
«Халық» қайырымдылық қоры дәрі-дәрмек және азық-түлік өнімдерінің 1000 жиынтығын ұйымдастырып, Атырау өңіріне жеткізді.
Атырау облысының мұқтаж және көп балалы отбасыларына, сондай-ақ медициналық ұйымдарға материалдық көмек көрсету туралы шешімді «Халық» қайырымдылық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Құлыбаева қабылдады.
Нәтижесінде отбасыларға дәрі-дәрмек, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдері, жуғыш және антисептикалық құралдар салынған 1000 жиынтық таратылды, ал Атырау облысының медициналық ұйымдарына 1000 пульсоксиметр, 100 оттегі концентраторы және COVID-19 індетіне қарсы қолданылатын медициналық препараттар жеткізілді. Бұдан бөлек, жуық арада облыстың медициналық мекемелеріне аса қажет өкпені жасанды жолмен тыныстататын 30 аппарат әкелінеді.
Эпидемиологиялық күрделі ситуацияға байланысты қиын материалдық жағдайда қалған және дәрі-дәрмекке мұқтаж отбасылардың тізімі Атырау облысының әкімдігі тарапынан берілді.
Елде төтенше жағдай енгізілген уақыттан бастап «Халық» қайырымдылық қоры коронавирустық инфекцияның салдарымен күресуге және жоюға бағытталған үлкен жұмыс атқарды.
Төтенше жағдайдан зардап шеккен көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға 20000-нан астам азық-түлік жиынтығы, медициналық қызметкерлерге ақшалай төлемдер, қажетті медициналық құрал-жабдықтар: өкпені жасанды жолмен тыныстату аппараттары, ПТР зертханасы және жедел жәрдем машинасы түрінде жалпы сомасы 5,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.
«Халық» қоры осы күндері COVID-19 індетімен күресте мемлекет, бизнес, қайырымды жандар және бүкіл Қазақстан халқының бірлесіп күш жұмсауы қауіпті инфекцияны толығымен еңсерумен аяқталатынына үміт білдіреді.