Қазақ халқынын ұлттық ойыны — Асық

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған
облыстық арнайы мектеп интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
Елтай Куанышұлы Альмуханов

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «…Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс –біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады.

Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата-бабаларымыздың мол мұрасымен сусындату-біздің міндетіміз. Демек, бабаларымыздың өнеге өсиетін пайдалана отырып тәрбиелеу ұлттық тұлғаны қалыптастырады.

Қай заманда болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат мұраттарының ең бастысы өз халқының, өз ұлтының тәжірибесін жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеу. Осындай тәрбиенің бірі әрі бірігейі болып табылатын құндыларымыздың бірі – ұлттық ойын түрлері.

Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал өсіруге негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген: тоғызқұмалақ, ләнгі, асық т.б. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді.

Асық – төрт түлік малдың ішінде қой – ешкінің тілерсегінде, асық жілік басында орналасатын шымыр сүйек. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйкі, бүк, ішік деп, ал атуға арналған асық – сақа деп аталады.

Ойнай білген адамға асықтың адам ағзасына тигізер пайдасы орасан зор. Асық ойыны адамды мергендікке, ептілікке, баулиды. Бұған қоса аяқ – қолдың қимылын жақсартып, денсаулыққа көп пайдасын тигізеді.

Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, тілін дамытып, ойда сақтау қабілетін жетілдіреді, оларды дәлдікке, ұстамдылық пен сабырлыққа тәрбиелейді. Балаға әр күні бір сағатты бөліп асық ойнатса, баланың жүйке жүйесі ауруынан айығатын болады. Бұл ойынды ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және де топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, саусақтары, барлық бұлшық еттері қимылдайды.

Кеңес өкіметі кезеңінде, ұлттық ойындар оның ішінде асық ойыны еріккеннің ермегі, ойын балаларға тәрбие бермейді, бала ағзасына зиян келтіреді деп есептелді. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деп мақалдап та жүрдік. Бұл өте жансақ пікір, сол кездегі жүргізілген солақай «ұлтшыл» саясаттың ызғары.

Кемі екі баладан бастап қанша бала ойнаса да, үлкен мен кіші бір – біріне қамқор болып келісіп ойнаса да, құрдас пен құрдас бір – біріне бәсекелесіп ойнаса да, әбден болады. Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтыласың. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Ұлттық ойын. Ұлттық тәрбие. Спорт ойыны, спорттық бәсеке. Бұл ойынды еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері бар. Асық ойнау, біріншіден денені шынықтырады, екіншіден адамға барлық дене құрылысының дұрыс дамуына мүмкіндік береді. Ойынды, әсіресе оқушылар мен жастар арасында кеніңен насихаттасақ деймін. Сол арқылы біз келешек ұрпағымызды ұлттық құндылықтарға жақындатамыз. Асық ойыны ұлттық нышанымыздың бірі екенін ұмытпайық. Асық ойынын ұйымдастыру да оңай. Оған алып спортзалдың да, көп қаражаттың да қажеті шамалы, ашық алаңдарда, үй ауласында, мектеп пен балабақша бөлмесінде де өткізуге болады.

Ұлттық ойын түрлері қашан да қамқорлықты, оған асқан жауапкершілікпен қарауды қажет етеді. Әсіресе, осы ұлттық ойын түрлерін оқыту жайы, оған жастай баулып тәрбиелеу ісі баршамыздың алдымызға байыпты міндеттер жүктейді. Осыған орай, мектеп оқушыларының ұлттық ойын түрлерінен білімін тереңдетіп, толықтыру мақсатында мектебімізде «Асық» үйірмесі енгізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шәкірттерімді ұлттық ойын – асық ойынына дендеп үйретудемін. Үйірмеге қазіргі кезде 40 – тарта оқушы (үлкендер және кішілер тобы) қатысады. Асық ойының емдеу дене шынықтыру сабағында да жиі қолданамыз (асық терапиясы). Бүгінгі күні шәкірттерім асық ойыңының бірнеше түрін «үш табан», «шеңбер жасап ату», «омпы», «хан ойыны», «құмар» т.б. шебер меңгеріп алды. Негізі асық ойынының қай түрі болмасын белгілі бір мақсатқа құрылады. Қалай болса солай ойнай салуға болмайды. Қалай болса солай ойнаған бала міндетті түрде ұтылады. Сондықтан, әр ойын алдында кез келген ойыншы өзін психологиялық тұрғыдан дұрыстап дайындап алғаны жөн. Олай болса, асық ойнап жүрген балаңызды орынсыз қақпайлай бермей, қайта қашан, қайда, қалай ойнаған дұрыс болатынын бағыттап, жөн сілтеп, орынды ақыл кеңесіңізді беріп отырғаныңыз абзал. Бұл баланы болашақта қандай да істі қолға алмасын, жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Асық ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Сондай – ақ баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа, достық қарым қатынасқа тәрбиелейді.

Оқушы асық ойынын ойнау барысында:

  • тарихын, жүріс тәсілдерін меңгереді;
  • ойлау қабілетін арттырады;

  • ойынды ойнау барысында жаңа әдістерін қарастырады;

  • өз ойындарына талдау жасайды.

Берілетін білім мен тәрбие және дағды:

  • халқымыздың ұлттық ойындарын бойларына сіңірту;
  • ұлттық, патриоттық, эстетикалық тәрбие беру;

  • ойын ережесін сақтай білуге үйрету;

  • ойын жүрістерін дұрыс орындауға бағыт бағдар беру.

  • Оқушылардың бойындағы жасырын қабілеттерін ашу және дамыту, рухани жан-дүниелерін байыта түсуге негіз болатын мектепішілік үйірмелер жұмысын қолға алып жетекшілік етемін. Оқушылар сабақтан соң үлкен қызығушылықпен келіп қатысады. Соның нәтижесінде шәкірттерім үнемі «Спешиал Олимпикс» және «Жұлдызай» республикалық, облыстық, қалалық жарыстарына үздіксіз қатысып жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Ал, «Асық» үйірмесінін ашылғанына азғана уакыт өтседе жеткен жетістіктерімізде жоқ емес. Биылғы қаламызда өткен «ВІ-Жұлдыз-ай» республикалық спартакиадасына облыстық іріктеу кезеңінде асық атудан 2 – шәкіртім бас жүлдені иемденсе, 2 – шәкіртім күміс жүлдегер атанды. Енді, бұл екі жеңімпаз болып таңылған оқушыларым 2018 жылы 17 – 19 қыркүйек күндері Астана қаласында оздырылатын ІІ – ші республикалық «ВІ-Жұлдыз-ай» спартакиадасында асық атудан облыс атынан сайысқа түсіп бақтарын сынайтын болады.

    Келешекте осы ұлттық кұндылығымыз асық ойынын одан әрі дамытып, жетілдіріп, кеңінен насихаттап халықаралық, әлемдік деңгейге тезірек көтеруге бірлесе жұмыстанайық, « асықтарыңыз алшысынан түссін» – дегім келеді.

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Қазақтың ұлттық ойындары. Б.Төтенаев. Алматы, 1994 ж.
    2. Қазақ халқының салт дәстүрлері. Алматы, 2007 ж.
    3. «Асық» ойынын үйрету тәсілдері. Орал, 2016 ж.
    4. Ғаламтор ақпараттары: www.google.kz, www.yandex.ru, www.mektep.kzсайттары.

    Добавить комментарий

    Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.