Жаңа сабақтар

ҰСТАЗ – ҰЛЫ ЕСІМ

“Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы” –
деп Ғафу Қайырбеков жырлағандай, газетіміздің бүгінгі санында Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы № 9мектеп-гимназияда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі орыс тілі пәнінің мұғалімі Михайлина Галина Александровна жайында әңгіме өрбітпекпіз.

“Ұстаз болсам” деген үлкен арманды арқалаған қырандай күшті қанатты жас түлек мектеп бітіргеннен соң, Түркістан қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы педучилищеге түсіп, аталған оқу орнын 1982ж. үздік деген бағаға бітіреді. Ол 1984жылдан бастап ең алғашқы еңбек баспалдақтарын Некрасов атындағы №9 жалпы орта мектептен бастайды.
“Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады” дегендей,қайнаған еңбектің бел ортасында шыңдала жүріп ол Шымкент педагогикалық институтының филология факультеті бойынша “Орыс тілі мен әдебиеті” бөліміне сырттай оқуға түседі. 1989жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық иегерінің іс- тәжірибесі әріптестері арасында кең тарала бастайды. Темірдей тәртіп орната білетін жауапкершілігі мол жанның ұйымдастырушылық қабілеті елден ерек танылады. Қазақстан Республикасының ”Білім туралы»” заңына сүйеніп жаңа мазмұнда еңбек етіп жүрген Г.А. Михайлина оқытудың жаңа мазмұнын жасап, оқу-тәрбие үрдісін ғылыммен ұштастыра біледі. “Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз…” деп, Абай атамыз жырлағандай, оқушыларды ғылыми ізденіске бағыттап, баланың бойындағы білімге деген құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеріп, шығармашылықтарын жетілдіре түседі. Ол Халықаралық, Республикалық, облыстық, қалалық білім сайыстарына мектеп бойынша мұғалімдер мен оқушылардың ат салысып қатысуына ықпал етіп жүреді. Нәтижесінде оқушылары осы аталған олимпиада, ғылыми жоба жарыстарының т.б. сайыстардың жеңімпаздары атанып жүр. ЗагидуллинаГ., Батырбекова А., Оразбай Ж., Каримова Ю., Исмаилова У., т.б. шәкірттері мектепті “Алтын белгіге” бітірген. 2015ж. шәкірті Амурова С. халықаралық лингвистика-математикалық олимпиаданың 2-орын иегері,2017ж. Маменова Ш.республикалық “Ясауи” олимпиадасынан ІІІдәрежелі диплом алған. Ал, шәкірті әрі перзенті Загидуллина Ю.Н. халықаралық лингвистика-математикалық олимпиаданың сертификатын иеленген. Сондай-ақ, облыс бойынша қашықтан өткізілген КИО “Шаг до ЕНТ»атты олипиадасынан “Ең үздік” сертификатпен марапатталып, мектепті 2018ж. “Алтын белгіге” бітірген.

“Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау” дегендей, оқу әрекетінің компонентіне ҰБТ тапсыратын оқушылар үшін “Логикалық тапсырмалар мен сұрақтар” жинағын топтастырып әзірлеу үшін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.А.Михайлина білікті ұстаздардан құралған “шығармашылық шеберхана” тобын ұйымдастырды. Нәтижесінде 2016ж. “Логикалық тапсырмалар мен сұрақтар” жинағы пәндер бойынша қамтылып жарыққа шықты.

Г.А. Михайлина педагогикалық еңбегінің арқасында “Шығармашыл, тәжірибелі ұстаз”, “Үздік мұғалім” төсбелгілерімен, Білім және Ғылым министрінің, облыстық, қалалық білім бөлімдерінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен бірнеше дүркін марапатталған ұстаз. Осындай ұшан-теңіз еңбек иегеріне отбасына амандық, шаңырағына шаттық, тынымсыз еңбегінің жеңісі мен жемісін көруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Несіпкүл МЕЙМАНХАНҚЫЗЫ, Түркістан қаласы.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.