Жаңа сабақтар

КЕЛЕЛІ КЕҢЕСКЕ ТОЛЫ КЕЗДЕСУ

Жалпы білім беретін Әлихан Бөкейхан атындағы №76 орта мектептің Әлихан атындағы мұражайында аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты еске алу құрметіне арналған «Әлем таныған Әлихан – Алаш ардақтысы» атты мектеп ұжымының және белгілі азаматтармен мерекелік кездесуі өтті.

Кездесуді ашқан мектеп директоры Күзембаев Мартбек Қайыркенұлы өткізілгелі отырған іс-шараның негізгі мақсаты: Әлекеңнің өмірі, Алаш партиясы мен үкіметін құру жолындағы күресі, мемлекеттік қызметі, шығармашылық жолы жайында оқушылардың зерттеушілік-олимпиадалық еңбектерін тыңдау, шеберлік ерекшеліктерін анықтау, сонымен қатар оқушылардың ізденушілік қабілетін дамыту, ғылыми ізденіске дағдыландыру екендігін айта келіп, шақырылған қонақтардан ізденуші оқушылардың еңбектерін бағалай отырып, толықтырулар туралы ұсыныс-пікірлерін айтуды, әрі қарай дамытудың бағыт-бағдары жөнінде ой бөлісуді ұсынды. Мектебіміз Әлекең атында болғандықтан, оның үстіне облысымызда Ақтоғайдан басқа жерде жоқ Әлекең атындағы мұражайдың болуы көпшіліктің қызығушылығын танытуда. Мектебіміз Әлихантану орталығына айналып келеді. Сондықтан да біздің барынша көп білуге ұмтылатынымыз түсінікті жәйт. Сол себепті осы кездесуге мектебімізге Әлекең атын алып беруші, Әлекең атындағы мұражайды ұйымдастырушы және мектептің алғашқы директоры, бүгінгі күні ардагер ұстаз Тілеуғалы Әміртайұлы, Республикаға танымал, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Әлиханушы Тұңғышбай Мұқан, аудандық ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері Ошақбай Суханберлин, ақындар Қайрат Асқаров, Айнұр Жапбарқұлова, Нұрсұлтан Рымбай шақырылып отыр. Сіздердің пікірлеріңіз біздің «Әлихантану» бағдарламамызды толықтыратын құнды деректер болатыны сөзсіз. Егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар, Түрік елі үшін Ататүрік, Үндістан үшін Махатма Ганди қандай болса, Әлихан да қазақ үшін сондай тұлға. Әлекең әлем мойындаған– әлемдік тұлға.

Сөз кезегі жас зерттеушілерге берілді. Іріктеліп алынған бес оқушының еңбектері ой тереңдігімен, сөз ұтқырлығымен, жоғары бағаланды. Оқушылардың сөйлеу дағдысы, көркем сөйлеу мәнері, тілдік тәсілдер мен сөз шеберлігін орнымен қолдану қабілеттері қалыптасу үстінде екендігі байқалды. Оқушының мәнерлеп оқи білу дәрежесіне қарап, оның талабы, талғамын, білім дәрежесі мен ой өрісін, дүниетанымы деңгейінің көрсеткіштерін есептей отырып, 1-ші орынды 9-шы сынып оқушысы Ғиниатова Арайлымға, 2-ші орынды 10-шы сынып оқушысы Мағауияқызы Меруертке, 3-ші орынды 10-шы сынып оқушысы Қалелова Айзадаға тапсырылды.

Кезек қонақтар пікіріне жалғасты. Сөз алған Тілеуғалы Әміртайұлы: -мектеппен мектеп мұражайымен таныстық. Ауыз толтырып айтатын біраз мәселелер атқарылған екен. Әлекең мұражайымен мектеп тарихы да сабақтасып алуан түрлі іс-шаралардың іске асып жатқаны байқалады. Осы мектепке сіңірген еңбегім туралы сөз қозғамай-ақ қояйын. Ол туралы мұражайда толық көрсетілген екен. Ал, енді Алаш арыстарын ұлықтау тек Әлекеңмен шектелмеу керек. Тәуелсіздікті аңсап қаншама арыстарымыз мерт болды. Бар ғұмырын ұлтының болашақ бақыты үшін бел шешіп күрескен, сол жолда бойындағы күш-қайраты мен ақыл-ойын, білім- парасатын аямаған бабаларымыздың қайраткерлігін дәріптеуде, жас ұрпақтың бойына ұлтжандылықты сіңдіру мақсатында «Алаш арыстарын оқып-үйрену» жобалық бағдарлама жасап облыстық білім басқармасына талқылауға ұсындым. Сондықтан осы мектептен де осы жоба төңірегінде ой-пікірлеріңізді білдірсеңіздер құба-құп.

Сөз тізгінін алған Әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан, әуелі мұражай үшін «Алаштың Әлиханы», «Ел тарихы–рухани қазына» атты екі танымдық зерттеу еңбегін сыйға тартты. –Зерттеуші-оқушылардың еңбектерін тыңдадым. Ұнады. Арнайы шақырғандарыңызға рахмет. Әлекең – терең қазына. Ашылмаған дүние көп. Осы мүмкіндікті пайдаланып сіздердің менен білігілеріңіз келетін сұрақтарыңызға толық жауап беруге дайынмын және өзім білетін кейбір деректерді назарларыңызға ұсынғым келеді. Бірінші, Әлихан Нұрмұхамедұлының арғы атасы Бөкейді 14 жасында Абылайдың ақылшысы, даланың данагөй абызы Қазыбек би 1748 жылы Самарқанның билеушісі Көкжал Барақтан болашақта Орта жүзге хан сайлау үшін қалап алып келген. Бөкейдің тоғыз ұлы болған. Бір ұлы Батыр Егіндібұлақ ауданындағы Қудың Қызыл шілігі деген жерді мекендеген. Сол жерде Батырдан туған Рүстем болыс болған. 1830 жылыРүстем інісі Мырзатайды ертіп оңтүстікке көшіп, Мерке мен Шудың бойында 20 жылдай тұрып, Үйсіннің төресі атанған. 1838 жылы сол Шудың бойында Мырзатайдан Қоскөл деген жерде Нұрмұқамед туады. 1858 жылы Рүстем мен Мырзатай Қарқаралы уезі Тоқырауын болысына көшіп келіп, қоныстанған. Сол елдің Шоңбай биі оларға Желтаудан қоныс бөліп берген. Осы Желтауда 1866 жылы Нұрмұқамедтің баласы Әлихан дүниеге келген. Сонымен Бөкей-Әлихан аралығы Самарқан-Сарыарқа-Шу-Тоқырауын аймағын қамтиды. Екіншіден, 1901 жылы Әлекеңнің әкесі Нұрмұхамед 62 жасында қайтыс болады. Бұл кезде Омбыда қызметте жүрген Әлихан жаз айында келіп, Жіңішке өзенінің жағасынан әкесінің мазарын алты қырлы етіп тұрғыздыртады. Алты қанатты қазақтың үйін меңзеген болу керек. Көп ұзамай өзінің оқыған, сауатты, білімді інісі Тәтіхан да мезгілсіз 25 жасында қайтыс болады. Сол жылы Әлекең әкесі жерленген мазарға Бразилияда өсетін сәмбі деген қарағаштың 2 тұқымын әкеліп отырғызады. Біреуін әкесіне, екіншісін бауыры Тәтіханға арнаса керек. Талдың біреуі бүгінгі күні жапырағы жайқалған бәйтерек. Бұл төрелер қорымы кейіннен ел аузында «Талды бейіт» деген атауға ие болады. Әлекеңнің өзі мен кенже інісі Базылханнан басқа ата-аналары мен бауырлары осында жерленген. Бұл қорым жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштердің тізіміне енгізіліп, қорғауға алынған. Үшіншіден, 1918 жылдың 27 қыркүйегінде Әлекеңнің анасы Бегім ханым қайтыс болады. 1921 жылы жан жары Елена Семейде қаза болғаннан кейін Әлекең туған жері Желтауға келіп, 1922 жылдың күзіне дейін сонда болған. Әлекең қолы босаған уақыттарында ауыл балаларын күрестіріп, асық атқызып, тіпті қаланың городки деген ойынын үйретеді екен. Жекежал қыстағының Желтауға жалғасқан аңғарындағы мұзжарғыш алып кеменің тұмсығына ұқсаған құз-жақпар «қарауыл қаратастың» төбесіне шығып, кең жазиралы алқапқа, алыстан мұнартқан Ақсораң мен Бегазыға көз салып, терең ойға шомып жалғыз отыратын сәттері көп болған. Белгілі ғалым, Әлихантанушы, филология ғылымдарының докторы Айгүл Исмақова 2016 жылы Әлекең қыстауына келгенде осы қара тасты «Хан тағы» деп атауды ұсынған. Содан бері бұл тас «Хан тағы» деп аталады. Төртіншіден, 1922 жылдың күзінде (қазан айы болуы керек) Қарқаралы уезінің НКВД бастығы Желтауға келіп, Әлекеңе өкіметтің шақырып жатқанын хабарлаған. Әлекең үш күнге мұрсат сұрайды. Жағдайдың күрделенгендігін әріден сезген Әлекең 1-ші күні сол өңірдегі Әлтеке-Сарымның, Майқы-Танастың игі жақсыларымен жиналыс ашып, қиындықтың келе жатқанын,ауыртпалықтың түсетіндігін, енді бұдан былай отырықшылыққа көшудің, үй салу керектігін, көп малдың зияны тию мүмкіндігін, оны ағайын-туыстарға, бауырларыңа таратып беру керектігін түсіндіреді. Екінші күні маңайдағы ауыл тұрғындарымен, ауыл ақсақалдарымен осы бағыттағы әңгіме өткізеді. Үрейленбей, келе жатқан зобалаңнан аман шығудың жолдарын ақылдасады. Тоқырауын өзенінің бойынан егін салуға, өзен арнасына су диірмен салып, кәсіппен айналысуға кеңес береді. Үшінші күні өзінің ағасының баласы Қасымға: — сен кооператив аш, Қарқаралыдан ағаш әкеп есік-терезе жаса, үй құрылысына керекті заттарды жасап, тауар әкеліп сауда ұйымдастыр. Сенің бұған қабілетің жетеді. Әзіханға: — сен екі бөлмелі үйіңді босатып, ауылдағы, маңайдағы балаларды оқытатын мектеп аш. Сабақ беруге Ташкент университетінің студенті Райымжанды шақыр. Ол келіседі. Смаханға: — сен май зауытын аш. Елге де, үкіметке де пайдасы тиеді. Май зауыты 1925-1930 жылдарға дейін жұмыс істеп тұрған. Базылхан сен тері өңдеу цеғын жаса. Тері өңдеуге керекті известь тастар, пешке керектілер толып жатыр. Елдің сойған малдарының терілері бостан бос далада шашылып, шіріп жатыр. Былғары жасауды білесің.

Әлихан өзінің туған жеріне 1925 жылы келгенде сол өңірде өзі айтқан тұрмыстық кешендердің жұмыс істеп тұрғандығын өз көзімен көріп, көңілі марқайып қайтқан еді. Әлекеңнің көрегендігі арқасында нарықтық қатынастарға бейімделген бұл шұғыл бетбұрыстар 1928 жылғы кеңестік тәркілеуге ұшырап, бауырлары қуғын-сүргінді бастан кешірді. Кооператив ашқан немере інісі Қасым Алматы маңында қайтыс болған. Кәсіпкерлікпен шұғылданған ең кенже інісі Базылхан Новокузнецкіге жер аударылып, сол жақта опат болған. Ортаншы інісі Смақан 1933-1953 жылға дейін Алматы жақта бой тасалаған. 1967 жылы қайтыс болған. Ал Әлекеңнің өзіне тете інісі Әзіханды қызылдар билігі түңлік иесісің деп ешқайда жібермей ұстаған. Ол 1932 жылы өзінің қыстауы Жекежалда дүниеден озған. Бесінші, кездейсоқтық па әлде тағдыр ма, Әлихан бабамыз 5 наурызда туған. Ал, 5 наурызда қанды қол Сталин о дүниеге аттанды. Әлиханның анасы Бегімханым 27 қыркүйекте(1918) қайтыс болады. Жауыздар Әлиханды дәл осы күні(1937) атқан. Бұндай сәйкестіктер тарихта бар. Бұл зерттеушілердің тақырыбы.

Алтыншы, ендігі айтарым, Ақтоғайға, Әлекең ауылына Павлодар, Астананың мектептерінен жыл сайын оқушылар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, танымдық кездесулер өткізіп, бейнебаяндар түсіріп келіп-кетіп жатады. Кейінгі жылдары Шымкент, Ақтөбе НазарбаевЗияткерлік мектептерінен де көптеген оқушылар келді. Ал, Әлихан атындағы Қарағанды қаласындағы мектептен ешкімнің ат ізін салмауы құптарлық дүние емес. Сондықтан бұл олқылықты болдырмау керек шығар. Сіздерді мен алдағы кезеңдерде Алаш көсемдерінің туған жеріне саяхат жасап қайтуға шақырамын, — деп аяқтады Т.Мұқан.

Кездесудің соңы Әлихан тақырыбына арналған үлкен концертке ұласты. Ақындар Қайрат Асқар, Айнұр Жапбарқұлова жырдан шашу шашты. Ақын Нұрсұлтан Рымбай будақ-будақ термелерін Әлихан мектебіне арнай, өлеңмен батасын бере отырып, «келесі жолы Әлихан ауданында жолығайық» деп аяқтады. Ду қолшапалақ.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.