Рахманберді Альбина

Тұғыры биік – Астанам!

Рахманберді Альбина
Астана қаласы, № 80 мектеп-гимназия, 11 сынып
Жетекшісі: Ермагамбетова Алтынай Серғабылқызы

Биыл мыңның тілегіне, миллиондардың жүрегіне айналған бас қаламыз Астанаға жиырма жыл толмақшы. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақыт басталғалы бері, бұрынғы Целиноград — қазіргі Астана көзді ашып жұмғанша ең көрікті, ерекше, заманауи, дамыған, өркендеген және де ең жас астаналардың қатарына қосылды.
Сонау Алтайдан Каспийге дейінгі аралықты алып жатқан Ұлы Даланың қақ жүрегінде орналасқан елордамыз Астананың дамуы — елбасымыздың үлкен жетістігі, тәуелсіздігіміздің жемісі. Ерлігі мен елдігін асқақтатқан бабаларымыздың арманы орындалды десем артық болмас еді. Олар салып кеткен тарихтың жалғасы, қара тердің, тамшы жастың балдай жемісі де -бүгінгі осы Астанамыз.
«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Бірақ 50-дің жартысына небары жиырмаға толып жатқан жаңа қала жас қала Ару Астанамыздың көрсе көз тартар көрікті, қараса көздің жауын алар, жаңа үлгідегі өнеріне негізделген биік-биік ғимараттары қалаға сән беріп, жаңаша бағытта ерекшелендіріп тұрғаны сөзсіз.
Әлемде аждаһадан да айбарлы, ғаламдық жаһанданудан аман өткен Астана бүгінде ұшқыр да қалыпты дамып, жаңаша бағытта көркейіп, гүлденуде. Бұл да болса халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігі, тұрақтылығы және ең бастысы шаттығы шалқыған бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқаны, ақ көңілді, кең пейілді, ешкімді жатсынбайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, жомарт мінезді, кез келген адамзатты бауырана баса білген бауырмал ешкіммен теңдесі жоқ қара қазағымның арқасы.
Өзге ұлт күйресе де, жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан жаңа қаламыз ешқашан жойылмасын. Елдігіміздің еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз мәңгі жасап, қол жеткізген жетістігің молайып, жайнай берсін. Асқақтай бер тұғыры биік – Астана, Туған күнің құтты болсын – Астана!

Реклама