Жаңа сабақтар, Жаңалықтар

БҚО білім басқармасы басшысымен сұхбат

TirizhaovaAҚазіргі таңда дүниежүзілік білім жүйесі деңгейіне сәйкес келетін, сапалы білім беруге жағдай жасайтын, үйлесімді дамытуға бағытталған білім беру көзделіп отыр. Білім мекемелерінде үш тілді оқыту жүйесі, бірыңғай мектеп формасы, 12 жылдық білім беру стандарттары тақырыптарын БАҚ беттерінде ұстаз, ата-ана арасында түсіндіріп, пікірлесу қазіргі заман талабы қажет ететін маңыздылығы бар.

Осы тақырыптарды кеңінен насихаттау үшін Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Тіріжанова Айымгүл Мақсұтқызының сұхбат сұрақтарына жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

  1. Облыс көлемінде білім беру жүйесін дамытудағы басым бағыттар туралы

Білім саласын одан әрі дамытудың негізгі векторлары Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында, жыл сайынғы Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда, бағдарламалық мақалаларында белгіленген. Биылғы республикалық «BILIM JÁNE ǴYLYM» атты білім беру жүйесі қызметкерлерінің тамыз педагогикалық конференциясында Ел Президенті білім саласын одан әрі дамыту мәселелерін қозғап, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сөйлеген сөзінде білім саласы бойынша келер жылдары шешетін міндеттерді анықтап берді. Бұл міндеттерді өңірімізде орындау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылында енгізілетін жаңа бастамаларды әзірледі. Сондай жаңашылдықтың бірі – енді біздің оқушыларымыз әр деңгейдегі жетістіктеріне қарамастан, түрлі олимпиадаларға қатыса алады. Бұл бастамалар елімізді 30 дамыған елдің қатарына енгізу мақсатын көздейді. Облысымыздағы 11 мыңнан астам педагогтар жаңартылған білім беру мазмұнында сабақ бергені үшін еңбекақыларына 30 пайыз үстеме ақы алуда, аттестациядан кейін жеті мың педагог жалақыларына қосымша ақы төленеді. 2018-2019 жылдары жаңа құрылыс есебінен сегіз білім нысаны пайдалануға берілді. Мектептердің апаттылығын және үш ауысымдылықты жою мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен Ақжайық ауданындағы 100 орындық интернатымен 300 орынға арналған Абай мектеп гимназиясының және Орал қаласында 900 орындық №51 мектебінің құрылысы жүруде. Қазталов ауданы орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева атындағы орта мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар Орал қаласында 900 орындық №52 және 300 орындық №33 орта мектептерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Өңіріміздегі 5 мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталуда.

Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында да жүйелі жұмыстар жасалуда. Биыл Орал қаласы мен облыс аудандарының 231 мектепке дейінгі мекемелерінде мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды кезекке қою және жолдама беру қызметі автоматтандырылды. Бұл ата-аналарға балабақшалар туралы ақпараттарға қол жеткізуге, нақты жүктемесі мен кезек көлемін білуге, сондай-ақ орналасқан жері, білім беру бағдарламасы, балабақша туралы қосымша ақпарат алуға мүмкіндік берді. Облыстың жалпы білім беретін мектебінің 92% кеңжолақты Интернет желісіне қосылып, Орал қаласының мектептері мен аудан орталықтары 100% қамтамасыз етілді.

  1. Сапалы білім беру қызметінде мұғалімнің кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқарады. Сіздің ойыңызша Ұстаз қандай болуы керек және Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға қандай жұмыстар жасалуда?ХХІ ғасыр білім мен ғылым ғасыры, сондықтан да ұстаздар қауымы бір саланың маманы болмауы керек. Ұстаздар заман талабына сай ізденіп, жан – жақты дамып отырулары қажет. Ұстаз менің ойымша психолог, көшбасшы, адам жанын зерттеуші, білікті де білімді педагог, рухани бай тұлға болуы керек.
    Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын құзыреттілікке және сапаға бағытталған тың бағдарлама. Ал мектептегі оқушының сапалы білім мен саналы тәрбие алуына басты себепші – мұғалім. Жаңартылған білім беру жағдайында өз қызметінің мазмұнын сыни тұрғыдан, шығармашылықпен жаңғырта алатын, озық педагогикалық тәжірибесімен ғылым жетістіктерін қолдана білетін педагогке деген сұраныс артып отыр. Бүгінгі күн үздіксіз педагогикалық және кәсіби білім алуды талап етеді. Жаңарту тұрғысынан педагогтерді үздіксіз кәсіптік дамыту мақсатында олардың қызметін ғылыми-әдістемелік сүйемелдеудің бірнеше жобалары құрылды. Жаңа жобаларды құрылымдауда біз педагогикалық процесс пен кәсіптік мәдениетті «қалыптастырушы» ретінде мұғалім тұлғасын дамытуға жағдай жасау арқылы білім сапасын арттырудың іргелі идеясын ұстандық. Бүгінгідей үдемелі өзгермелі заманда білім берудегі жаңғыру педагогтерден білім сапасы мен оқушылардың үлгерімінің нәтижелілігін талап етеді. Кез келген білім беру ұйымы қызметінің нәтижесі мектеп басшысының қандай екеніне байланысты. Бізге жаңа көзқарастағы, өздері лидер болып қана қоймай, жаңа лидерлерді тәрбиелей алатын басшылар керек. Ал ешкімде басшы болып тумайды, ол қалыптасады.
    Осыған орай, «Бүгінгі білім беру ұйымының басшысы қандай болуы керек?», «Тиімді менеджер немесе Ұстаздардың ұстазы деген кім?», «Z буынындағы ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу дегенді қалай түсінеді?» деген сұрақтар туындайды. Бүгінгі мұғалімдер мен басшыларда кәсіпкерлік ойлау мен өзгерістерге деген бастамашылық көзқарас болуы керек.
    Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында білім беру ұйымдарында ұжымдық интеллект қалыптастыратын, өзгерістерді басқару қабілеті бар көшбасшылар командасы болуы керек. Көшбасшы — қоғамға, ұйымға немесе топқа ықпал етуге қабілетті тұлға.
    Осы тұрғыдан қарап, облыс педагогтерінің кәсіби өсуі мен менеджмент шеберлігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу арқылы жаңашылдыққа серпін беру, педагогтердің потенциалын көтеру, дүниетанымдық көзқарасы мен рухани өрісін кеңейту мақсатында жаңа жобалар енгізілді.
    «БатысБілімTalks» білім беру лекторийі Жобасы.
    Лекторий айына 1 рет өтеді. Лекторийге қоғам қайраткерлері, білім саласы бойынша республикаға танымал тұлғалар шақырылды.
    Лекторий сессияларында Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрі Күләш Шәмшиденова білім берудегі өзгерістердің қажеттілігі, өзгерістерге сай педагогтердің, оқушылардың ойлауын өзгерту, педагогтерге қойылатын талаптар туралы дәріс берсе, «BilimmediaGroup» ЖШС директоры Рауан Кенжеxанұлы, «Knowledge Egineering» ЖШС директоры Нартай Әшім білім берудің заманауи трендтері, білім беруді цифрландыру мен оқытуда ақпараттық-коммуникативтік құралдарды тиімді пайдаланудың жолдары мен ресурстары туралы кеңес берді.
    «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары, PhD докторы Назипа Аюбаева кәсіби біліктілікті дамытудағы ұстаздардың кәсіби ынтымақтастығы туралы ой қозғады. Қоғам қайраткері Нұрбек Саясат білім берудегі болашақтың дағдыларымен бөліссе, Алматы Менеджмент Университетінің президенті Асылбек Қожахметов 4-ші өндірістік революция жағдайында басшылардың көзқарасын трансформациялау туралы әңгіме жүргізді. «EDTECH-KZ» халықаралық білім беру орталығының бас директоры, халықаралық деңгейдегі психолог Ғани Бейсембаев сенім, сенімділік, көшбасшылық туралы психологиялық тренингтер жүргізсе, абайтанушы, ғалым Омар Жәлел ұрпақ тәрбиелеудегі ұлттық құндылықтардың маңызы туралы ұлағатты әңгіме айтты. Спикерлердің дәрісі педагогтердің жаңашылдық көзқарасын кеңейтуге, жаңаша ойлауына, жаңартылған білім беру мазмұнын, Z буынының ұрпақтарын оқыту мен тәрбиелеу жолдарын, өзгерістер не үшін қажет екенін түсінуіне, өскелең ұрпақты 21 ғасыр сын-тегеуріндеріне төтеп беруге дайындау жолдарын айқындауына ықпал етті. Өйткені, мұғалімдер мен олардың шәкірттерінің құндылық бағыттары сәйкес келмейтін әртүрлі буынға жатады, бұл оқушылардың дүниетанымын, дүниені қабылдауын түсінуде мұғалімге қиындық тудырады, мұғалімнен жоғары психологиялық сауаттылықты, дамыған эмоционалдық интеллектті талап етеді. Спикерлердің мазмұны жоғары, өзекті дәрістері тыңдаушылардың болашаққа деген сенімін арттырады.
    «БАТЫС ÓSÝ VEKTORY» мектебі жобасы. Жобаның өту формасы мен орнының әдеттегіден өзгеше болуы адамдарды жақындастырады. Жоба шаралары табиғат аясында, мәдениет орындарында, музейлерде өткізілуі мүмкін. Жоба жылына әр санаттағы педагогтерге 4 рет жазғы лагерь, күзгі, қысқы және көктемгі сессия түрінде өтеді. Әр сессияға қатысушылар саны — 100 адам. Мектепке барлық саладағы педагогтер мен басшылар шақырылады. Мектеп жұмысы 3 күнге жоспарланған.
    Мектеп жұмысының мазмұны оқыту әдістемесін, сабақ технологиясын үйретпейді, білім беру жүйесінің тұжырымдамалық бағыттарына, басшылар мен педагогтердің ойлау үлгісінің жаңаша амалдарына негізгі басымдық берілген. Педагогтердің мәдени, рухани демалысы мен дамуын қамтамасыз ету үшін өлкеміздегі танымал мәдениет қайраткерлері, өнер адамдары, бұқаралық ақпарат құралдарының белгілі мамандарымен кездесулер, мәдени іс-шаралар, поэзиялық кештер ұйымдастырылады. Жан жақтан жиналған педагогтер арасында таныстық, достық қарым-қатынас орнатуда «Арқан курсы», тимбилдингтердің алатын орны зор. Шығармашылығын шыңдауға арналған READx, StandUp, Дебат шаралары тыңдаушылардың қызығушылығын арттырды. Мектеп жұмысы командалық жұмысқа, өзара тәжірибе алмасуға ықпал етеді. «Батыс ÓSÝ VEKTORY» жобасы аудандарда, білім беру ұйымдарында жалғасын табуда. Білім беру үдерісінің сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі білім беру ұйымындағы моральдық-психологиялық климатты қалыптастыру мен жетілдіру. Басшы «адам инженериясының» барлық нәзік тұстарын білуі керек және адамтануды меңгеруі керек. Өзгерістер әрекетті талап етеді. Табысқа жеткізетін әрекеттер адамның көңіл-күйіне байланысты.
    Білім беру ұйымдары басшылары мен орынбасарлары білім саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықты түсіндіруде, табысты жұмысқа қол жеткізуі үшін бір толқынмен ағып, ауызбіршілігі мен түсіністігі бір болуы керек. Бұл орайда «EDTECH-KZ» халықаралық білім беру орталығының бас директоры, халықаралық деңгейдегі психолог Бейсембаев Ғани Бектайұлының «Педагогикалық полилог» семинар-тренингі қатысушылардың санасына серпіліс, өресіне өзгеріс енгізген ықпалы зор шара болды. Облыс бойынша 1450 педагог аталған психологиялық тренингке қатысты.
    Осы сұрақтар мен мақсаттарға бағытталған басшы кадрлармен жүргізілетін әдістемелік жұмыстарда бірқатар мақсатты жобалар енгізілді.
    Білім беру ұйымдары басшыларының мектеп басқару ісіндегі жан-жақты құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында «Жас басшылар мектебі» құрылды.
    Мектеп 2 деңгейден тұрады: 3 жылға дейін еңбек өтілі бар қызметкерді басшының жаңа рөліне бейімдеуге арналған «Жаңа бастаған басшылар» — І деңгей және 3 жылдан 5 жылға дейін еңбек өтілі бар басшыларға кәсіби басшы дағдысын қалыптастыруға арналған «Кәсіби басшылар» — ІІ деңгейі. Мектеп бағдарламасы қызметкердің ҚР-ның білім беру стандартына сәйкес теориялық және практикалық басқарушылық әлеуетінің аспектілерін дамытуға бағытталды. Мектеп жұмысы 2 жылдық (жылына 2 рет 2 күн). Мектептің тыңдаушы-директорлары «Назарбаев зияткерлік мектебінде» 1 жұмалық тағлымдамадан өтеді. Бүгінгі күні 66 мектеп директоры тағлымдамадан өтті және тағлымдамадан өткен директорлардың өз мектептерінде қандай жаңа жұмыстар енгізгені туралы есебі «Назарбаев зияткерлік мектебінің» қамқоршылық кеңесінде тыңдалды.
    Батыс Қазақстан облысында білім беру мазмұнын жаңғырту аясында «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ Орал қаласындағы физика-матемтикалық бағыттағы филиалы және Педагогикалық шеберлік орталығы филиалымен бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес «Назарбаев зияткерлік мектебі» тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге енгізу бағытында және мектеп басшыларының, әдістемелік кабинет қызметкерлерінің әлеуетін көтеру, инновациялық мектептермен тығыз байланыс орнату арқылы жетекші мектептердің ролін күшейту және желілік қауымдастықтар арқылы тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ Орал қаласындағы физика-матемтикалық бағыттағы филиалы мен 4 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің «Бестік одағы» жобасының құрылымдық бөлімшесі ретіндегі «БатысINNOVATIONS» жобасы облыстағы 20 инновациялық мектептер 68 жетекші мектептермен жүйелі жұмыстанады. Жетекші мектептер серіктес мектептерімен жұмысты жалғастырады. Жоба жұмысы жүйелілікке, ынтымақтастыққа мүмкіндік береді.
    Құндылық – тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Ал, отбасы — ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі. Меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, шешендік, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылдық, рухани байлық, махаббат сынды құнды қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіруде отбасының, отбасындағы ұлттық дәстүрлердің маңыздылығы айқын.
    Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды сақтау, ұлттық дәстүрімізге құрмет көрсете отырып, жастардың бойына патриоттық сезімдерді қалыптастыру, қоғамдағы және отбасындағы әке, ана рөлін көтеру, отбасының қарым-қатынасындағы сенімділікті және сыйластықты қалыптастыру, жаңашыл идеяларға қолдау көрсету мақсатында «ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ» және «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ОТБАСЫ» жобалары құрылды. Мектеп пен ата-ана арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, үлгілі отбасылар тәрбиесін насихаттауға бағытталған жобалар аясында облыстық аналар, әкелер форумдары өткізілді.
    Бала тәрбиесін жетілдіруге бағытталған игілікті шараға өңір ата-аналары мен тәрбие әдіскерлері, сынып жетекшілері, қоғам қайраткерлері қатысып, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді қызу талқылап, ана мен әкенің рөлі туралы ой қозғады.
    Еліміздің көркеюі, ұрпағымыздың өнегелі болуы үшін іс-әрекетіміз де ұлттық салт-дәстүрімізден алшақ болмауы керек. Осындай даналығы мен даралығы, тәрбиесі мен өнегесі сөзінде көмкерілген халқымыздың тәлім-тәрбиесін «Отбасылық мұра» тақырыбында ұйымдастырылған көрме жұмысында білім беру ұйымдары атадан балаға дарып келе жатырған ұлттық өнер түрімен таныстырып, «Әжелер», «Аналар», «Қыздар» клубтарының іс-тәжірибелерінің шеберлік сыныптарында ортаға салды.
    Тәрбие бесіктен беріледі. Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-ананың мерейі. Қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық. Болашақ ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен, ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Облыстық форум жұмыстары қала, аудан орталықтарында жалғасын тауып, білім беру ұйымдарындағы «Әкелер», «Аналар» клубтарының жұмыстарына жаңа серпілістер берді.
    Облыстан бастау алған «ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ», «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ОТБАСЫ» жобаларының іске асырылу нәтижесінде жас отбасылар үлгілі отбасыларының ұлағатты тәлімін тыңдап, өнеге алды, рухани қарым-қатынасқа қабілетті ұрпақ тәрбиелеу керектігі туралы ой түйіндеді.
    ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында «Білім беру жүйесінің көшбасшылары мұғалімнің кәсіби даму тәсілдерін жаңғыртады» делінген.
    Олай болса, жас ұрпаққа баға емес, одан да көп нәрсе қажет екенін түсіне отырып, білім беру ұйымдарының басшылары оқытуды дамытуда мұғалімдермен бір командада, жаңа технологияларды меңгеріп, мектеп қызметін иерархия сияқты емес, нетворкинг тәрізді құруы керек.
    Елбасы «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» Жолдауында «Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.» деген болатын. Бүгінгі жұмыстар осы дағдыларды жетілдіре отырып, әдістемелік жұмыстарды ұйымдастырудағы заманауи амалдар арқылы жекелеген көшбасшыларды емес, өзгерістер көшбасшыларының тұтас командасын құру мақсатына бағытталуда.
  2. Жалпы білім беретін ұйымдарда қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі өкілдерінің, білім беру ұйымының медициналық пунктінің медицина қызметкерінің қатысуымен тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмыс жасайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда қолма-қол ақшасыз тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында «Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырушы кәсіпкерлердің ассоциациясы» тиісті жұмыстар жүргізуде.Күні бүгін №2, 4, 7, 9, 13, 19, 20, 23, 43, Круглоозерный мектептерінде ыстық тамақты ұйымдастырушылар «Электрондық мектеп тамақтануы» арқылы 1-4 сынып оқушылар, аз қамтылған отбасы балаларына тамақтануға төлем жүргізетін кәртішкені өз есептерінен дайындап беруге тілек білдірді. Аталмыш жоба бірінші болып №4 мектепте (13.09.2019ж. күні) іске қосылады деп күтілуде. Қалған 9 мектепте ағымдағы жылдың 28-29 қыркүйегінде іске асырады.
    Білім мекемелерінде отбасымен ынтымақтастықты, өзара байланысты қалыптастыруға мақсатында жиналыстар, жиындар, кездесулер, байқаулар, жарыстар өткізіледі.
    Ата-аналар жиналыстары мен жиындардың кездесулердің мақсаты – отбасылық тәрбие мәселелерін талқылауға ата-аналарды қатыстыру, олардың жауапкершілігін және балаларды тәрбиелеудегі рөлін арттыру. Ата-аналар жиналыстарында мектеп басшылары, сынып жетекшілері, пән мұғалімдері балалардың оқу үлгерімі мен тәрбие мәселелері талқыланады. Сонымен қатар, «Алтын ұя», «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге», отбасылық «Әкем, анам және мен – туристік отбасы» жарыстары мен байқаулары, «Әлемнің жарығы…» тақырыбындағы аналар форумы мен әкелер форумдары өткізіледі.
  3. Қазіргі таңда оқушылар бес күндік оқу жүйесіне және бағалаудың жаңа форматына өтті. Өзгерістер қандай нәтиже беріп отыр?
    Жалпы білім беретін мектептердегі білім алушылардың оқу жетістігін бағалауды қазіргі тәжірибеге енгізудің негізін критериалды бағалау жүйесіне көшкені белгілі. Бұл бағалау рәсімдерінің сапалылығын, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін және әр білім алушының оқудағы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін ұсынылып отырған жаңа критериалды бағалау жүйесі білім алушының дамуын, оның қызығушылығын және оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталады. Егер әр білім алушыға және оның ата-анасына түсінікті болатындай нақты әрі өлшемді бағалау критерийлері белгіленетін болса, бұған жетуге әбден болады. Критериалды бағалау жүйесінің мақсаты бағалау критерийлерінің негізінде білім алушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін оны барлық қатысушыларға ұсыну. Критериалды бағалау бүгінгі білім беру жүйесінде зор маңызға ие. Өйткені, қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты рөлде оқушының құзіреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған.
    Заман талабы — жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, алған білімдерін өмірде қолдануға бейімдеу болып табылады. Қорыта айтқанда, бүгінгі оқушының білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіруге болатынына күнделікті оқу үдерісінде қолдануымыздан көз жеткізуге болады.
  4. Облыс көлемінде «Ашықтық қағидаты» шеңберінде қандай жұмыстар атқарылуда?
    Әлеуметтік желідегі фейсбук аккаунтарына келетін болсақ, білім басқармасында bqo bilim baskarmasy baspasoz kyzmety парақшасы жұмыс жасайды. Білім бөлімдерінің басшылары тұрғындардан келіп түскен сұрақтар бойынша қоғамдық қабылдау жұмыстарын жүргізеді. Жалпы, заманауи коммуникация құралдары билік пен халықтың, түрлі әлеуметтік топтардың арасындағы өзара байланыстың тетігіне айнала бастағаны анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге халықпен жақын болуды тапсырып, заманауи коммуникация құралдарын кеңінен қолдануға кеңес бергені баршамызға аян. Басшылардың әлеуметтік желіні пайдалануы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға белгілі бір мөлшерде септігін тигізер деген үміт бар. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанынан білім беру мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істейтін облыстық call-орталық ашылды. Сall-орталықта 8(7112)234677 және 87471127407 телефондары жұмыс жасайды. (Электронды пошта callcenteredu@gmail.com). Сall-орталық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білім беру қызметін көрсету, балалардың құқықтарын қорғау және т. б. мәселелері бойынша жауап береді. Сall-орталық білім саласы бойынша азаматтардың келіп түскен өтініштеріне түсінік, кеңес беру және нақты әрекет ету мақсатында халыққа жаппай қызмет көрсету жүйесі. Call-орталығы телефон, электронды, қарапайым пошта және интернет-чаттар арқылы өтініштерді өңдейді.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.