КОНКУРС

Үлгілі ұстаз

Ережепова Адия Оразахуновна
Алматы қаласы, Шетел тілдері педагогикалық колледжі, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы

Шпекбаева Бақыт Жатқанбайқызы – Қазақтың Абылай хан атындағы Әлем тілдері және Халықаралық қатынас тілдері университетінің іргесінен құрылған Шетел тілдері педагогикалық колледжінің директоры, профессор. 1972 жылы Алматы шетел тілдер педагогикалық институттың неміс тілі факультетін үздік бітірген. 1974-1976 жылдар аралығында АПИИЯ-ң жоғары педагогикалық курсында оқиды. 1979- 1984 жылдары Мәскеу қаласындағы М.Торез атындағы МГПИИЯ аспирантурасында үздік оқып, ғылыми тәжірибеден өтеді. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.

Өмірі тұнған өнеге… Бұл сөздер біздің білім ордамыздың басшысы Шпекбаева Бақыт Жатқанбайқызына арналып айтылған ба дерсің!

Алматы қаласындағы Шетел тілдері педагогикалық институтының неміс тілі факультетін озаттар қатарында жүріп үздік бағаға бітірген Бақыт Жатқанбайқызына ұстаздары оқу орнында қалуға ұсыныс жасайды. Осылайша туа бітті педагог еңбек жолын институтта жалғау бақытына ие болады. Ол студенттерге тек сабақ беріп қана қоймайды, оларға білімді қалай тиімді жолдармен беруге болады, осы мәселеге ден қояды. Сол ізденіс жас маманды Мәскеу аспирантурасынан бір-ақ шығарады.

Мәскеудегі оқуын аяқтап, диссертациясын қорғап келген соң қызметтегі өсу жолы басталады. Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісінен бастап неміс тілі факультетінің деканы болады. Қазақстандағы неміс тілі мұғалімдері ұлттық одағының төрайымы дәрежесіне көтеріледі. 2007 жылы университет жанынан ашылған шетел тілдері педагогикалық колледжін басқарып, оны аяғынан тік тұрғызады. Көргені көп, түйгені мол тәжірибелі ұстаз колледждің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Колледж студенттері неміс, француз, түрік, қытай тілдерін оқиды. Негізгі тілдері ағылшын тілі болғанымен, алғыр ұл-қыздар бес тілді бірдей меңгеріп шығады. Бұл тұрғыда Бақыт Жатқанбайқызының өз айтары бар: «Ұжымымыз өте жақсы, білікті ұстаздарымыз жетерлік. Білікті мамандарды жұмысқа тартып, оларды қолдау, барлық жағынан жағдайларын жасау оңай емес. Өздерін осы жұмыста жайлы сезінетіндей аура қалыптастыруға тырыстым. Ең мықты мұғалімдер біздің колледжде десем қателеспеймін».

Ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған ұлағатты ұстаз айналасына жақсы-жайсаңдардың үйір болуы, жетістіктерге жету жайлы сыр шертуден жалықпайды. Швейцарияның білім министрлігі Бақыт Жатқанбайқызын арнайы шақыртып, «Алтын үкі» марапатын берсе, «Ең үздік оқу орны» сертификатын Женевадан алады. «Алтын үкі» марапаты «Білім, кемеңгерлік, тәжірибе» үшін берілді. Осы үшеуін үйлестіре білген адамның жұмысы да жоғары болады.

Бақыт Жатқанбайқызы білім мен білікті, тәжірибені үздіксіз жетілдіріп отыруға көп көңіл бөледі. Өйткені шәкіртке, әріптеске, ұжымға өзің үлгі-өнеге болуың керек. Әр нәрсені жылы сөзбен, ақылмен жеткізу- анасынан берілген қасиет. Ол кісінің айтуынша, бекерден бекер талап етуге болмайды. Талап ету үшін алдымен өзің бағыт-бағдар беруің керек. Колледж түлектері мықты мамандар қатарына қосылуда. Талап бар жерде қашанда нәтиже болады.

Колледж мұғалімдерінің балаларға терең білім беру жолдарын іздеуден жалықпайтынын олардың түрлі шаралар мен байқауларға қатысуынан байқаймыз. Мұнда білім бәсекелерінде өз жобаларымен озып шыққан ұстаздар жетерлік. Мәселен, колледждегі тарих пәнінің оқытушысы Айнакулов Дәурен Жұмабайұлы Алматы қалалық, республика және халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатқан педагогикалық байқаулардың жеңімпазы. Ол 2016 жылы Жаңашыл білім беру бағдарламаларын оқу және ғылыми жобаларын жүзеге асырудағы жеткен жоғары нәтижелері үшін «ЖАҢАШЫЛ ОҚЫТУШЫ» мәртебесі, 2017 жылы «ШЫҒАРМАШЫЛ, ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ», «ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ», М.О.Әуезовтың туғанына 120 жыл толуына орай «Тарихтан тағылым –өткенге тағзым» атты Халықаралық байқауына қатысып, «Мұхтар Әуезов» атындағы төсбелгімен, «Білім беру ісінің майталманы», «Құрметті педагог» атты төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ педагогика және психология пәнінің оқытушысы Задорожная Диана Жолшыбековна ХІІІ республикалық педагогикалық «Талантты мұғалім- дарынды балаға» атты олимпиадаға өзінің шәкірттері Бушуева Екатерина, Азимханова Диана және Заитова Махиряммен бірге Семей қаласына жолдама алды.Осындай жетістіктер мен қуаныштардың басы-қасында үнемі ұйымдастырушы болып жүрген Бақыт Жатқанбайқызын көреміз.

Бақыт Жатқанбайқызы Қарасай ауданында «Анаға құрмет» мұражайының ашылуына өз үлесін қосып, оны жәдігерлермен толықтыруға ат салысуда. Осы мұражай кешенінде аудан мектептері мен қала маңындағы білім ордаларынан оқушылар келіп әр түрлі шаралар өткізеді. «Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың каскаларын Псков облысынан әкелдік»- дейді Бақыт апай. Қазіргі таңда Бақыт Жатқанбайқызы осы «Анаға құрмет» мемориалының құрметті директоры.

Студенттер қоғамдық, қайырымдылық жұмыстардан да шет қалмайды. Колледж ұжымы балалар мен қарттар үйлеріне барып, акциялар, концерттер ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырған. Үлкен кісілермен дидарласу, керекті заттарын алып беру, әңгімелесу, онкологиядан емделіп жатқан балаларға қамқорлық жасау да колледж ұжымының бір міндеті сынды.

Бақыт Жатқанбайқызының қайырымдылыққа қатысты ой-пікірлерімен бөліссек, «Адамның бір-біріне жаны ашуы, мейірімді болмаса тасжүрек боп кетеді. Жас ұрпақты мейірімділікке баулу керек. Бұларды біз істемесек кім істейді? Бір нәрсе істеу үшін біреудің нұсқауын күтіп отырудың қажеті жоқ. Әр адам өзін өзі солай тәрбиелеуі керек. Өзін өзі дамытуға тырыспаған адам тамыры қуарған ағаш сияқты. Адам тәрбиесіне кітаптардың да әсері көп. Ой-өрісі өседі. Өз еліңді өзгемен салыстыра аласың».

Ұлағатты ұстаз уақытты ұтымды пайдалануды білім алу, яғни, әрбір минут, сағатты білімге жұмсаумен байланыстырды.

Жастайынан білімге құштар Бақыт Жатқанбайқызы жарты ғасырға жуық ұстаздық жолында сан мыңдаған жасты білім нәрімен сусындатып, олардың ізгі-армандарына жетулеріне өлшеусіз үлес қосып келеді.

Өмірінің 50 жылын ұстаздық жолға арнаған Бақыт Жатқанбайқызынан жастардың үйренері көп. Ғалымның әрбір сөзі – асыл, тұнып тұрған тәрбие. Мысалы, ол кісінің әр адамның жүрегінен әрқалай орын алып, әрқилы енген бақыт, уақыт, сапалы өмір, мәңгілік туралы пайымдары да ерекше. Сөзімді ұстаздың оралымды ойларымен әрлесем, адамда бақытты сәт көп болады. Жақсы іс істесең, алдыңа дұрыс мақсат қойып, соған жетсең, міне нағыз бақыт осы. Адал өмір бақыт.

Бақыт Жатқанбайқызы Австриямен 20 жылдан бері халықаралық қызметтестік аясында бірлесе жұмыс істеп келеді. Абылай хан атындағы әлем тілдері университетіндегі Австрия кітапханасында неміс тілінде 6 мыңдай кітап бар. 1997 жылдан бері осы кітапхананың ғылыми жетекшісі қызметін атқарып келеді. 2004 жылы аталған елдің білім министрі Бақыт Жатқанбайқызының осы еңбегін жоғары бағалап, «Құрметті Крест» орденін тапсырды.

Өзінің педагогикалық қызметі барысында бірнеше мәрте Германияның әртүрлі қалаларында өз білімін жетілдірді. Мысалы, 1993 жылы Марбург қаласындағы университетте, 1995 жылы Гамбург қаласында ДААД-стипендиаты ретінде ғылыми тәжірибеден өтсе, 2007 жылы Швейцарияның Цюрих және Люцерн қалаларында және 2010 жылы Австрияның Вена қаласында неміс тілін оқыту технологиясы бойынша өткізілген семинарларға қатысты. 2000-2007 жылдар аралығында Республикалық неміс тілі мұғалімдерінің Ұлттық Одағының президенті болды.

2015 жылы Бақыт Жатқанбайқызы жетекшілік ететін біздің Шетел тілдері педагогикалық колледжінің ұжымы Алматы қаласы колледждерінің арасында сала Көшбасшысы атанып, Қазақстан Республикасының «Бизнес-рейтинг» Ұлттық компаниясынан «Сапа көшбасшысы» атты орденге және ұлттық сертификатына ие болды.

Бақыт Жатқанбайқызы 55-ке жуық ғылыми мақалалар мен еңбектердің авторы. Олардың ішінде отандық басылымдармен бірге шетелдік басылымдар да бар.

Ол 1988 жылы Қазақстан Республикасы білім министрінің «Білім үздігі» белгісімен марапатталса, 2010 жылы Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісімен марапатталды. 2012 жылы «Құрмет белгісі» орденінің иегері бүгінде Қарасай ауданының құрметті азаматы. 2016 жылы «Қазақстанның құрметті азаматы» орденінің иегері болды.

Әкесі Жатқанбай Ұлы Отан соғысының ардагері. Анасы Күлиман соғыс кезінде тылда еңбек еткен. Ол кісі жаны нәзік, әдебиетті, өнерді ерекше бағалаған адам еді. Қазақ әндерін сүйіп тыңдайтын. Ол кезде теледидар жоқ, радио ғана болатын. Алғаш рет «Қобыланды жырын», «Қыз Жібек» дастандарын әкесінің аузынан естісе, Жамал Омарованы, Бибігүл Төлегенованы, Ләззат Сүйіндікованы, Ермек Серкебаевты Күлиман анасымен бірге радиодан тыңдап өсті. Отбасында сегіз баланың үлкені болған Бақыт Жатқанбайқызы іні-сіңлілеріне үлгі болып, олардың өмірден өз орындарын табуына бағыт беріп, жол сілтеді. Бүгінде алды зейнеткер болса, кішілері әр салада адал еңбек етіп жүрген абыройлы жандар.

«Адал жүріп, анық бас» дейтін әке сөзін өмірлік қағида етіп ұстанып, бұл күнде 70-тің белесін бағындырған Бақыт Жатқанбайқызы –бауырлары мен бала-шаға, немерелері ғана емес, бүтін бір ел мақтан тұтар ана, ұстаз-ғалым.

Ұстаздық қызметінде ұрпақ бойына адамгершілік пен ізгілік нәрін сіңіріп, ұлттық болмыс-бітім қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан Бақыт Жатқанбайқызы: «Қазіргі таңда ұлт болашағы тәрбиелі ұрпақтың білімімен есептеледі. Білімді елдермен тереземіз тең болу, салауатты ұрпақ тәрбиелеу- тәуелсіз еліміздің алдындағы басты мақсат. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудегі ұстаздың еңбегі зор» ,- деген болатын жуырда Бақыт Жатқанбайқызы өзі іргесін қалаған «Анаға құрмет» мұражайында Мәншүк Мәметова атындағы Көксай орта мектебінің оқушылармен кездесу сәтінде.

Елбасының биылғы жылғы жолдауындағы: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамның идеалына айналуы тиіс»,-деген тұжырымды еске сала отырып, өзінің өмір жайлы қызықты жайларды әңгімелеп берген ұстаз оқушылардың сан алуан сұрақтарына жауап берді.

Бақыт Жатқанбайқызы қазақ қыздарының өнегесін жалғастырып келеді. Отбасында ардақты ана. Қыз өсіріп, қияға қондырып, бүгінде немере тәрбиелеп отырған асыл әже. Қызы Анар бірнеше тілді еркін меңгерген білікті маман. Немерелері Темірлан мен Меруерт те әже жолын жалғастырып келеді. Олар да ағылшын, неміс, француз тілдерінде емін-еркін сөйлеседі.

Бақыт Жатқанбайқызын шәкірттер, ата-аналар және ұстаздар қауымы білімді, адал, мейірімді, талапшыл, жаны сұлу ұстаз ретінде құрмет тұтады.

Неміс ғалымы Гетенің айтқан «Мен қанша тіл білсем, сонша рет адаммын» деген сөзін өзінің ұстанымы еткен қазақтың біртуар қайраткер қызының ардақты ана, мейірімді әпке, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым ретінде жасаған еңбегінің алдағы уақытта да өміршең болатыны анық.

Реклама

Добавить комментарий