Жаңа сабақтар

Тіл — ұлттық құндылық

БАЛҒАБЕК ҚАРЛЫҒАШ МҰРАТҚЫЗЫ
Алматы қаласы білім басқармасының
«№ 174 мектеп-гимназия» КММ

Ұлт — төлқұжаттағы жазба да, тамырымыздағы қан да емес, рух пен туған жердің бірлігі. Тілге құрмет — ұлтқа міндет. Ұшы-қиыры жоқ мына үлкен әлемде 6000-ға жуық тіл бар. Қазақ тілі — әлемдегі 6000-ға жуық тілдердің ішіндегі тіл байлығы мен көркемдігі жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, мемлекеттік мәртебеге ие 200 тілдің қатарында тұр. Тіл — ең ұлы қару. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр.

Қазақ тілі — ақындар жырының сүйкімділігін, даладағы шөптердің сыбдырын, тау өзендерінің ағысын, көлдердің үнсіздігін жеткізе алатын құдіретті тіл.

Қазіргі таңда елімізде 8 мыңға жуық орта мектеп бар. Оның 5 мыңға жуығы мемлекеттік тілде, 1.5 мыңы орыс, 2 мыңға жуығы аралас орта білім беретін оқу орындары. Сонымен қатар, былтыр тілдерді дамыту мақсатында мемлекеттен 7 млрд. теңге бөлінген болатын. Өз Отанында тұрып, өз тілін білмейтін мәңгүрттердің саны күн санап артуы жүрекке найзадай тиетіні хақ.

Баласын өзге тілде оқытатын мектепке беріп отырған ата-ана, әрине, Қазақстанда мемлекеттік тілдің кең қанат жайып кететініне сенімсіз. Сол себептен де баласының өзге тілде оқығанын жөн санайды. Дегенмен, Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде екендігін естен шығармау керек.

Тілі өлген ел — тірі өлген елге тең.