NIS - НИШ

БІЛІМДІЛЕР БАҚ СЫНАСҚАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА

Назарбаев Зияткерлік мектептері жыл басында еліміздің үш өңірінде өткізетін республикалық (желілік) пәндік олимпиада нағыз мықты мен шын білімдіні анықтауда дәстүрлі білім алаңына айналды. 800-ге жуық зияткер екі күн бойы өзара бақ сынап, білімдерін ортаға салды.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қатысушылар жаратылыстану бағытындағы информатика, химия, биология, география пәндері бойынша білім таластырды. Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде үздік зияткерлер Қазақстан тарихы, Адам.Қоғам.Құқық, математика және физика пәндерінен өзара сынға түсіп, озық ойлы оқушылар білім биігінен көрінді. Шымкентте лингвист зияткерлер бас қосып, қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінен бақ сынасты.

Биылғы желілік олимпиаданың бір ерекшелігі, оқушылардың білімін бағалаушы әділ қазы алқаларының құрамын халықаралық олимпиада шыңына жеткен НЗМ түлектері толықтырды. Комиссия құрамындағы бұл жаңашылдыққа оқушылар да оң пікір білдірді.

– Мен біздің нәтижелерімізге мектебіміздің түлегі, Гарвард университетінің студенті Селимжан Чалышканның баға беретініне қуаныштымын. Өйткені ол олимпиаданың ішкі құрлымын жақсы біледі. Бір кездері білім бәйгесіне бірге дайындалғанымыз есімде. Кейінірек, Селимжан бізді олимпиадаға дайындаушылардың бірі болды. Оның бұл процесске өз үлесін қосатынына сенімдімін», – дейді Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Кудайберген Бейсембаев.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қоржынына жүлделі бірінші орын салған химиядан олимпиада жеңімпазы, НЗМ командасының халықаралық құрама мүшесі, XXVI «TUYMAADA» халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері, 10 сынып оқушысы Бексултан Акильбеков қуанышымен бөлісті:
– Желілік пәндік олимпиадаға екінші жыл қатарынан қатыстым. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе болып табылады. Деңгейімнің өскенін байқадым. Тапсырмалар мен сұрақтар жылды жаңартылып, қатысушылардан жан-жақты дайындықты талап ететінін байқауға болады, – дейді.

Олимпиада қатысушысы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Қуандық байқаудан алған әсерімен бөлісті:

– Желілік пәндік олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Себебі бұл әр оқушының өмірінде үлкен тәжірибеге айналары анық. Өзге Зияткерлік мектептерден жаңа достар тауып, бұрынғы достарыммен кездестім. Барлығымыз үздік болуға талпынып, үміт күтеміз. Дегенмен, мен өз нәтижеме ризамын. Олимпиада тек үздіктерді анықтап қана қоймайды, оқушыларға жігер беріп, қайсарлық пен мақсаттылыққа бағыттайды. Сол үшін де мұндай білім бәйгелері оқушы дамуының негізгі шарты болып табылады.

Жалпы Олимпиаданың қорытындысы бойынша, 800-ге жуық қатысушылардың қатарынан топ жарып, 38 оқушы – 1 орын, 76 оқушы – 2 орын, 108 оқушы – 3 орын дипломдарымен марапатталды. Ал жүлде саны бойынша командалық есепте ең үздік нәтиже көрсеткен Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «2020 жылғы үздік команда» атағына ие болды.

Алматы қаласы химия-биология бағытында өткен Республикалық (желілік) олимпиаданың салтанатты жабылуында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ дамыту департаментінің директоры Гульфарида Раисова жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттарымен құттықтады:

– Сіздер барлықтарыңыз біз үшін жеңімпазсыздар. Оқушыларға, ұстаздарға, ата-аналарға үлкен алғысымды білдіремін. Осы күнге жеткізген еңбектеріңіз ұшаң- теңіз. Біздің түлектеріміз әлемнің әйгілі «Лига плюща» университеттер қауымдастығын бағындырып жатыр. Сол жеңістер, жетістіктер осы жерден басталады.

Жылдың алғашқы білім бәйгесі өз мәресіне жетіп, зияткерлер Олимпиададан алған жаңа серпінмен өңірлеріне оралуда.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.