Тұңғыш тарихи жұмбақтар және олардың ғылым мен педагогикадағы алатын орны

Айнакулов Даурен Жумабаевич – гуманитарлық ғылымдарының магистрі, Шетел тілдер педагогикалық колледжінің қоғамдық пәндер оқытушысы, «Жаңашыл педагог», «Ұлағатты ұстаз», «Шығармашыл және тәжірибелі ұстаз», «Құрметті ұстаз», «Білім беру ісінің майталманы» медальдарының иегері

Тарих ғылымы кең ауқымды дамыған ғылым. Ғылымның дамуына тәжірибелер өз әсерін тигізеді. Ғылым мен педагогикалық тәжірибенің жүзеге асуы, тарихи жұмбақтардың пайда боуына алып келді. Олар оқушылар мен студенттердің мотивациясын ояту әсерінен пайда болған жаңа туындылар болып есептеледі. Ғылым мен педагогикада өз орнын таба алатын да тарихи жұмбақтар мен мүлдем болмаған.

Алдымен тарихи жұмбақтардың мақсаттары мен міндетеріне тоқталып өткен жөн болады. Оның мақсаты сабақ немесе дәріс кезінде оқушылар мен студенттердің пәнге деген қызығушылын ояту, мотивацияларын арттыру, белсенділікті күшейту, деңгейлеріне қарай дифференциациялық тапсырма беру, сонымен қатар жұмбақтар арқылы білім мен біліктілікті де арттыру. Міндеті, оқушылар мен студенттер қай деңгейде, әр қайсысы қаншалықты түсінгендігін тексеру, анықтау, нәтижесінде қолдау, көмек беру нақты тапсырмасын беріп пысықтау. Дамытушылықта, ой-өрісін, ойлау қабілетін арттырады. Тәрбиелікте, Отансүйгіштік тәрбие, адамгершілік, мирасқорлық, эстетикалық тәрбие береді.

Жұмбақтар – халық мұрасы, көркі, айнасы және өркениеттік деңгейі. Жұмбақтардың үрдісі қоғамда ұдайы халық болмысымен жүретін құбылыс. Ол бірден пайда болған жоқ. Адамзаттың белгілі бір ұлттың даму үрдістерімен, танымдарымен қатарласқан туынды. Заман дамыған сайын жұмбақтар да даму үстінде. Бүгінгі таңда заманауи жұмбақтардың көптеп дүниеге келіп жатқаны белгілі. Соған орай жұмбақтарды алдымен халықтық және авторлық деп бөлсек қателеспейміз.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» сериясының жүз томдық ғылыми басылымының 64-томы жұмбақтарға арналған. Онда жұмбақтар алғаш рет тақырыптар бойынша топтастырылды. Мәтіндеріне тоқталсақ оның аясы өте кең болып келеді. Мысалы: аспан әлемі; жер, табиғат құбылыстары; егіс және өсімдіктер; жануарлар, мақұлықтар; құстар; жәндіктер; төрт түлік; адам және оның дене мүшелері; үй; үйдің керек-жарақтары және жиһаздар; қол ісі; киім-кешек; шаруашылық құралдары; ыдыс-аяқтар; тамақтар мен сусындар; от жағу, жарық қылу; қатынас, жүріс-тұрыс; қару-жарақ, аңшы және аңшы құралдары; есеп және сауда; мезгіл, уақыт; дін; оқу-білім; ойын-сауық, музыкалық аспаптар; техника және т.б.[1].

Жұмбақтар негізінен өлең түрінде, халықтық айтыс жұмбақтар, қара сөз жұмбақтар деп бөлінеді. Жұмбақтардың бірнеше түрлері бар. Олар: өлең жұмбақтар, суретпен берілетін жұмбақтар, сөзжұмбақтар, чайнворд, сконворд, метограмма, сызықтық графиктік болып келеді. «Қазақстан тарихы» пәніне келер болсақ суретпен берілетін жұмбақтар, сөзжұмбақтар, чайнворд, сконворд, метограмма, сызықтық графиктік және қара сөз жұмбақтар күйінде кездеседі. Ал қара өлең түрінде өте аз.

Шетел тілдер педагогикалық колледжінде «Қоғамдық пәндерден» жас оқытушыларға тәжірибесі жеткілікті маман ретінде есептеліп, «Қазақстан тарихы» пәнінен үлгілік ашық сабақ өткізуге тиісті болдым. 2009 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласындағы ғылыми кітапханадан және Ұлттық кітапханадан сабақты ерекше өткізу үшін қосымша тарихи жұмбақтарды яғни қара өлеңмен жазылған жұмбақтарды іздестірдім. Өкінішке орай ондай жұмбақтар табылмады. Кенеттен Керім Шамшәдиннің «Қазақ жұмбағы» атты еңбегі қолға түсті. Ол Алматы қаласынан 2007 жылы жарық көрген. Керім Шамшәдиннің еңбегі жұмбақтарды жан-жақты зерттеген ғылыми еңбек. «Қазақ жұмбағының шығу тегі» бөлімінде жұмбақтардың ұзақ бұралаң даму жолын бастан кешіп, жанрдың өзгеру сатыларын төмендегіше жүйелеуді жөн санаған:

  1. Тыйым жұмбақ;
  2. Ертегі жұмбақ;

  3. Ойын жұмбақ;

  4. Таза жұмбақ;

  5. Айтыс жұмбақ;

  6. Әдеби жұмбақ. Мұнда тарихи жұмбақтың жоқ екені анықталды[2].

Еңбектің «Қазақ жұмбағының шығу тегі» бөлімінде жұмбақтардың ұзақ бұралаң даму жолын бастан кешіп, жанрдың өзгеру сатыларын төмендегіше жүйелеуді жөн санаған:

2012 жылы А. Естеновтың «Біздің батыр бабалар» атты еңбегі жарық көрді[3]. Еңбектегі қара өлең жұмбақтар басым көпшілігі ұлы тұлғаларға арналған. Бірақ тарихтың кезеңдеріне, еңбек құралдарына, қоғамдық құрылысына, ру мен тайпаларға, мәдениеттерге, тайпалық одақтарға, қағанаттарға, хандықтарға және оқиғаларға нақты арналған жұмбақтар қайтадан жоқтың қасы болып шықты.

Іздеген барлық еңбектердің ішінен әрине тарихи жұмбақтар тағы да кездеспеді. Кітапханалардағы бар катологтарды ақтарып жұмбақтары бар барлық кітаптарды ақтарып шығуға мәжбүр болдым. Бұл да сәтсіздікпен аяқталды. Алғашқы тарихи жұмбақтардың дүниеге келуіне педагогикалық тәжірибенің жылдан жылға өсуі әсер етті. Тәуекел етіп, «Қазақстан тарихы» пәнінен ежелгі дәуірге байланысты алғашқы 10 (он) жұмбақты құрастырдым. Жұмбақтар студенттердің ойынан шықты. Кейін жылдық жоспар бойынша әр оқытушы жылына екі рет ашық сабақ өткізуге тиісті болды. Әр семестрде бір ашық сабақтан. Нәтижесінде 2009-2010, 2010-2011, 2011-2012 оқу жылдарында 200 (екі жүз) қара өлеңмен жазылған жұмбақтар дүниеге келді. Қара өлең жұмбақтар тек ашық сабаққа ғана арнайы құрастырылып қойған жоқ, сонымен қатар күнтізбелік тақырыптық жоспар бойынша басқа да сабақтарға арасында құрастылып отырды. Сөйтіп дүниеге алғашқы тарихи жұмбақтар келді.

Қазақстан тарихы пәнінен жұмбақтар құрастырылуының себептері көп. Біріншіден оқушылар мен студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттыру және патриоттық тәрбие беру; екіншіден бұл ойынның түрі деп есептеледі, ойын арқылы тарихи білімдерін дамыту; үшіншіден ми қызметін күшейту үшін, логикалық ойлау дәрежесін дамыту үшін; төртіншіден жұмбақты шешуші тарихи танымының, білімінің даму деңгейін тексере алады.

Ойын балалар мен оқушылардың жан дүниесіне ене алатын, ойын арқылы білімді жетілдіретін, толықтыратын құрал ретінде білеміз. Ұлы педагогтар өткен ғасырда бұл мәселені жан-жақты талдап кеткен болатын. Бүгінгі уақытта әр педагог мұны жақсы және терең түсінеді. Ойын технологиялары да үнемі даму үстінде. Себебі қоғамның дамып келе жатқан ұрпақтарына педагогтарды бейімделеді[4].

«Бабалар сөзі» сериясының жүз томдық ғылыми басылымының жұмбақтарға арналған 64-томы және 72-томы қарастырылып, бұл томдардың ішінен де тарихи жұмбақтарды іздестіру нәтижесін бермеді[5]. Бұдан басқа көптеген еңбектер балаларға арналған. Ал балаларда тарихи таным әрине мектептің орта буындарына бармай қалыптаспайды.

Қазақстан тарихы пәні бойынша құрастырылған жұмбақтардың құрасты құрылымында және жұмбақталған сөздерінде. Жұмбақ барынша қысқа әрі нұсқа болып келеді. Бірақ «Қазақстан тарихы» мен «Дүние жүзі тарихы» және қоғамдық пәндер бойынша оқиғаның мәнін теңірек жеткізу үшін, оны түсіндіру үшін ол заңдылық жұмысын кейде атқара бермейді. Сонымен қатар жұмбақтар синониммен, теңеулермен, салыстырмамен берілсе, мұнда да солай беріліп, сонымен қатар оқиғаның уақыты мен кеңістігіне және тұлғаларға, оқиғаларға, жер-су аттарына сүйеніп, өзіндік бағдар беріп тұрады. Ондай өзіндік бағдар берілмесе жұмбақтың шешімін табу үлкен қиындықтарға әкеледі және шатасуға апарады.

Алдымен жұмбақтардың қысқа әрі нұсқалығына тоқтап өтсек, онда жасырылған жауапқа ұсынылған жұмбақ ойын аяқтаған. Ой аяқталған жағдайда қысқа әрі нұсқа құрауға болады. Ал ой аяқталмай жатқанда қысқа жұмбақтарға тарихта жол берілмейді деп есептеймін. Жұмбақты шешуші адам тапсырма не жайында екенін ұқпай қалуы мүмкін. Қысқа жұмбақтар:

Пайда болғанда адам баласы,

Қандай құралды алғаш қолданды?

(Тас құралды)

Сырты нүкте, іші қуыс,

Тұрып жатты бар туыс.

(Үңгір)

Екеуі екі түрлі бүтін,

Қосылса сапалы бүтін.

(Мыс пен қалайының қосындысынан қола)

Еділ, Жайық арасы,

Сарайшық бас қаласы.

(Ноғай Ордасы)

Ұлтына қалқан дейді,

Ұлықтап салқам дейді.

(Жәңгір хан 1628-1652 жж.

немесе 1643/44-1652 жж.)

Ұлты сайлаған Елбасшысы,

Халық таңдаған Көшбасшысы.

(Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев)

Достық, ынтымақ пен бірліктің әлемге үлгісі,

Жойқын қарудан бас тартқан, жерұйықтың бесігі.

(Қазақстан) [6.; 8,10,12,25,29,45,46-бб].

Келесі төмендегі жұмбақтың ерекшелігі географиялық жағынан өзі хабардар беріп тұр. Үшінші тармағы бір-біріне олар өте жақын екендігі нұсқау жасап, шешімін табуға қолайлы жағдай жасауда.

Ақмола облысы – Атбасар,

Торғайдың ойпаты – Маханжар,

Бар жақындық байланыс,

Шешімін оның кім табар?

(Неолит мәдениеттері)

Мәдениет бар Атасу,

Мүмкін емес адасу.

Бар Беғазы мен Дәндібай,

Тауып көрші шатаспай.

(Қола мәдениеті) [6, 11-12 бб.].

Қарастыратын келесі төмендегі беріліп отырған жұмбақ шыққан тегін, қай тайпадан шыққанын меңзеп отыр.

Түбі түркі баласы,

Скиф-сақтың данасы.

Шешен сөзі төгілген,

Жеті ғұлама дарасы.

(Анахарсис)[6, 13-б.].

Ұсынылып отырған келесі жұмбақ кең білім беретін жұмбақ. Біріншіден қадым заманның еңбектірінен мәліметтер берілген, екіншіден нақты қанша тайпалардан құралғандығы, үшіншіден заманына қарай өзгеріске ұшырағандығы ескеріліп, тек шешімін табуға ойландырады.

Жиырма төрт тайпа дейді Қашқари,

Он екі тайпа дейді Марвази.

Жазылған деректер заманы әр түрлі,

Сонымен кімдер туралы айтыпты?

(Оғыздар)[6, 20-б.].

Келесі екі жұмбақты салыстырсақ біріншісі географиялық бағытын көрсетіп, ары қарай терең ойландыратын теңеумен берілген. Ал екіншісі жұмбақтағы шешімі жасырылған сөздің нақты жауабы бірінші тармағында-ақ беріліп тұр. Яғни тарихи танымы қалыптасқан, тарихи санасы жоғары, нақтырақ айтып кетсек дарынды оқушы мен студент мұның жауабын бірден тауып алады. Ал білмегенге білік болады. Өз білімдерін жұмбақтар арқылы жетілдіруге болатыны сөзсіз.

Екі ағайынды туады,

Шығыс пен батыста тұрады.

Батыста тұрған бауырдың.

Қайсарлы он ұлы болады.

(Батыс Түрік қағанаты

немесе Он оқ будун)

Он оқ будун мемлекет құрды,

Тілі бір, діні бір ғасыр тұрды.

Сансыз, бел жауды алып ұрды,

Мұндай қағанатты кім құрды?

(Таман яғни Тардуш қаған)[6, 19-б.].

Оқырмандарға келесі ұсынылып отырған жұмбақтың мәні тарихтағы уақытқа, кезеңге байланысты. Тұлғалардан хабардар болса, олардың қай уақыттарда өмір сүргендігін білсе, жауабын табуға жеңілірек болады. Ал егер мұқият болмай жіберіп қойса, жұмбақ оның білімін толықтаратын серігіне айналады.

Он алтыншы ғасыр басы,

Ер атағы жаһан асты.

Бүкіл Азия діріл қақты,

Бұл хан талай елді алды!

(Қасым хан)[6, 28-б.].

Тарих беттерінен кездесетін тұлғалар өте көп. Бірақ кейбір тұлғалардың шынайы есімдерін көбісі біле бермейді. Сондықтан білімді толықтыру үшін қолданыста бар есімдері беріліп, шынайы есімдері жасырылған.

Сабалақ болып атанады,

Абылай есімі жарасады,

Түп есімі қалай аталады?

(Әбілмансұр)

Жалынды жиырмадан асқан кезі,

Елу бір пұтты бағындырған еді.

Қойған халық аты «Балуан Шолақ»,

Шынайы «Түйе балуан» есімін кім таппақ?

(Балуан Нұрмағамбет ) [6, 31-33 бб.].

Ұсынылып отырған келесі жұмбақ жасырған ұлы тұлғаны жан-жағынан дерлік ашып көрсеткен. Әр тармағы нақты, айқын мәлімет беруде. Әрине мұндай жұмбаққа көп ойланудың қажеттігі болмауы керек. Ойланған адам әрине өз білімін толықтырып алады.

Күйлерімен күй атасы атанды,

Әрдайым домбырасы сайланды.

Адай күйін жүз ағызып қайланды,

Бірде «Кішкентай» күйімен байланды.

(Құрманғазы Сағырбайұлы)[6, 31-32 бб.].

Адамның яғни жасырылған азаматтың қасиеттерін жұмбақтау арқылы да беруге болады.

Дауысы сыңғырлаған бұлбұл,

Қатардан озған дүл дүл.

Қазақ елі ғана емес,

Кеңес елі шу етті, дүмпіл.

(Күләш Байсейітова) [6, 41-б.].

Кейде қайталау материалдарына байланысты бір жұмбақтың бірнеше жауаптары болады. Олар нұсқалы емес нақты жауаптар.

Алғашқы үйім өз үйім,

Өтті онда төрт жылым.

Ыстық үйім, өз үйім,

Жат қалды, жоқ күйім.

Екінші үйім өз үйім,

Өтті онда бес жылым.

Мөлдір таза ақ үйім,

Қызылға бояп жоқ күйім.

Үшінші үйім өз үйім,

Өтті онда көп жылым.

Әсем, көркем бар бүйім,

Көшіп кеттім тар түйін.

Бүгінгі үйім балғын үй,

Шаңырағы биік үй.

(Орынбар – 1920-1924 жж. ҚазАКСР-ң астанасы,

Қызылорда – 1924-1929 жж. ҚазАКСР-ң астанасы,

Алматы – 1929-1997 жж. ҚазАКСР-ң, Қазақ КСР-ң

және Қазақстан Республикасының астанасы,

ҚР Елордасы Астана – 1997 – бүгінгі күнге дейін)[6, 44-б.].

Бүгінгі таңда педагогика ғылымы әлі даму үстінде. Заман талабына сай білім беру технологиясы өзгерістерімен білім беру әдіс-тәсілдері де өзгерістерге немесе толықтырылуларға ұшырайды. Негізінен білім беру әдістері мен әдіснамасы толықтырылуда және дамытылуда. Мұның себебі жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың біліктіліктерін арттыру. Мемлекет болашағында ой-өрісі кең, жылдам шешім қабылдай алатын, өз ойымен сөзіне берік, мәдени санасы жоғары азаматтарды қалыптастыру. Бұл мәселенің көтерілу себебі, жұмбақтар адамды өнерге, ойын дамытуға, тілін жаттықтыруға, білімін жетілдіруге, біліктілігін күшейтуге және дүниетанымын арттыруға үйрететін ғылыми, педагогикалық, этнопедогогикалық жаңалықтар болып есептеледі.

Сонымен қорытындылай келгенде, біріншіден, ғылымда тарихи жұмбақтар тұңғыш рет құрастырылды. Екіншіден, педагогикалық тұрғыда тәжірибеден өтіп тексерілді. Үшіншіден, дидактикалық материал ретінде қолданысқа еніп, тарихи жұмбақтар дифференциациялық тапсырмалар ретінде де жүйеленді. Төртіншіден, педагогикалық үдерісте оқушылар мен студенттерге керемет мотивациялық әсер беретіндігі анықталды. Бесіншіден, «Қазақстан тарихынан жұмбақтар» жеке еңбек болып жарық көріп, тарих пәні сабақтарында қолданысқа енгізілуі, жақсы нәтижесін берді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бабалар сөзі. Жүз томдық. «Жұмбақтар» 64-том.

  2. Керім Шамшәдин. Қазақ жұмбағы. А., 2007.

  3. Естенов А. «Біздің батыр бабалар» А.,2012.

  4. Тұрлығұл Тотай Тәжіұлы. Қазақстан тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі: (Мектеп мұғалімдері мен жоғары оқыту орындарының студенттеріне арналған). Алматы: Қарасай, 2011, 264 бет.

  5. Бабалар сөзі. Жүз томдық. «Жұмбақтар» 64-том және «Балалар фольклоры» 72-том.

  6. Айнақұлов Дәурен Жұмабайұлы. Қазақстан тарихынан жұмбақтар. А., 2013. 46 бет.

Реклама

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.