еліміздің тірегі, мемлекетіміздің беріктігі өзіміздің қолымызда екенін айқын түсінеміз. Болашақтың кепілі – білім беру ісіне ерекше көңіл бөле отырып, білімді жаңа сатыға көтеру, тұңғыш елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын орындау, жаңа технологияны игере отырып, үштілдікті меңгерсек, өркениетті озық елдердің бірі – біз боламыз деп сеніммен айта аламыз!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.