Жаңа сабақтар

ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ – МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІ

Алматы қаласы № 57 жалпы білім беретін мектебінің директордың
оқу ісі жөніндегі орынбасары КАСЕНОВА ВЕНЕРА

Алматы қаласы Жетісу аудандық білім бөліміне қарасты №57 жалпы білім беретін мектебінің педагогикалық ұжымында «Педагог мәртебесі туралы» Заң талқыланып, қарастырылды.

Төрімізге енген жаңа жыл жағымды жақсылығымен келді. Еліміздің білім беру саласында екі үлкен жаңалық өмірге келді. Оның бірі — Қазақстан Республикасы «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы болса, екіншісі — «2020-2025 жылдарға арналған «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» болатын.

Бұл екеуі де еліміздің білім саласын жаңа сапалық деңгейге көтеруге, мұғалімдердің абырой-беделін арттырып, құқығын қорғап, оларды шынайы шығармашылық ізденістерге бастайтын ізгілікті құжаттар екенінде даусыз.

Осыған орай Алматы қаласы Жетісу ауданы № 57 жалпы білім беретін мектебінің педагогикалық ұжымы «Педагог мәртебесі туралы» заң мен аталған бағдарламаны жан-жақты талқылап, зор қанағаттанарлық сезіммен қабылдады.

Мектеп басшысы Гулбану Тәуекелова заң жобасында ұстаздарға көптеген жаңашылдықтың қарастырылғанына тоқталып өтті.

Тоқталып өтетін болсақ, «Педагог мәртебесін» айқындайтын Заң негізі төрт бағытты қамтиды: Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту.

Екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту.

Үшінші, материалды емес стимул тетіктері;

Төртінші, материалдық ыңталандыру.

Сонымен қатар ұстаз еңбегіне материалдық көмек ретінде 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру мәселелері көзделген. Педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.

Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.

Заң аясында қосымша ақы төленеді:

  1. Тәлімгерлік үшін — 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни 17 мың теңге төленеді.
  2. Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі.

  3. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді.

  4. Магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы енгізілмек.

  5. Сонымен қатар, педагогтер сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша ақы алады.

  6. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына білік санаты үшін жалақы арттырылады.

  7. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.

Бұдан басқа, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған.

Аталған мектептің педагогикалық ұжымы — ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі деп санайды.

Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімдерге жүктелетіні анық. Педагог – болашақ президенттің, ғарышкердің, мемлекетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға. Педагог мәртебесі – мемлекетіміздің мәртебесі болғандықтан бұл заңның саяси, әлеуметтік мәні өте зор деген сенімдеміз.

«Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын — мұғалімдікі» деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай болашақта мұғалім мамандығына құрмет артып, ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет ерекше болады деп сенеміз.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.