NIS

НЗМ оқушылары «Елбасы жолы» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Н.Әлімжановпен кездесті

Елордамыздағы IB Зияткерлік мектебінің, Халықаралық мектептің, физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары әнші-композитор, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, ҚР мемлекеттік стипендиясының иегері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әлімжановпен кездесті. ҚР Тұңғыш Президенті күнімен орайласа ұйымдастырылған мәнді де әуезді кездесу ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында өтті, — деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.

Актермен кездесуге жиналған қауымның қатары көп болды. Қаламыздағы менеджмент және бизнес колледжінің және Еуразия ұлттық университетінің студенттері, сондай-ақ, Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университетінің магистранттары да әйгілі актердің сырлы сұхбаты мен орамды ойын тыңдауға асыға жетті.

Тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдардың докторы, профессор, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Ә.М.Рахымжанов алғашқы сөз кезегін алып, мазмұнды кездесудің шымылдығын түрді. Кітапхана басшысы қонақ кәде ретінде Н.Әлімжановқа Елбасы кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасын тарту етті.

Әңгімелесу форматында өткен кездесу барысында оқушылар мен жиналған қауым актерға сауалдарын жолдап, ойларын ортаға салды. Оқушылардың сауалдарына үлкен қызығушылықпен жауап берген кеш қонағы Н.Әлімжанов балалық шағындағы қызықты естеліктерін мысалға келтіріп, өнер мен шығармашылық жолындағы деректерімен бөлісті. Әсіресе, актердің «Елбасы жолы» фильміндегі басты рөлді сомдауға бақ сынасқан он мың қатысушының ішінен, өзінің таңдалғанын білгендегі әсері мен толқынысын айтып жеткізу мүмкін емес.

Егер кемеңгер тұлғалардың ішінен Абылай ханды немесе өзге бір тарихи кейіпкерді сомдау қажеттігі туындаса, ол мен үшін жеңілірек болар еді. Өйткені, Абылай ханның кескін келбеті мен бейнесі, дауыс ырғағы мен жүріс-тұрысы, өмір салты тарихи деректерде ғана айтылып жүр. Көз көрген куәгерлер де жоқ. Ал Елбасының рөлін сомдау – шынайы бейнені сол қалпында көрерменге жеткізумен ғана шектелмейді. Себебі, Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгінінде, тарих толқынында бар тұлға. Оған ұқсау, оның тұлғасын көрерменге ұқсата жеткізу – мен үшін зор абырой, әрі үлкен сын болды, — деп актер Н.Әлімжанов ой бөліскен еді.

Әсерлі кездесу барысында Н.Әлімжанов жастар мен өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесін айтып, мақсатқа жетуде белгілі бір қағидаттар мен ұстанымдардың болуына ерекше назар аударды. Әкесінің тұлғасын үлгі тұтып, жыр жауһарларымен сусындап өскен актер жиналған қауымға өлең жолдарын оқып берді. Шығармашылық кешке ұласқан кездесудің тосынсыйы мұнымен шектелмей, Н.Әлімжанов көрерменге әкесінің сөзіне жазылған, отбасындағы сүйіспеншілікті баяндайтын «Өмірлік менің серігім» әнін сыйлады.

Бірде әкем жаныма келіп жыр қоржынындағы жаңа өлеңімен бөлісті. Ана мен бала, әке мен ана, отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті риясыз суреттейтін тамаша өлең жолдарын оқып, мен де тебірендім. Осылайша, мазмұнды өлең жолдарын әнмен әрлеп, музыкамен шапан жаптым», — дейді актер.

Кездесу соңында Н.Әлімжанов байтақ жеріміз, отанымыз Қазақстанның байқуатты, дамыған елдердің көшін бастап, гүлдене берсін деген жүрекжарды тілегін білдірді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Елбасының ғибратты ғұмыры мен өнегелі өмірін баршаға үлгі етті.

Әнші-композитор, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Әлімжановпен естелік суретке түсуге асыққан оқушылар сахна төріне топтасып жатты.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.