Жаңа сабақтар

Айтмукаева Зауре Бейсеновна

«Балабақша-бақыт баспалдағы»

«Балабақша – бақыт баспалдағы» деп айтылған сөздің өзі жүрегінді бір дір еткізерліктей-ақ… Яғни осы мамандықты жақсы түсіне білген адамға. Балабақша – періштелер мекені. Қазіргі кезде тәрбиеші алдын көрмеген адам кемде-кем, сондықтан да бұл мамандық содан да киелі шығар. Балабақшаның балаға беретін тәлім – тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты. Баланын болашаққа қадам алып, жан-жағымен, қоршаған ортасымен танысып, ең бірінші білім, тәрбиемен сусындайтын орны – балабакша. Сондықтан тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүру керек.

Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан, бала тәрбиелеп, балабақша бүлдіршіндеріне ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру ең қиын іс деуші едім қателігім екен. Оны осы бағытта жұмыс жасай келе нақтылы түсінгенімді мойындаймын. Осы бір балалар әлемінің теңізіне бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала — тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиеші де жылы жүрек, аялы алақаны және тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет-баланы құрметтеу сезімі болуы керек екенін түсіндім. Мен балаларды жанымдай жақсы көремін. Өйткені, бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы…Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді… Әр бала өзінше бір әлем… Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл… «Басқаларды бақытты етуге тырыса отырып, өз бақытымызды табармыз» деп әйгілі әлем танушы Платон бекер айтпаған ғой. Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс – бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?! Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай қиындығын айтатындары көп, ал мамандығын өзгертетіндер сирек… Оның себебі, сүйкімді балалардың киелі ортасы тәрбиешіні нәзік жіппен өзіне байланыстырып қоятындай.

Мен балабақшада бес жылдан астам еңбек етудемін, бұл еңбектен ешбір жалыққан емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын. Балалармен жұмыс жасау мен үшін үлкен — бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді. Қарақаттай көздерімен қарай тұра, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін… Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу – қызметінін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен, деген сұрақтарға жауап іздеймін. Әрине әрбір оқу – қызметіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін. Ол менің басты қағидам. Менің негізгі мақсатым: балаларға жақсы көңіл – күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Мен оларға, олар маған ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білуі қажет. Тәрбиеші жұмысы оңай емес, бірақ абыройлы, сыйлы, күрделі де, қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ, сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Өзім балалар әлемінің теңізіне бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған ғой. Сондықтан, алдымызға келген әр бір бүлдіршінге балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп ұлтжандылыққа тәрбиелейік. Балабақша бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы, еліміздің бетке ұстарлары.


Зайтуна Есмаганбетова

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.