Жаңа сабақтар

Өмірі — өнегелі

Ғылым – ізденісті талап ететін үлкен әлем десек, сол Ғылымның адамы болу орасан зор еңбекті қажет ететіні сөзсіз. Бар ғұмырын ғылым жолына арнаған Рысбек Баймаханұлы геомеханика ғылымының көкжиегін кеңітіп, селге тосқауыл болатын тоған, бөгет, платиналардың беріктіктері, таулардағы тунелдік авто, елді мекендер мен қалалардағы зәулім үйлердің күшті жерсілкінісінен қирауы мен төтеп беру жолдарын анықтау және т.б. мәселелермен тыңғылықты айналысып, табанды еңбек етіп, ізін жалғар шәкірттер тәрбиелеп келеді. Ол – елімізде ғана емес, шет мемлекеттер үшін де танымал ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор. Халықаралық ғылыми жобалардың авторы, дүниежүзлік (Канада, Жапония, Сингапур және т.б) ұйымдардың мүшесі.
Мен отандық ғылымды әлемге танытқан, талантты ғалымның диссертациялық жұмысыма ғылыми жетекшілік жасағанын мақтанышпен айта аламын. Ағайдың ғылымға бейімдеп, зерттеу нысанасында жол көрсетіп, жөн сілтеген бағыт бағдарымен су тасқындарын алдын алу мәселелеріне байланысты механика-математикалық модельдер жасалып, оңтайлы сандық әдістермен шешімдерін табатын компьютерлік виртуалды бағдарламалар жасалды. Рысбек Баймаханұлының ғылыми жетекшілігімен шәкірттерінен құрылған тобтың мемлекеттік грантық қаржыландыру программалары бойынша ғылыми жобаларды ұтып алуы ғылым жолындағы буынға үлгі өнеге. Оның басты тәрбиелік ұстанымы –ойлауға, талдау жасай білуге, одан жақсы шешім шығаруға үйретуі — шәкірттерінің болашаққа деген батыл қадамдарының бастауы болды. Студенттер мен магистранттар, жас ғалымдар мен PhD докторлар ұстаз ізін жалғап, еліміздің келешегі үшін қызмет етіп, басты байлығымыз – тәуелсіздігіміздің мәңгі болуына өз үлестерін қосуда.
Бүгінде Қазақстан ғылымына зор үлес қосқан ғалым, көптеген ғылыми еңбектердің авторы, өзінің ғылыми мектебі қалыптасқан, шәкірттерінің мақтанышы болған тұлға, отбасы мен әулетінің тірегі.
Рысбек Баймаханұлы, 70 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын!
Деніңіз сау, отбасыңыз аман, мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын!

ҚазБСҚА оқытушысы Рысбаева А.