Жаңа сабақтар

Қош бол, құтты балабақшам!

Алматы қаласы МКҚК №162 бөбекжай-балабақшасы Чубанова Ардак Мураткановна

Қош бол, құтты балабақшам!

Мақсаты: Балаларға ересек болып мектеп табалдырығын аттайтын кездің келгенін, балабақшада алған тәрбие мен білімнің, өмір мен өнердің болашақтарына азық болатыны туралы түсінік қалыптастыру;

Балабақшасымен, өмір мен тәрбиенің бастауымен сусындатқан балабақша қызметкерлері- мен қоштаса отырып, әр баланың ерекшелігін таныту, түлектерге сәт — сапар тілеу;

Тәрбие берген ордасы – балабақшасы, ұстаздарын құрметтеу. Өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға, тәрбиелі де білімді және өнерлі ұрпақ болуға тәрбиелеу.

Музыка залы мерекеге сай безендірілген. Фанфар музыкасының ырғағымен

  1. бала тойға шашу жыр-шумақтарымен ертеңгілікті бастайды.

Інжу: Құрметті ата — аналар, қымбатты да ардақты апайлар және қонақтар! Балабақшаның

шаңырағында болғалы отырған «Қош бол, құтты — Балабақшам!» атты мерекелік

ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

Бүгінгі күн – ерекше күн. Оның ерекшелігі балабақша табалдырығын жүрексіне

аттаған біздер, осында тәрбие мен білімнің негізін бойымызға сіңіріп, өмір мен

өнер сабақтарын алып, бақшамызбен қоштасқалы отырмыз.

Нұрбақыт: Бақшамызбен қош айтысып міне біз,

Оқушы боп мектепке күзде барамыз.

Ата – анам, қуанышқа ортақ бол

Сауат ашып шықты міне, балаңыз.

Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,
Болсын солай әрбір күнің, әр айың.
Таусылмасын балабақша думаның,
Құтты болсын бүгінгі той, ағайын!

Сұлтан: Армысыздар, жиналған халқым менің,
Жаңғырып көкке өрлесін даңқың сенің
Бүгінгі қоштасуда көкке өрлетпек,
Біз, өрендер, ұлы өнердің алтын кенін.
Келдік міне, қуанышқа жиылып,
Жаңа өмірге тұрғандаймыз сыйынып.
Балабақшам – алтын діңім жайқалған
Біз- бұтақтары, тағзым етіп иіліп.

Дәрия: Бақшамызда шырқалмаған жыр бар ма?

Бақшамызда айтылмаған сыр бар ма?

Бақшамызда алған білім, тәрбием

Азық болар, мәңгі талай жылдарға

Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да
Мұндай күй болған сірә, қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп қарсы алайық,
«Балдырғанның» түлектерін ортамызға!

«Өз елім» әнінің әуенімен балалар қолдарындағы шарларымен кіреді, қозғалыс билерін жасайды, бірге: ұлдар «Түлегі біздер, тілегі біздер, тірегі біздер, бұл елдің!», қыздар: «Назары біздер, базары біздер, ажары біздер, бұл елдің!» қолдарындағы шарды ұшырады. Қозғалыс кезінде тәрбиеші кіреді, қолында үлкен шары бар.

Тәрбиеші: Болашағы елімнің

Еркіндік сезем үніңнен.

Өнер үйрен, еңбек ет

Балғын сәби күніңнен.

Жетемін десең жұлдызға

Қолыңды соз бүгіннен,

Білімді болсаң бірдейсің

Нұрын шашқан күнменен.

Туған елдің тұтқасы –

Қорғаушысы бола біл.

Қазақстан еліңді, атамекен жеріңді

Жүрегіңмен сүйе біл.!!

Ән-хор: «Туған ел»

қыздар қазақ киімін киюге кетеді

Жихангер: Бүгін қызық, бүгін той,

Біздер үшін біліп қой.

Әнге салып, би биле

Жалғастырсын ойды ой.

Диас: Өтті қызық, көп күндер

Алты жасқа жеттік біз

Барамыз біз мектепке

Бір белестен өттік біз

Өсті ақыл ойымыз

Өсті міне бойымыз

Қуанышқа ортақ бол

Құтты болсын тойымыз!

Аруна: Балабақшам- байтағым

Күліп –ойнап қайтамын.

Ән саламын, би- билеп

Тақпақты да айтамын.

Қызық күндер өткіздік

Балабақша бағында

Көп оқыдық, көп білдік

Ел мен Отан жайында.

Ералы: Алты жасқа толамыз,

Әдепті бала боламыз.

Қуантып ата-ананы

Мектепке кетіп барамыз.

Би: «Қазақ қыздары»

Бақытжан: Өтті оқу, сан сабақ

Бүгін үлкен салтанат

«Балдырғанның» ұл-қызы

Бақшасымен қоштаспақ

Әріптерді таныған

Өңкей білгіш балдырған

Өсті ақыл ойымыз

Құтты болсын тойымыз!

Әмина: Текті баба ұрпағы

Білім алар жалықпай

Білімді болса, өскенде

Өмір сүрер тарықпай

Білім ғана көтерер

Биігіне адамды

Оқысаң, кітап үйретер

Не жақсы, не жаманды

Жасұлан: Құшағыңда жарқылдап

Өтті сәби күндерім

Би биледім, ән тыңдап

Алаңдауды білмедім.

Гүлге толы жан-жағым

Асыр салып жүгірдім

Өсті талап-талғамым

Көп нәрсені ұғындым

Адема: Өстік міне, бәріміз

Өнерпаз жас баламыз

Қош бол, балабақшамыз,

Біз мектепке барамыз!

Қуантып, әрі қинайды

Бақшамнан алыс кеткенім.

Қажет қой бірақ білімнің,

Теңізінен өткенім.

Нариман: Кешегі сәби балаңыз

Жарады міне, қараңыз

Бақшамызбен қоштасып,

Мектепке енді барамыз.

Кешегі сәби балаңыз

Жарады міне, қараңыз

Ғылым, білім жолына

Енді қайық саламыз.

Буратиноның кіруі: Сәлеметсіздер ме, балақайлар!Бүгінгі мерекелерің құтты болсын. Менің кім екенімді білесіңдер ме?

Балалар: «Бу-ра-ти-но», «Бу-ра-ти-но», «Бу-ра-ти-но»!

Буратино: Айтыңдаршы, бұл қай жер өзі?

Балалар: «Ба-ла-бақ-ша»!

Ән-би: «Ба-ла-бақ-ша»!

Буратино: Балалар менің қолымдағы не екенін білесіңдер ме? Бұл алтын кілт, жәй алтын емес ғажайып сиқыры бар, «Білім» деген ғажайып елді мекенге кіретін алтын қақпаның кілті. Мен бұл кілтті тәрбиелі, нағыз өнерлі де білімді болғысы келетін балаларға бергім келеді.

Жүргізуші: Ондай болса, Буратино сіз тура сондай балаларды таптым деп ойла, «Балдырғанның» балалары тәрбиелі, өнерлі, өз Отанын жанындай жақсы көретін, енді білімді болу үшін мектепке барғысы келетін балалар, оған өзің де куә боласың.

Қыздар киінеді қарындаштарға, ұлдар бант тағады.

Ән: «Біз мектепке барамыз»

Би : «Қарындаштар» (ұлдар военный киюге кетеді)

Ілияс: Қорғау үшін елімді,

Жауынгер болам сенімді.

Күту үшін жерімді,

Төгемін адал терімді.

Сыйлау үшін халқымды,

Сүйемін дәстүр –салтымды.

Болу үшін білімді,

Құрметтеймін тілімді.

Шынар: Әлдиінен анаңның,

Үйрен ана тіліңді.

Мұрасынан бабаңның,

Бойға жина білімді.

Туған тілің, туған жерің,

Туған елің – тірегің.

Тірегіңе сүйенсең,

Қайраттанар жүрегің.

Ерсайын: Жақсы бала еңбекшіл

Ер-азамат болады.

Қиындықты жеңіп кіл,

Құшағы гүлге толады.

Таза бала мұнтаздай,

Сүйсінеді қараған,

Ұқыпты деп бұл қандай

Жақсы көрер бар адам

Бағлан: Дастандарын даламның,

Тіл арқылы жаттаймын.

Құқығын да санамның,

Тіл арқылы сақтаймын.

Қазақ тілі – елімнің,

Соғып тұрған жүрегі.

Атамекен жерімнің,

Алдаспаны, тірегі.

Ерасыл: Бүгін титтей баламын

Әлі-ақ жігіт боламын.

Сонда, мүмкін, мен ғалым,

Әлде шахтер болармын.

Әлде, әлде… Білсеңдер,

Жалғыз ғана талабым:

Ер жеткенде, ел сенер

Нағыз адам болармын!

Би: «Болашақ сарбаздар»

Жүргізуші: Балалармен ойындар ойнайық.

Ойын: «Кім жоқ?», «Кімнің дауысы?»

«Ағылшын тілінен не үйрендік?»

Дәурен: Ақиқаттың ақ жолын

Үйренемін дінімнен

Адамдықтың нақ жолын

Табамын таза білімнен

Сен қымбатсың бәрінен

Менің Атамекенім

Жетілемін әлі мен

Қадіріңе жетемін!

Айзере: Біз алты жастамыз

Сәбиліктен асқанбыз

Мектеп бізді шақырады

Қош бол, әсем бақшамыз

Қош бол, балабақшамыз

Қимай кетіп барамыз

Бал күндерді қиялдап

Сағынамыз әлі біз.

Чингиз: Үлкенге сіз деп иіліп,

Сыйласаң, ол да сүйініп,

Мақтайды жақсы бала деп,

Жақсыда ақыл, сана көп.

Әрқашан озба әдептен

Әдеппен сөйлеп әдеттен.

Айназ: Күн нұрындай көңілім,

Даламдай кең пейілім

Жүрегім толы мейірім,

Бәріне ортақ шуағым

Мен қайырымды боламын.

Өркен: Бал-бұл жанған гүл шағыңда,

Біз Отанның ұланымыз

Бақытты елдің құшағында

Білім алу-ұранымыз!

Туған жерде аунап-қунар

Біз ұланбыз, өрімдейміз

Біз ұланбыз еңбекқұмар,

Өнер десе ерінбейміз!

Жүргізуші: Қандай бала болмайық

Ата-анамызға дәріміз

Көтерсінші көңілін

Ән салайық бәріміз.

Ән: «Үйретеді мектепте»

Көрініс «Портфель»

Горошки биіне киіну керек

Байқадам: Алақай-ау, алақай!

Алақай-ау, алақай!

Бұдан былай мен енді,

Емеспін жәй балақай!

Осыдан да көлемді

Оқи алам өлеңді.

Барам күзде мектепке,

Оқушы болам мен енді!

Ева: Тәрбиелі баламын

Ақылдымын, данамын

«Қайырлы таң болсын» деп

Амандасып аламын.

Тәрбиелі баламын

Ақылдымын, данамын

Табиғатты аялап,

Күтіп қорғай аламын.

Жандос: Еңбек сүйгіш баламын,

Оқып білім аламын.

Үлкен-кіші сыйлайтын

Ер азамат боламын.

Гүлдерге су құямын

Еденді де жуамын

Шынықтырып денемді

Жалқаулықты қуамын.

Мерей: Сезімді туған баламыз,

Оянды ақыл-санамыз.

Адамдықтың бастауын

Өзіңнен алып барамыз.

Оқимыз, білім аламыз

Болашақ жолын саламыз.

Бақшаменен қоштасып,

Біз мектепке барамыз!

Самир: Іші толған әріпке

Жақсы кітап әліппе

Әліппені аламыз

Мектепке енді барамыз.

Тәрбиеші: Көңілді өскен баламыз,

Шырқатып әнге саламыз.

Тойымызға сән берер,

Би де билей аламыз.

Би: «Көңілді бұршақтар»

Ата-аналармен ойын: «Музыкалық орындық»

Көрініс: «Екілік баға»

Жүргізуші: Көп өткізіп қысты, жазды, күзді де

Бақшаменен қоштасатын сәт келді

Ертелі-кеш бізді баққан жалықпай,

Енді бізге рахмет айтар кез келді.

«Балдырған» тобы түлектерінің балабақша қызметкерлеріне арнаған жыр шумақтарын қабыл алыңыздар!

Балабақша меңгерушісі Жанар Өмірбайқызына!

Ұстаздардың ұстазы,

Тәрбиенің ұстасы.

Бала жаны бағбаны,

Меңгеруші апайға,

Риза ата-ана да,

Көпке әйгілі атағы,

Ұмытпаймыз апайды.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның әдіскері Ақбота Бауыржанқызына!

Бақшамыздың сабағын

Саралап екшеп береді

Қиындық пен қызығына

Бір кісідей көнеді.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның медбикесі Жанар Серікқызына!

Денсаулыққа болаттай

Ауруларды жолатпай,

Күнде болған әбігер,

Қамқоршымыз дәрігер

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның шаруашылық меңгерушісі Айнұр Қалықбайқызына!

Орындық, шкаф, төсек те,

Шанышқы мен кесе де,

Бәрі де өзі келе ме?

Соның бәрін табатын

Шаршамайтын, күлетін

Зыр жүгіріп жүретін

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның есепшісі Гүлнар Алмасқызына!

Есеп-қисап жүргізетін,

Бақшаға кіріс кіргізетін

Есептеуден жалықпаған

Өз ісіне қанық адам.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның аспазшылары Гүлзия, Майгүл, Жадыра апайларға!

Біздің гүл бақшада,

Бар онда асхана.

Бар онда аспазшы,

Ақкөңіл жақсы ана.

Әлде май,қаймақ па,

Борщ па, сорпа ма

Дайындап асыңды

Тұратын әр уақта.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның кір жуушысы Бақытгүл Шәріпханқызына!

Кірімізді жуады

Оны үтіктеп қояды

Төсегіміз әрдайым

Таза болып тұрады.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның тәрбиеші көмекшісі Айжан Серікқызына!

Ақ төсекке жатқызған

Ішсін деп тамақ тасыған

Жайнатып топтың бөлмесін

Тазалығын асырған

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның логопед маманы Қарлығаш Аралқызына!

«Әдемі, дұрыс сөйле» деп

Тілімізді түзеген.

«Р»-ға тілім келеді,

Дұрыс айтам мен енді.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның ағылшын тіл маманы Мөлдір Ержанқызына!

Күтеміз ықыласпен әр сабағын,

Оқимыз жіберместен бір парағын.

Барынша игеруге тырысамыз,

Заманауи тіл үйрену зор талабым.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның музыка жетекшісі Меруерт Мұхаметқызына!

Тамылжытып ән салдырып үйреткен,

Мың бұралтып белімізді, билеткен.

Сазгер апай, сізге де алғыс айтамыз

Мың қайтара сәби бала жүректен.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның дене шынықтыру инспекторы Хұрбы Құрванжанқызына!

Бастап бізді ертемен

Жаттығуға шығады

Иілтіп оңға, солға бір

Денемізді шыңдады.

Айтамыз сізге мың алғыс!

Балабақшаның барлық тәрбиеші апайларына арналады!

Апай, апай, апайлар,

Бақшада түрлі апай бар.

Ардақ апай, Қазна апай,

Жанар апай, Меруерт апай,

Шахинур апай, Гүлназ апай,

Және тағы Нұрлы апай!

Таңдай қағар тамсана

Мұндай апайлар қайда бар?!

Үйреткен тәрбие, білімді

Үйреткен өнер, өмірді

Апайларға мың алғыс! Бәрі: Қош бол, құтты бақшамыз,

Айтамыз саған мың алғыс!

Жүргізуші: Балабақша қызметкерлеріне мың алғысымызды айта отырып тек сіздердің құрметтеріңізге «Рахмет балабақшам» әнін тарту етеміз.

Би: «Қоштасу Вальсі»

Тәрбиеші: Күндіз — түні ойладыңыз бала қамын

Тынымсыз атып жатыр әрбір таңыңыз

Басқарып басшы болып осы ұжымды

Бақшаны аялайды алақаныңыз-дей келе, балабақшаның меңгерушісі Жанар Өмірбайқызына және де осы балабақшаның әдіскері Ақбота Бауыржанқызына сөз берейік.

Тәрбиеші: Әрбір ұрпақ — болашағымыздың алтын діңгегі. Ендеше ұрпақты өмірге әкеліп, адал ниет, ақ батамен өсірген ата – ана емес пе? Балалардың осы қуаныштарын бөлісіп отырған ата – анаға сөз береміз. (ата-аналар сөзі)

Тәрбиеші: Ата – аналар!
Балалардың білімі құтты болсын
Денсаулығы ауырмайтын мықты болсын
Білімдерін әрі қарай дамытатын
Ерінбейтін еңбекқор, күшті болсын!

Осымен «Қош бол, құтты балабақшам» атты ертеңгілігімізді әнмен аяқтаймыз.

Хор: «Қоштасу әні»

Жүргізуші: Бізге сыйлап сыңғырлаған күлкіңді,

«Балдырғаным» жүздеріңде нұр тұнды.

Бізден ұшып, қанат қағып, есейдіңдер

Өздеріңмен қоштасатын күн туды.

Бізден ұшып, талмай қанат қағыңдар

Жүректерде арман отын жағыңдар.

Жақсы оқып, алтын ұя мектепте

Бұл өмірден бақыт жолын табыңдар.

Бәріңді де сәбиім деп сүйетін,

Өздеріңді сағынып бір жүрейік.

Құтты болсын қадамдарың аттаған.

Біз сіздерге сәтті сапар тілейік!

Ақ жолмен балаларға «Сәт сапар?» тілеп балабақшадан шарларымен далаға шығару.

Далаға ақ жол төсеп, тілек айтылады, шар ұшыруға дайындалады.

Тәрбиеші: Алуға терең білімді,

Мектепке енді кеттіңдер

Өсті міне, бойларың

Өсті ақыл, ойларың.

Қуанышқа ортақпыз

Құтты болсын тойларың!

Сәтті болсын жолдарың!

Айналайын гүлдерім

Ақ шуақты күндерім,

Ерекше қызық тілдерің

Естен кетпес үндерің

Сүйкімді балғын бала шақ

Сендердікі болашақ.

Озат болып оқыңдар.

Ойға білім тоқыңдар.

Бата беріледі, Шар ұшырылады, Отшашу ату.

  1. Фанфар 4 бала ашылуы «Шашу»
  2. Кіру балалар «Өз елім» музыка + шар

Тәрбиеші тақпақ + кіріспе сөз

  1. Ән: «Туған ел» қыздар қазақ киім кию
  2. 4 бала тақпақ
  3. Би: «Қазақ қыздары» биден соң қыздар қарындаш биіне киінеді Ева, Інжу, Мерей, Бағлан

Қосылады Айзере, Аруна, Айназ

Горох:Адема, Шынар, Әмина + Дәрия

  1. 5 бала тақпақ
  2. Буратиноның кіруі+музыка
  3. Ән-би: Ба-ла-бақ-ша
  4. Ән: «Біз мектепке барамыз»
  5. Би: «Қарындаштар» Ұлдар военный киінеді
  6. 5 бала тақпақ
  7. Би: «Болашақ сарбаздар»
  8. Балалармен ойын+музыка (ағылшын суреттерін тарату)
  9. Ағылшын тілінен не үйрендік?
  10. 5 бала тақпақ
  11. Ән: «Үйретеді мектепте»
  12. Көрініс «Портфель» (атрибут тарату)
  13. 5 бала тақпақ
  14. Би: «Көңілді бұршақтар»
  15. Ата-аналармен ойын
  16. Көрініс «Екілік баға»
  17. Қызметкерлерге алғыс
  18. Ән «Рахмет, балабақшам»
  19. Тосын сый: Інжудің арнауы (балалар вальске дайындалады)
  20. Би «Қоштасу вальсі»
  21. Меңгерушіге сөз + әдіскер
  22. Ата-аналарға сөз
  23. Ән: «Қоштасу әні»
  24. Тәрбиеші өлеңі + ақ жол төсеу
  25. Балалардың шығуы (жолмен, шармен, музыкамен)
  26. Билеп келген балаларды бірден бальный кимін кигізу

МКҚК №162 БӨБЕКЖАЙ-БАЛАБАҚШАСЫ


Зайтуна Есмаганбетова

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.