NIS - НИШ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕПТІҢ КАРАТЭШІЛЕРІ МЕКТЕП ҚОРЖ ЫНЫН ҮШ МЕДАЛЬМЕН ТОЛЫҚТЫРДЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ашихара Каратэ Федерациясының ұйымдастыруымен «Алатау» спорт кешенінде Ашихара Каратэ АИКО тарихында алғаш рет әйгілі жаттықтырушылардың оқушылары арасында «Тосқауылға тосқауыл» («Стенка на стенку) атты турнир болып өтті. Жарыс алаңында жаттықтырушылар Саян Жандильдин мен Ербол Жумабековтың шәкірттері күш сынасты.

Турнирге жалпы саны 30 сайыскер қатысты. Доданың басты мақсаты – аталмыш спорт түрін Қазақстанда кеңірек насихаттау, клубтар арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру, спортшылардың кәсіби шеберлігін дамыта отырып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Респбуликасының әнұраны шырқалып, Орта Азияның Бранч-чифі Александр Журавлев құттықтау сөз сөйледі. Барлық сайыскерлерге сәттілік тілеп, турнирдің қызықты әрі тартысты өтетініне сенім білдірді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің намысын қорғауға мектебімізден үш жас каратэші аттанған болатын. Қарсыластарына оңайлықпен берілмей, бар күштерімен соққы беруге тырысқан каратэшілеріміз мектеп қоржынына екі алтын, бір күміс медаль салды. Турнир қорытындысына сәйкес 2 «F» сынып оқушылары Амирхан Нурахметов пен Арыстан Ержанов бірінші орынды еншілеп, алтын медальмен марапатталды. 3 «А» сынып оқушысы Нурали Миятов екінші орынды қанжығасына байлап, күміс медальға қол жеткізді. Сонымен қатар, командалық есепте бірінші орынға тұрақтады. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар, естелік сыйлықтар табысталды.

Шешуші сәтте қарсыласынан басым түсіп, жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпазымыз Амирхан Нурахметов жарыстан алған әсерімен бөлісті:

– Біздің клубымыз өзге клубтың оқушыларымен күш таластырды. Үш медальға ие болып, командалық есепте бірінші орынға шықтық. Бұл жетістігімізге өте қатты қуаныштымын. Жаттықтырушымыз Саян ағайға зор алғысымды білдіремін», — дейді жас каратэші.

Жарыс алаңына төрт мәрте шығып, жеңіс тұғырынан көріне білген оқушымыз Арыстан Ержанов та өз ойын ортаға салды:

– Ашихара Каратэден өткен бұл турнирдің мен үшін маңызы зор болды. Қарсыластарымның көптігіне қарамастан жеңісті қолдан бермеуге тырыстым. Бұл жеңісімізді жаттықтырушымыз Саян ұстаздың еңбегі деп білемін, — дейді Арыстан.

«Қарсыластың мықтылығы сенімің мен күшіңді арттыра түсуі қажет», — деп есептейтін кезекті оқушымыз Нурали Миятов жеңістен үмітін үзбегенін жеткізді:

– Саян ұстаздың үйреткен барлық тәлімі бойынша шабуыл жасап, қарсыласымның әлсіз тұсын табуға ұмтылдым. Дегенмен, олардың да дайындығы мықты болды. Соған қарамастан, жеке есепте күміс медальды иелендім.

Жас каратэшілерімізге қаһармандық-жауынгерлік рух сыйлап, әр жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындап жүрген жаттықтырушымыз, Азия чемпионы Саян Жандильдин турнирге байланысты пікір білдірді:

– Бұл додаға оқушыларымыз жоғары деңгейде дайындалды. Тартыс аясында шеберліктері мен жігерлерін көрсете білді. Бұл каратэшілеріміздің қол жеткізіп отырған алғашқы жеңісі емес. Біздің басты мақсатымыз — АИКО Ашихара Каратэден әлем чемпиондары атану. Алдағы Халықаралық турнир ақпан айында Түркияның Анталия қаласында өтеді. Каратэшілерімізге сәттілік тілеймін!, — дейді.

Біз де өз тарапымыздан оқушыларымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Әлі талай додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, мектебіміздің абыройын асқақтата берулеріне тілектеспіз.

Сандуғаш Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім
беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.