NIS

Елордамызда Халықаралық мектеп таныстырылды

С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде №47 балабақша – мектеп – гимназия кешенінің ұйымдастыруымен «Гимназия – дүниетаным, құзыреттілік, шығармашылық» атты халықаралық форумы болып өтті. Форумның басты мақсаты – жаңа заман мектептеріндегі педагогтардың инновациялық іс-әрекетіне тиімді тәжірибелерді енгізу арқылы ашық кеңістіктің дамуына ықпал ету болып табылады. Екі күнге созылған білімділік форумында мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланыс, халықаралық бакалавриаттың тиімділігі, оқушылардың жобалық жұмыстары, білім берудегі ғылымның рөлі және т.б. өзекті тақырыптар төңірегінде баяндамалар тыңдалып, жобалық зерттеу сабақтары жүргізілді, — деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.

«Мектеп – тәрбие мен білім берудің бірлігіне негізделген білім ошағы. Бала өмірінің алғашқы іргетасы мектеп қабырғасында қаланады. Бүгінгі халықаралық білімділік форумының аясында мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланыс айқындалып, тұлғаны қалыптастырудағы рөлі сөз болатыны көңіл қуантады. Себебі, мектеп шәкірт болашағына даңғыл жол салып, оларды біздерге, яғни, жоғары оқуы орнына табыстайды, — деп С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті ректорының бірінші орынбасары А.М.Абуыров пікір білдірген еді.

Форумға Украинаның Қазақстандағы төтенше және уәкілетті елшісі Д.И.Кулеба, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің КММ «Білім беруді жаңғырту орталығының» директоры Г.К.Ибраева, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті Филология факультетінің деканы Б.К.Аяпбергенов және қолледж бен мектеп ұстаздары қатысты.

Халықаралық білімділік форумы шеңберінде «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің жұмыс барысы таныстырылып, мақсат-міндеттері айқындалған болатын. Директордың негізгі мектеп оқу ісі жөніндегі орынбасары М.Д.Жампеисов қатысушылар мен қонақтарға Халықаралық мектеп жөнінде толымды ақпарат беріп, халықаралық бакалавриат бағдардамасында қатысты ой білдірді: —

– «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп бастауыш мектеп (PYP) және орта мектеп (MYP) Халықаралық Бакалавриат бағдарламалары бойынша авторизацияланған мектеп болып табылады, сондай-ақ IB DP Халықаралық Бакалавриаттың жоғарғы мектеп бағдарламасы бойынша «мектеп- кандидат» дәрежесіне ие. Мектебіміз жоғары адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, өз елінің мәдениетін бағалай білетін және өзгелердің мәдениетін құрметтейтін, өмір бойы білім ала отырып, әлемді өркендетуге үлес қосуға дайын, дені сау, зияткер, шығармашыл, табысты тұлғаны тәрбиелеуді басты мақсаты санайды.Біздің мектеп бәсекеге қабілетті түлектерді қалыптастыруға бағдарланған, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін білім беруді қамтамасыз етеді».

Келесі кезекте форумның бағдарламасы университет нысандарының экскурсияна ұласты. Форумға қатысушылар мен қонақтар өзара пікір алмасып, жобалық-зерттеу лабораторияларына бет алды.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.