Жаңа сабақтар

Сөз мәдениеті, тіл мәдениеті

Ақтөбе қаласы № 44 ауысымдық (кешкі) жалпы білім беретін мектеп

10 «А» класс оқушысы Буршакбаев Расул

Жетекшісі: Тлеулиева Гульсара Кемаловна

Тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғамның өзгеруімен бірге адамдар танымына да өзгерістер кіреді. Тіл мәдениеті ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қоғаммен бірге тілдің, сол тілді тұтынушылардың қарым-қатынас мәдениетін реттейді. Тіл мәдениеті тіл заңдылықтарын сақтау, ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал тәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар таза, әдеби тілмен сөйлеуге дағдылану, тілдік қарым-қатынастағы әдеп пен нақтылықты, әсерлілікті, түсініктілікті талап етеді. Тіл мәдениеті нысанына мәтінді мәнерлеп оқу, өз ойын қисындылықпен байланыстыра алу, жазуда орфографиялық норма дағдыларын қалыптастыру талаптарын игерумен де анықталады. Бұның бастауында қазақ халқының сөз өнеріне өзгеше жауапкерлікпен қарайтын талабы да бар.

Тіл – адам ойының айнасы. Тілдегі сауатсыздық – адамның жалпы сауатсыздығының, мәдениеті төмендігінің көрінісі, рухани байлығының әлсіздігі.Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралдарының ішіндегі өмірде кең қолданылатыны және аса маңыздысы – тіл.

Сөз мәдениеті, біріншіден, ауызекі тіл мәдениеті және жазба тіл мәдениеті болып екіге бөлінеді.

Ауызекі сөйлеу тілінің де жазба тілінің де бастау негізі – белгілі бір ұлттың дәстүрімен сабақтасқан жалпы халықтың тілі. Ауызекі сөйлесу кезінде жеке адамдар өзінің мінез – құлқын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу, сөйлесе білу өнер, мәдениеттіліктің белгісі. Тілдік норманың жүйесін толық сақтайтын жазба тіл. Соның ішінде жазба әдеби тіл. Жазба әдеби тіл – жазу арқылы бнлгілі жүйеге түскен жазу дәстүрі мен әр түрлі жазба әдебиетінің негізінде қалыптасқан, тұрақты нормалары, стильдік – жанрлық тармақтары бар тілдің түрі.

Сөз дұрыстығы қәзіргі әдеби тілдің жұртшылық таныған, үлгі түтқан нормасын ұстану дегенді білдірсе, сөз шеберлігі тек нормаға тән дұрыстықты ғана білдірмейді, сонымен қатар алуан түрлі тілдік амал-тәсілдерінің ішінен мағына, стильдік жағынан аса дәл, ұтымды түрін талғау дегенге негізделеді. Тіл байлығын, әдетте, біз сөз байлығымен өлшеп үйренгенбіз. Сөз байлығы әркімнің сөздік қорымен байланысты болғанымен, басты байлық – ой байлығы. Ой байлығы ғана сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі жеткізіп қана қоймай, ойға бастайды, тыңдаушысын бей-жай қалдыра алмайды. Сөзді түрлендіре қолдану, әр сөзге қажет тіркесер, сабақтасар, ой ашар сыңарын дәл тауып қиюластыру сөздің парқын білу мен ойға жетелеу – тіл мәдениетіне қажет талаптар. Сөздерді бір-бірімен жалғастырып қана қоймай сол арқылы стильдік бояуын бір-біріне әсер етер керектісін дөп басып табу ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасады. Ой байлығы адамға табиғат берген сый екені де рас. Бірақ ежелгі шешендер өмір жолына назар салсақ, олардың тарих пен өнердің, бар ғылымның кешегісі мен бүгінгісін жетік білгендігін, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгергендіктерін байқаймыз. Тіл үнемі даму үстіндегі үрдіс. Сондықтан да сыртқы бөтен тілден сөз алмай, таза бір тілдің негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл болмайды. Тіл ұлттың жаны дегенді еске алсақ, жұртты құрметтеу – оның тіліне қояр талаптарды орындау. Жаһандық үрдістер қазақ тіліне деген өзгеше көзқарастарды қажет етеді. Оймен біріккен сөз ғана қоғамда ұтымды қолданыс ретінде сақталады. Биік елдік мұрат, терең білім, ой мен сөз бірлігі – тілді сақтайтын басты белгілердің бірі болып қала береді. Ұлтты сақтап, жұрттық тілекті егемендікке жеткізген тілдегі мәдениеттілік болатын. Мәдениеттілік басы да осы – сабақтастықта, бірлікте, жарасымдылығында.

Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер, кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөл ойнауы мүмкін. Ендеше сіздің де тіл өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары сөзсіз.

Қазақ тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту нормасы. Жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны және оның орфографиялық ережелерді жүйелеу мәселелерімен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттеліп келеді. Сөйлеу мәдениетін ұлттық мүдде ретінде тану, сөз мәдениетіне әлеуметтік көзқарасты қалыптастыру, сөз мәдениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениеттің ең басты тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәдениетімен қатар насихаттау негізінде тіл мәдениеті дамиды.

Қорыта айтқанда мәдениет сөзінің өзі тәртіпке бағыну, заңдылықты сақтау деген ұғымға саяды.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.