Жаңалықтар

Халықаралық мектепте үйірмелер жәрмеңкесі өтті

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте үйірмелер мен секциялар бойынша 7-9 сыныптарының оқушылары мен ата-аналарына арналған «Үйірмелер жәрмеңкесі» өтті, — деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.

Шараның бағдарламасына сәйкес Халықаралық мектептің «Student council» өзін-өзі басқару тобының мүшелері ата-аналарды дәлізден күтіп алып, спорт және акт залдарына дейін ілесе жүріп гид қызметін атқарды. Ата-аналар үйірмелер жәрмеңкесін, ең алдымен, спорттық секциялардың жұмыс барысымен танысудан бастады. Мектептің үлкен спорт залында футбол, волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисі, ашихара каратэ секілді спорттық үйірмелердің таныстырылымы ұйымдастырылды. Үйірме жетекшілері мен дене шынықтыру мұғалімдері Ж.Елеукеев, Р.Сихымбаев, С.Нурмухамбет, Ж.Сапаргазинова, А.Жунусов, Б.Жаксылыков, С.Жандильдин ата-аналарға әр спорттық секция жайында толымды ақпарат беріп, бірқатар кимылдар мен үлгілік көрсетілімдер әзірлеген болатын. Бүгінде оқушыларымыз аталған спорттық секциялар бойынша өткен халықаралық, республикалық олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп, мектебіміздің мерейін асқақтатып жүр.

Келесі кезекте ата-аналар мен қонақтар акт залының алдында тізіле орналасқан көрмелер аллеясына бет алды. Көрмеге мектеп оқушыларының сәндік-қолданбалы өнер, бейнелеу өнері, технотория мен керамика үйірмелерінде өз қолдарымен жасаған бұйымдары мен туындылары қойылды. Баланың қиялы мен шығармашылығын дамытушы үйірмелердің жетекшілері Г.А.Садвакасова, А.Б.Куангалиева, А.С.Абжанова ата-аналар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, үйірмелердің барысымен, сабақ кестесімен таныстырды. Естеріңізге сала кетсек, оқушыларымыздың ұлттық нақышта дайындаған бірқатар туындылары Халықаралық конференция аясында шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, жоғары бағаланған еді.

– Балалар үйірмелерді өз қызығушылықтары мен бейімдеріне қарай таңдайды. Әрбір үйірме баланың үйлесімді дамуына, қабілеттерінің шыңдалуына септігін тигізеді. Бір ерекшелігі, мектепте үйірмелердің түрлері өте көп. Жетекшілері де кәсіби мамандар. Оқушы мен ұстаздың еңбегі еленіп, балалар көптеген жарыстарда топ жарып жүр. Бұл оқушы үшін мотивация болса, ал ұстаздар қауымы үшін нәтиже десек те болады», — деп ата-аналар бірауыздан жылы лебіздерін білдірді.

Шығармашылық бағдарламаға ұласқан шара акт залында өз жалғасын тапты. Ата-аналар мен қонақтарға «Хореография» үйірмесі бойынша «Қамажай», «Чаплин» және т.б. спорттық-сәнді, халықтық билерден шығармашылық нөмір көрсетілді. Хореографтарымыз Е.Янко, А.Есказиева, Д.Тургумбекова дайындаған мектептің би ансамбльдері Халықаралық би сайыстарында бас жүлдені қанжығасына байлаған. Аз уақыт ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырған «Жетіген» үйірмесінің қатысушысы көрермендерге «Кербез қыз» музыкалық туындысын тарту етті. Ал «Домбыра» үйірмесінің өнерлі жастары, домбырашылар ансамблі жиналған қауымды Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйімен таңғалдырды. Жетекшісі К.Атамбаев оқушыларымызды ұлттық құндылығымыздың бірі домбыраның қоңыр үнімен сусындатып келеді.

Халықаралық мектепте ерекше сұранысқа ие үйірменің бірі – «Фортепиано» үйірмесі. Жетекшісі – М.Болатовна. Оқушылар ата-аналар мен қонақтарға «Бетховеннің 20 сонатасының бірінші бөлімін» және «Лемуан этюд ми минор» шығармаларын зор қуанышпен орындап берді. Халық әні «Бір баланы» орындаған «Халықтық вокал» үйірмесінің кішкентай шәкірттері көрермендерімізге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жетекшісі К.Мукушев оқушыларымыздың бойына халық әндеріне деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті оята білді.

Қазіргі таңда мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында кеңінен танымал үйірмелердің кезектісі – «Актерлік шеберлік сабағы» мен «Сахна тілі». Дауыс ырғағының дұрыс қойылуы, жоғары және төменгі тондарда сөйлеу бөлімдері бойынша үлгілік сабақтар көрсеткен оқушылар жаңылтпаштарды мүдірмей оқып, дауыс жаттығуларын көрсетті. Жетекшісі А.Разум оқушыларымызға сахна тілінің қыр-сырын меңгертуде озық тәжірибелер мен әдістемелерді қолданып келеді.

Е.Моисеевтің жетекшілігімен оқушыларымыз қонақтарға «Вена вальсін» сыйлады. Жеңіл ырғақ пен әдемі қимылдарға құрылған вальсті көрермендеріміз сүйсіне тамашалады. Шығармашылық бағдарламаны вокалистеріміз С.Досаева мен Ж.Сұлтановтың вокалдық ансамблі әзірлеген «Туған жер» әні мен «Вокал теориясы» сабағы қорытындылады.

Осылайша, «Үйірмелер жәрмеңкесі» деген атаумен бастау алған таныстырылым шарасы өз мәресіне жетті. Шара соңында Халықаралық мектептің музыкалық-көркемдік жетекшісі Р.Рахимоваға ата-аналар мен келген қонақтарға өз алғысын білдірді.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.