Жаңа сабақтар

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ШЕШЕНДІК ӨНЕРІ

Ақтөбе қаласы № 44 ауысымдық (кешкі) жалпы білім беретін мектеп

10 «А» класс оқушысы Күлмесханов Ахан

Жетекшісі: Тлеулиева Гульсара Кемаловна

Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына. Шешендік өнеріне ерте замандардан-ақ, үлкен мән берілген. Шешендерінің сөздері қағазда емес, ауызда, халық жадында сақталған. Сондықтан олар сол бастапқы қалпында емес, ұрпақтан –ұрпаққа көшіп, өңдеуге көп ұшыраған.

Шешендердің сөздері бүкіл қазақ еліне тарағандықтан, өзгеріспен әр жерде әр түрлі адамның атынан айтылатындығы. Демек, шешендік сөздерді алғашқы айтушы жеке адамдар болғанымен, оны кейін өңдеген де, сақтаған да халық болды, сондықтан оның авторы да — халық.

Бұның дәлелі – қазақтың көркем әдебиеті, ой мен суреті қиюласқан шешендік сөздері. Шешендік сөздер – ой мен көркемдігі жарасқан, құрылымы ақылға қонымды, уақыт өткен сайын тереңдігі ашыла беретін асыл қазына. Шешендік сөздер – ұлт тілі мәдениетінің бар шарттарын орындауымен де елге жақын.

Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері. Шешендік – сирек ұшырасатын қасиет, дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік өнер мен билік қолма-қол туып айтылатын, суырыпсалма жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп шығармашылық сипатымен дараланады. Шешендік өнеріне ерте замандардан-ақ, үлкен мән берілген. Ежелгі грек, рим елдерінде шешендік өнерді «риторика» деген атпен жеке пән ретінде оқыған. Дүние жүзіне әйгілі ерте заман шешендері Пратогор, Демоссфен, Цицерон, Квинтилиан сияқты өз заманының мемлекет қайраткерлері, ел аузына қараған ойшылдары болған. «Риторика» ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған.

Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеп жинаған болатын. Ол: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын», – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған. Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жас өспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен енгізіп, пайдалана білді.

Қазақ халқының сөз өнері, шешендік өнері жайында тереңнен ой толғап, нақты тұжырымдар жасаған ғалымдардың бірі – Р.Сыздықова. Автор шешендік өнер дәстүрі тарихына тоқтала келіп, шешендік өнер мен шешендік сөз ұғымдарының ара-жігін ажыратып көрсетеді. Біздіңше “шешендік сөз” деген терминді бұрынғысынша шешендік өнердің іс жүзінде асқан нәтижесін атауға қалдыру керек, яғни фольклор мұрасының бір жанрын және қазіргі кезде шешен айтылған сөзді осылайша атау керек те, шешендік өнердің, сөзге шеберліктің өзін сәл болса да өзгешелеу атау қажет. Бұл ұғымға “шешендік” деген абстрактілі есімді теліп, ол – “шешен сөйлеу” деген актінің атауы болса дейміз. Қазақ шeшeндiк сөздeрi — бастаy алар қайнар бұлақтарын түркiлiк танымнан түптeн тартып, өзiндiк ұлттық eрeкшeлiктeрдi, қасиeттeрдi бойына жинақтап, көркeмдiк қyатымeн, ғибраттық сарынымeн дараланған, сондай-ақ, аса бай поэтикалық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiнгeн, халқымыздың рyхани азығына айналған көркeмдiк құбылыс. Сондықтан да баба мұрасы – ұрпаққа ұлағат, кейінгіге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына.

Сөз туралы Бөлтірік шешен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл», – деп толғайды. Бұлар – «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі». Мұндай сөз білетін, жөн білетін адамға ел ісіне араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген. Шешендік өнер — көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау: …Көш бастау қиын емес – Қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес – Шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын – Шешімін таппас дау бар, – деп дұрыс аңғартады. Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы қажет. Шешендік сөздің, айтылар ойдың негізі – мазмұн. Сөз нақтылы, нені айтса да сендіретіндей, иландырып қарсыласын мойындататындай дәлелді айтылған. Жазба әдебиетіміз дамыған кейінгі дәуірде шешендік сөздер саптан шыққан жоқ. Заманға сай жаңа мазмұн, жарасымды түр тапқан шешендік сөз нұсқалары көбейді. Шешендік сөздің шыны – айтыс. Мұнда ауыз әдебиетіне тән барша қасиеттер тоғысқан. Шешендік сөздер мән-мағынасының тереңдігімен ғана емес, сондай-ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді. Шешендер сөзі – халқымыздың тілдік қазынасы. Ол көркем әдебиетіміздің қалыптасып дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ақын-жыраулардың арнау, толғау сөздеріне ұқсас болып келеді. Ертеден-ақ, халқымыздың өзіндік басқару жүйесі болды. Ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеген, әділін айтқан шешендері, білімпаз билері болды. Би – халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Қазақтың атақты билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекеден қалған сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес. Ш.Уәлихановтың: «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған өкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болған. Би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екеңдігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған», – деген сөздерінен би – халықтың көкейіндегісін айтқан, жарыққа шығарған әділет жоқшысы екенін танимыз.

Қорыта айтқанда, қазақтың шешендік өнері көріп-білуді,білгенді көкейге берік тоқуды, айтыс-тартыстарға түсіп, жалықпай жаттығуды тілейтін өнер ретінде қалыптасқан.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.