Жаңа сабақтар

Балалар шығармашылығын дамытудағы музыкалық-эс тетикалық тәрбие берудің маңызы

ШҚО Семей қаласы Л.Хамиди атындағы №1 БММ-нің оқытушысы,

А.Ибраев атындағы ЖОББМ-тің музыка пәні мұғалімі

Сагадиева Гульнара Сапаровна

Балалар шығармашылығын дамытудағы

музыкалық-эстетикалық тәрбие берудің маңызы

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық қазыналар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасау»,- деп ерекше атап көрсетілген.

Бүгінгі жалпы білім беретін мектеп қоғамның алға қойған көкейкесті міндеттерін жүзеге асыру үшін баланың табиғи мүмкіндіктерін, қабілетін дамытып, дүниежүзілік деңгейдегі жоғары мәдениет пен қажетті білім қорын жинақтаған, өз алдына жауапты шешімдер қабылдай алатын, әр істе белсенді шығармашылық әрекет жасайтын және өз замандарына сай мәдени талғамы зор, эстетикадан сусындаған, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеуге тиіс.

Біздің қазіргі мектептерде тәрбие алып жүрген жастарымыздың эстетикалық тәрбие жүйесі қалыптасқан деп айтуға болады. Себебі, эстетикалық тәрбиенің барлық салаларын бір-бірімен байланыстыра білген тәрбиеші, ұстаз ғана оқушыға, көркем өнердің түрлі салалары арқылы жан-жақты әсер етіп, олар жөніндегі дүниеге көзқарасын, сезім қабілетін адамгершілік моральға сай қалыптастыра алады. Эстетикалық қабылдау қасиеті сәбидің жас кезінен-ақ басталады да баланың өсуімен байланысты үздіксіз дамып отырады. Жас сәбилер өзінің сүйікті анасының әуеніне балқып, ұиды.

Алайда баланың өскен ортасына, музыкалық-эстетикалық талғамының жетілуіне, қабылдау қабілетіне және табиғи дарындылығына т.б. мәселелерге байланысты.

Балаларға музыкалық – эстетикалық тәрбиесін беретін орындары- ең әуелі отбасы, балалар бақшасы, мектеп, радио мен теледидардан берілетін мәдени тақырыптар, музыкалық хабарлар, т.б. Осылар арқылы балалардың шығармашылық талпынысқа қызығушылығы басталады. Ал сол қызығушылықтың даму процесіне тікелей әсерін тигізетін негізгі тұлға – ата-ана мен музыка мұғалімі.

Баланың қандай болса да кез-келген шығармашылық талпынысын құптауымыз керек. Себебі оның астарында баланың таза, ашылмаған шығармашылық бастауы жатыр. Ол бір суретші, музыкант немесе ақын болып кетпесе де, керемет математик, дәрігер, мұғалім болары анық. Міне, дәл сол кезде балалық шақтағы шығармашылықтың, еліктеулердің өз бағасын көрсеткендігін байқаймыз.

Оқушыларды шығармашылыққа баулу, өз бетімен әрекет жасауға үйрету, бүгінде көптеген ғалымдардың көзқарасы бойынша XXI ғасырдың іске асуға тиісті өзекті проблемасы болып табылады. Р.Г.Лемберг, Л.В.Занков, Д.Н.Богоявленский, Е.Я.Лолант және тағы да басқа көрнекті ғалымдардың еңбектерінде шығармашылыққа баулу оқушылардың өзін-өзі бақылауын қалыптастыру, ақыл-ой тәрбие беру құралы ретінде анықталады. Ғалымдар шығармашылықты біртұтас, бүтін, өзара байланысты құбылыс ретінде қарай отырып, жеке бастың шығармашылық сапасын дамытуда оқытудың маңыздылығын ерекше атайды.

Жасөспірімдердің музыка және өнердің салалары туралы түсініктерін байыту және олардың шығармашылық қабілеттерін одан әрі ұштау көбінесе сабақтан тыс музыкалық іс-шараларда іске асады, ал оның мақсаты – өскелең ұрпақты тамыры терең ұлттық өнер қазыналарымен сусындатып, олардың әсемдік пен эстетикалық көзқарасын кеңейте отырып, оған деген аялы қатынасын орнату, сұлулық пен әсемдік дүниесіне өз тарапынан ойлы пайымдауларын білдіруге тәрбиелеу болып табылады. Сөйтіп,оқушылардың санасына, әсіресе, олардың эмоциясы мен ұшқыр қиялына пайдалы әсер ету.

Әдетте жасөспірімдердің музыкалық-эстетикалық талғамы бірдей бола бермейді. Тіпті олардың бірі музыканы тез қабылдап, екіншісі орташа, үшіншісі баяу қабылдайды. Бұл баланың табиғи қабілетіне байланысты болады да, кейіннен баланың өскен ортасына музыкалық-эстетикалық талғамының жетілуіне, қабылдау, сезіну қабілетіне және табиғи дарындылығына байланысты дамиды. Сондықтан баланың ән, музыкаға деген сүйіспеншілігін арттыру, дұрыс бағыт-бағдар сілтеу музыка мұғалімінің басты міндеті болып саналады.

Баланың күнделікті өмірі музыкаға толы. Радио, теледидар, магнитофон немесе музыка аспаптарының ең болмағанда бір түрі кез келген үйде кездеседі. Бұл қуанарлық жағдай. Өйткені, мұның өзі мәдениетіміздің өскенін, музыкамен айналысуға әркімнің де мүмкіндігі барын, талап-талғамының артқанын дәлелдейді.

Оқушылардың музыкаға деген сүйіспеншілігін азайтып алмас үшін үйде, мектепте болсын олардың жас ерекшелігін, музыканы қабылдау қасиетін еске алып отырған жөн. Сонда ғана олардың музыка тыңдау құмарлығы, оның сырын түсініп, эстетикалық ләззат алсам деген ынтасы арта түспек.

Қазіргі таңда әншілік өнерді жалғастырушы жас өнерпаздарымыз аз емес. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Ал, бұл құдіреттің бәрі біздің қазақ екендігімізде жатыр, яғни біз өзіміздің ұлттық қасиеттерімізді жоймай, кейінгі ұрпақтар арқылы жалғастыра берсек, мақсатымызға жетеріміз анық.

Новобаженово ауылындағы А.Ибраев атындағы мектеп қабырғасында 2001 жылдан бері балалар шығармашылығының музыкалық шеберлігін байқайтын «Жас қанат» жас орындаушылар байқауы өткізіліп келеді. «Өнер алды-жастан» демекші, бұл байқау — көз алдымызда қыр гүліндей құлпыра өсіп келе жатқан жасөспірімдердің өрендерін ұштай түсуіне, қанаттарын күн өткен сайын қатайтып, туған жер, Отан, ата-ана, жастар, мәдени мұра, ұлттар достығы туралы әндерді үйреніп, балалардың ішкі жан дүниесіне, нәзік сезімдеріне күшті әсер етіп, қазақ жастарын жоғары адамгершілік қасиеттерге баулиды. Байқау әлі күнге дейін жүріп жатыр. Бұл жас балалардың ішінен қаймағын кілкіп, таланттарын табу деген сөз. Ол алтыннан да қымбат нәрсе, жерден қазып алмайсың. Осыған орай ұйымдастырып отырған «Жас қанат» отауы өте тамаша нәрсе. Сахнада шырқап тұрған бүлдіршіндерді көрген жетпіс-сексендегі ата мен әже, қырық-елудегі әке-шеше шексіз қуаныш құшағына, бақыт бесігіне бөленіп, он бес жиырмадағы аға мен әпке, әлі мектепке бара қоймаған құрбы құрдастар қызыға қарап, неге мен де осы секілді сахнаға шығып ән салмаймын, одан қай жерім кем деп армандайды, намыс отын тұтандырады. Сөйтіп халқымыздың өнерін өрге бастыратын үлкен бастама деп есептеймін. Олардың сахнаға киіп шыққан киімі, әдемі жүріс-тұрысы, сыпайылығы, инабаттылығы балаларға мәдени-эстетикалық әсер қалдырады. «Жас қанат» мектебіміздің нағыз дарынды балалар шығармашылығын дәріптейтін музыкалық-эстетикалық тәрбиесінің бесігі дер едім. Осы игілікті шараның арқасында қалалық, аймақтық сайыстарға қатысып, үнемі жүлделі орындар алып келеміз.

Әрине, бұл жұмыста музыка мұғалімінің ұйымдастырушылық қабілеті үлкен орын алады. Мұғалімнің өзіндік ерекшелігі оқушылармен қарым-қатынас өнерінде, яғни іс-шараларда толық ашылады. Оқушыларға әнді орындатып қана қоймай музыка жайында ауызша түсіндірмелер жасап, композиторды таныстырып, эмоцияға ықпал жасайды. Өзінің сезімталдығы, тыңғылықты ісі, ішкі дүниесінің кеңдігі, сырт көрінісі, талап қойғыштығы және оқушының жанашыры болуының арқасында абырой, сенім, құрметке бөленеді. Оқушыға барлық уақытта мұғалімнің көмегі, жылы көңілі қажет.

Бұл жетістік – біздің талапкерлеріміздің асқаралы биікке қадам жасауының алғашқы баспалдағы. Талант көрсең, көзін ашатын осындай игі шараларды ұйымдастыру – дарынды жастардың шығуына жол ашатын игі бастама. Бұған әрбір ата-ана, мұғалім, қоғамдық ұйымдар мен шаруашылық басшылары ат салысуы керек. Түптей келгенде баланы шығармашылыққа баулып, өнерлі, тәрбиелі етіп өсіру мақсаты, ұлттық мәдениетімізді өркендету мақсаты осыны талап етеді.

Қорытындылай келе, «Болашақта еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетіп, ұрпақ тәрбиелейтін, елінің дамуына өз үлесін қосатын – мектеп оқушылары. Қазақстанның болашағы жастар десек, жастарға білім мен тәрбие беретін ұстаздар. Сондықтан да ұстаздарға жүктелетін міндет өте ауыр» деді Елбасымыз Н.Назарбаев. Балалар шығармашылығын дамытуда музыкалық- эстетикалық тәлім-тәрбие мен білім беру ісін әлемдік, дамыған 50- елдердің деңгейіне жеткізу, оны жүзеге асыру бүгінгі таңда ұстаздар қауымының алдындағы басты міндет болып табылады.

Мақаланы жазған:

«Қобыз-прима» сыныбының және музыка мұғалімі

Сагадиева Гульнара Сапаровна

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.