Жаңа сабақтар

Жаңартылған білім беру жағдайында қазақ тілін ұлттық құндылықтар негізінде оқыту

Құсайынова Салтанат Амангелдіқызы
Алматы қаласы Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» деп атап көрсетілген.

Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану секілді мәселелерді анықтап алу, білім беру жүйесіндегі басты ұстаным ретінде әркімнің өзінің білім алуға деген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді көздейді.

Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Ұлттық тәрбие деп, жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.

Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.

Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.

Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді» — дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі -өзім, екіншісі-халқым» — дейді.

Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?

Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық, мәдени құндылықтардың алмасуы оқыту процесі арқылы жүзеге асырылады. Соның ішінде сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы оқыту – саналы процесс екенін айтқым келеді. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан – жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашылық түрін жасау қажет, яғни шығармашылық оқу әрекетін туғызу қажет. Бұл баланы, берілген оқу материалын жаттап алу ғана емес, керісінше өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеді.

Жеке тұлғаны ұлттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда төмендегі құндылықтардың болуы қажет:

  • белсенді қарым-қатынас: оқушы мен мұғалімнің әрбір мәселеде өз көзқарастарын білдіріп отыруы;
  • индивидтік: мұғалімнің әр жеке оқушының ерекшелігін дамытуы, қоғам алдындағы жауапкершілігінің болуы;
  • өзіндік тәртіп: өзіндік бақылау мен бағалауды, шешім қабылдауды үйрену және оны дамыту;
  • шыдамдылық: әр түрлі пікірлерді қабылдай алу, бір-бірінің пікірлері мен ерекшеліктерін құрметтеу, қабылдау.

Білім беру мен тәрбиелеудің мақсатын айқындау үшін қазақ білімпазы Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн. “Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек” –деген екен.

Жеке тұлғаны ұлттық құндылықтар арқылы қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда тәрбиелеуде алдымен төмендегідей мақсаттар қойдым:

  • Өз халқы оның мәдениеті мен дәстүрлерін мақтаныш тұтатын Қазақстан азаматын тәрбиелеу.
  • Жалпы адамзаттық негіздер мен құндылықтарды құрайтын саналы көзқарастары мен қағида ұстанымдарын тәрбиелеу.
  • Қазақстан Республикасының азаматын тәрбиелеудің үлгісіне сәйкес этнопедагогика, этнопсихоголия, этномәдениет негізінде тәрбие үрдісін ұйымдастыру.
  • Оқушыларды табысты іс-әрекетте бағыттау, олардың шығармашылығы мен білім құмарлығын дамыту, қолдау.

Ақын Мағжан Жұмабаев «Баланы тәрбиеші дәл өзіндей қылып емес, келешек заманына лайық қылып шығаруы қажет,» — деген ойлары арқылы тәрбиені келер күн талабымен ұштастырады. Қазақ халқының тәрбие дәстүрі қай халықтың тәрбиесінен кем түсіп көрген емес. Олай болса бүгінгі ұрпағымызды халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрлері негізінде тәрбиелеу, оларға ата-бабаларымыздың озық дәстүрлерін сіңіруіміз керек.

Өз тәжірибемде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда ұлттық құндылықтарымызды сабақтарымда пайдаланамын. Сабақты түрлендіру арқылы мақал-мәтелдер, шешендік сөздерді қолданып бала бойында ұлтымызға ғана тән терең ойлау, шебер сөйлеу дағдыларын дамытып, тіл көркемдігін сақтауға өз үлесімді қосудамын. Халықтың тілі-халықтың жаны, тамыры, ойы, өрісі. Қазақтың ұлтшыл ақыны М.Шаханов:

«Қай тілмен ақса перзенттік түйсік өрісің,

Сол тілдің гүлі, сол тілдің қайраткерісің,

Бар кезде таным, таныту өрлейді.

Тек баба тіліңді дамыта бермейді,

Өзге тілдегі жеңісің»

Тіл білімінің атасы А.Байтұрсынов «Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын — сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді. Ал басқа өнердің бәрінің де, қызметін шама шарқынша сөз өнері атқара алады» деген.

Еліміздегі бүгінгі оқушылар нарықтық реформа және өзгеден қоғамдық қатынастар жағдайында өскен ұрпақ. Ұлттық құндылықтар бұл жастардың құндылық бағыттылығына қалай да болса бір әсерін тигізеді. Қазіргі ұстазға қойылған негізгі талап бала санасында қай кезде де сапалы білім алдыңғы қатарлы әлеуметтік құндылық болып есептелетінін сезіндіру.

Сапалы білім алу мен ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы ғана өзгеріп жатқан өмір жағдайларына дағдыландыру. Қазақ халқының поэтикалық өнерінің бала бойында жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуына ықпалы мол. Балалардың әсемдікке, сұлулыққа деген көзқарасын қалыптастыруда Абай өлеңдерінің рөлі ерекше. «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз» деп ұлы ақынның өзі айтқандай, ақынның өлеңдері туған жердің сұлу табиғатын, қазақ ауылының көріністерін, ақ көңіл ауыл адамдар бейнесі сан алуан сезімдерімен ұласып отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады.

Елбасы Н.Назарбаевың: «Мағжанның жүрек тебірентерлік мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңқалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың түпсіз терең философиялық толғаулары сияқты осынша мол рухани қазына әрбір адамның ішкі жан дүниесін байытып, сана-сезімін шарықтата көтеретініне күмән келтіре алмаймыз» деуінің өзі біздің жоғарыда айтылған пікірлерімізге толық дәлел бола алады.

Қорыта келгенде, ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, рухани дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келсе, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттаумыз қажет.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.