Жаңа сабақтар

ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУДАҒЫ ЕЛБАСЫНЫҢ РӨЛІ

ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУДАҒЫ ЕЛБАСЫНЫҢ РӨЛІ

Тараз қаласы, ОБМСДБМИ-ның аға тәрбиешісі

Абдикаримова Мұғалима Керімбайқызы

Тәуелсіздігімізді алып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуы,оның әлем алдындағы беделінің өсуі Елбасы бастаған қазақ халқының қажырлы еңбегі екені баршамызға аян. Ғасырларға созылған мемлекеттіліктің даму эволюциясында ең ерекше заңды факт, ол Елбасының Қазақстанды халықаралық құқықтың субъектісі ретінде дүние жүзіне танытуы. Әрине тәуелсіздігін қайта жаңғыртқан қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының алғышарттары да тереңде жатыр.

Қазақ хандығының құрылуына дейінгі ұзақ тарихи кезеңде ұлан-байтақ Орталық Азия өңірін мекендеген түркі тілдес ру-тайпалардың ортақ аумақта өмір сүріп, бірте-бірте бірігуі мен дамуы арқылы өз алдына қазақ халқы болып қалыптасу процесінің алғышарттары қалыптасты. Ежелгі заманның тарихи деректері бүгінгі қазақ ұлтының арғы тегі сақ, үйсін, ғұн және қаңлы тайпалары екенін көрсетеді. Жүргізілген ғылыми зерттеулер Қазақстандағы номадизм тарихы біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдан бастау алатынын дәлелдейді, осы кезеңде алғашқы этномәдени қауымдастықтар қалыптасып, олардың күн көрісі шаруашылық жүргізудің жаңа тәсілі – көшпелі мал шаруашылығымен байланысты болды [1,70].

Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев: “Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық” – деуі орынды [2,55-57].

Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің территориясы Қазақ хандығының аумағынан тұратындықтан, біз үшін хандық кезеңдегі шекараны анықтау аса маңызды. Алайда, хандық дәуірдегі шекара белдеулері туралы қолымызда нақты карта сызбасы болмағандықтан, шекара сызығын тарихи деректер негізінде ғана болжауға болады. Әсіресе, Қытай, Ресей, Өзбекстанмен арадағы шекара сызығын анықтауда тарихи деректер басты өлшем бола алады.

Алаш орда үкіметінің негізін қалаушы мемлекет қайраткері Райымжан Мәрсеков: «Халық болған соң, халықтың мекен қылып, жайлап жүретін жері, суы болады. Жері, суы бар болса, өзінің билігі, өз тізгіні өзінде болған, әмір иелері өзінде болған халық, сол мемлекет болып табылады»- дейді [3,9] .

Демек, халық және оның өмір сүретін территориясы, сондай-ақ, сол халықтың тәуелсіз билігі орнаған болса, ол халықтың мемлекеттілігі бар деген сөз. Олай болса, қазақ қашан халық болды, қай уақыттан бастап иен даланы мекендеді, қашаннан бері тәуелсіз ел болды деген мәселенің басын ашып алсақ.

«Қазақ хандығы» XV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққанымен, қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр. Бұл туралы көне тарихымызды зерттеп жүрген белгілі тарихшы ғалымдар: «Азия даласында алғаш салтанат құрған көшпелілердің бірі хұндар (ғұндар). Тарих ғылымында қазақ халқының этногенездік бір тармағы хұндар екендігі анықталған ақиқат. Ал хұндар жалпы тұркі тайпаларының қайнар-бұлағы болып табылады. Демек, хұн-түркі тайпалары ұзақ тарихи даму барысында өзіне тән мәдениет қалыптастырып (М.И көшпелі өркениет), көптеген дербес ұлттарға айналып кетті. Бірақ, солардың ішінде ерте замандағы көшпелі тіршілік формасы мен дүниетанымын таяу заманға дейін біршама толық сақтаған ұлттардың бірі қазақтар болып табылады» [4,486] -деп қазақ мемлекеттілігінің тарихын хұн дәуіріне (б.э.б V-IV ғасырлар) апарып тірейді.

Мемлекет және құқық теориясы ғылымының теоретиктері көшпелі елдердің тұрақты әскер ұстамауына байланысты, сондай-ақ, әскери әлеуеті бар кез-келген күш иесі билікке қол жеткізе алатындықтан, мұндай жоғары саяси ұйымға мемлекеттілікке өту кезеңіндегі «әскери-демократиялық қауымдастықтар» деп анықтама жасаған. Бірақ, бұл еуроцентризмнен туындаған көзқарас. Батыс ғалымдары не десе де, біз Сақ, Хұн, Түрік бірлестіктерін «мемлекет» деп танимыз. Осы себептен де мемлекеттілікті тек отырықшылық мәдениетке негіздеу дұрыс емес. Демек, Сақ, Үйсін, Қаңлы, Хұн, Түрік бірлестіктері көшпелі және жартылай көшпелі ғұмыр кешкен мемлекет санатына жатады.

Мемлекеттілік қашан қалыптасты деген мәселеде, қазақ халқының өмір сүрген кеңістігі — мемлекеттігіміздің айшықты көрінісі бола алады. Себебі, мемлекеттіліктің міндетті бес белгісінің бірі — оның территориясы екені көпшілікке мәлім [5,15-16].

Түркілік дүниетаным бойынша ел билеу үшін әскери әлеуетіңнен бұрын «алтын ұрықтың» сарқыты болуың шарт. Бағзы түріктің түсінігі бойынша бойына Құдайдың құты дарыған харизматикалық тұлға ғана мемлекет құра алады.

Қазақ елі өз тәуелсіздік ғасырының бестен бірін толтырды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударған болатын. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді. Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.

Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтеріп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған – Елбасымыздың аз жылдың аясында туған елін әлемдік қауымдастыққа танытқандығына, өзгелермен бірге өз халқымыз да куә.

1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына да осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.

Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуге арналған салтанат сол жылдың, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында болған еді. Президенттің қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ежелгі дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді.

Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: –Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмыт­қанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік бе­лестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін,–деп тебірене ағынан жарылды.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды.Тарих бізге 1991 жылдың 16-желтоқсанынан бас­тап Тәуелсіз мемлекет құрудың сыбағасын ұсынды. Сөйтіп, еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алған болатын.

Елбасы Назарбаев өзіне сенім артқан өз халқына ең бір қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде бере қалса, бәрін де орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзім­шіл­дігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұң­ғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын сая­саткер және дара тұлға екендігін танытты. Н. Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы екендігін Парламент қабылдаған Конституциялық Заңнан көп бұрын-ақ халықтың өзі мойындаған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрес­тегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған болатын. Дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезе­ңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбе­гейлі батыл қадамға барған да емес

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жү­зеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы атал­ған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н. Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.

Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, пре­зиденттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, со­нымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дү­ниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда жиырма жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәр­тебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Прези­дентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңіре­гіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.

Елбасының, Ұлт Көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы да Елбасының еңбегін осылай бағалайды.

Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өр­кенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан да Елбасы, Ел тәуелсіздігі, Ел ертеңі ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білуіміз парыз етіледі. Бұл біздің, ұрпақтарымыздың болашағы үшін қажет.

Өзіміздің ел тәуелсіздігінің тарихы және Елбасының ел егемендігіндегі рөлі жөніндегі ойымызды қорыта айтқанда, аз ғана уақытта Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілі­гімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғандығын бөле-жара атап көрсету қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін-өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең болатындығын дәлелдеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­гіз­ген бұл саясаты мен бағыты қазіргі уақытта «Қа­зақ­станның даму жолы» ретінде дүниежүзі қауымдастығынан мойындалды. 2012 жылдың 13 қарашасында Қазақатанның БҰҰ адам құқықтары бойынша Кеңесінің мүшесі болып сайлануы да Елбасының қоғамды реформалауға қатысты іс-шараларының әлем тарапынан танылғанын көрсетеді.Қазақстанның Тәуелсіз­дігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр.

Сілтеме: Н.Назарбаев [2.55-57], [-4.486], [5.15-16]; Р.Мәрсеков [3,9]

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Акишев К., Маргулан А., Кадырбаев М., Оразбаев А. Древняя культура Центрального Казахстана. -Алма-Ата, 1966. -288 с.
  2. Назарбаев Н.А. Бауырларымызға құшағымыз ашық (Дүние жүзі қазақтары құрылтайының 1992 ж. 1 қазандағы салтанатты мәжілісіндегі сөзі) // Тәуелсіздігіміздің бес жылы. -Алматы: Қазақстан, 1996. -179б.
  3. Райымжан Мәрсеков. Патшалық. «Қазақ». 1913, 31 желтоқсан. № 44.
  4. Нәбижан Мұхаметханұлы. Ежелгі көшпелілердің этнотерриториялық ұғымы және Қазақстан аумағының қалыптасуы. ІІІ Халықаралық Түркология конгресі. 497б.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.