Жаңа сабақтар

МАМАНДЫҒЫМ — МАҚТАНЫШЫМ

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы «Бейнеу бөбекжайы» МКҚК

2 санатты тәрбиеші Есниязова Збира Бокеновна

Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Менің мамандығым-тәрбиеші. Тәрбиеші жұмысы күрделі де, қызықты да, жауапты.Мен балабақшада бесінші жыл еңбек етудемін, бұл еңбектен ешбір жалыққан емеспін. Тәрбиеші жұмысы – оңай жұмыс емес.Бірақ абыройлы, сыйлы. Жақсы тәрбиешіні балалар ешқашан ұмытпайды. Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады.

Тәрбиешінің әрбір жүргізген жұмысы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта -жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында теорияны практикамен ұштастырып,жаңа заманауи технологияны қолданып жұмыс жасаудамын.. Себебі педагогикалық озық технологияларды оқу іс-әрекетінде пайдалану балалардың шығармашылығын, дағдыларын дамытуға үлесі зор. Мен көбінесе жұмысымның негізгі бөлімдеріне ғана назар аударамын, педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге аламын.

Мен балабақшада 2-3 жасар балалармен жұмыс жасаймын, күнделікті тапсырманы балаларға түсіндіріп, өз беттерінше орындатамын. Мұнда балалардың зейіні, есте сақтау, ойлау қабілеттері дамиды. Ұлттық мерекелерде өткізген мерекелік шараларда балаларды патриоттық сезімде болуға, оларға құрметпен қарауға мақсатты түрде тәрбиелеймін. Сонымен бірге балабақшада өткізілетін барлық ертеңгіліктерге балалардың сөздік қорларын байыту, тілдерін дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде қолданып, қарым-қатынасқа түсе білу қабілеттерін дамыту мақсатында сюжеттік-рөлді ойындарды пайдаланамын. Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтау мақсатында барлық ұлттық рәсімдерді балалардың санасына сахналық көрініс арқылы құюға жұмыстанамын. Ауылымыздың тарихын, көрнекі жерлерін насихаттау мақсатында саяхаттар ұйымдастырып отырамын.

Тәрбиешінің міндеті — нұсқау, көмек көрсету, бақылау, тексеру. Бала барлық уақытта тәрбиешінің көз алдында, байқауында болу керек. Тәрбиеші баланың қабілет деңгейін, адалдық дәрежесін, ұқыптылығын білуге тиіс. Тәрбиеші ешқашан естен шығармауы керек: бір бала асықпайды, ал келесісі жылдам, үшіншісі өз бетімен орындағынды жақсы көреді. Ал кейбіреуі көмекті көп қажет етеді. Көмек бұл бақылау кезінде анықталады. Осы орайда балалардың өзара көмегін қолдана отырып, дұрыс бағыт беру керек.

Ғұлама ұстаз әл-Фараби: «Адамға, ең алдымен, тәрбие беру керек, тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы», – дегендей қазіргі заман тәрбиешісі — заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны болуы тиіс. Буыны қатпаған жас жеткіншектерді жетілдіру біздердің парызымыз.

Реклама

Добавить комментарий