КОНКУРС

Сабақта жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану

Қостанай облысы Арқалық қаласы Ашутасты ауылы «Арқалық қаласы әкімдігі білім бөлімінің жалпы орта білім беретін А.С.Макаренко атындағы орта мектебі» мемлекеттік мекемесі технология, сызу және бейнелеу өнері пән мұғалімі Жумабаев Сейтбек Ибраевич

Білім беруді дамыту, оқыту үрдісін жетілдіріп, оны аса жауапкершілікпен ұйымдастырып отыру керектігі туралы ойларды А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев сынды Алаш арыстары XX ғасырдың басында- ақ айтып кеткен. Қазақ тілінің негізін қалаушы, ғалым, ағартушы- педагог, ақын, талантты публицист, мәдениет қайраткері, Алаш қайраткері А.Байтұрсынов: « Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқудың ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенінен көріп тұрамыз.

Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі- ойлап қараса, біздің халыққа мағлұмсыз емес…бұлай болғанда, қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр…басқа жұрттың өздерінің істеген нәрселері өз ішінде сатылып, жұмсаған ақша өз елдерінде қалып, шетке кетпейтін болса, оны жұртқа шығын деп есептемейді, тек бірінен- біріне ауысқанға санайды…қазақтың байлығы осы көлденеңге, көк аттыларға түсіп, соларға жем болады» ,- деп жазған еді «Оқу жайы» мақаласында. Шынында, білімсіз адам бәсекелестікке қабілетсіз. Ол- еліміз үшін қауіпті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар- рухани жаңғыру» мақаласында бәсекелік қабілетке ең алдымен көңіл қойғаны бекер емес: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз — ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар — ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» Бұл- әрине, ұстаздар мойнына артылған жүктің ауырлығын, яғни, бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу керектігін көрсетеді. XXI ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау тақырыбы – Елбасы Жолдауының басты бөлімдерінің бірі. “Қазір бой жарыстаратын емес, ой жарыстыратын заман” деп Елбасымыз айтқандай, дарынды, білімді ұрпақ еліміздің ертеңі екені даусыз.

Сондықтан “Білімді ұрпақ-болашақтың кепілі” дегендей, қазіргі таңда елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі-мемлекетіміздің басты саясатының бірі. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді”,- дейді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Білім мен ғылымның ел дамуына оңтайлы әсер етуі үшін демократияландыру, оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, білімге, бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Сондықтан мұғалімнің іс-әрекетін жаңа талап тұрғысынан ұйымдастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ұстазға қойылып отырған бүгінгі талап- өз білім-біліктілігін, оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру.

Педагогикалық жаңа технология- оқу үрдісінде білім мен тәрбие беруді ізгілендіру, жариялылық, педагогикалық ынтымақтастық, ғылыми-әдістемелік тың ізденістерге сүйене отырып, жаңашылдыққа талпыну. Сондай –ақ оқытудың жаңа технологиясы білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық. коммуникациялық желілерге шығу арқылы да жүзеге асып келеді. Мемлекеттік білім стандарты да оқыту үрдісіне жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді.“Педагогикалық технология” деген ұғымға В.П Беспаленко “Слагаемое педагогической технологии” деген еңбегінде “Оқу-тәрбие үрдісінің алдын-ала жүйелі түрде жоспарлануы және оның тәжірибеде жүзеге асу жобасы”,- десе, В.Кларин «технология сөзі- қандайда болсын істегі шеберлік, оқыту-үйретудегі амалдардың жиынтығы, ал педагогикалық технология(тәрбие технологиясы, қарым-қатынас технологиясы, оқыту технологиясы) — педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдардың жүйелі жиынтығымен жұмыс істеудің реті» деп тұжырымдаған.Технология дегеніміз — қарапайым тілмен айтқанда, жүзеге асатын нақты мақсаттардың алдын ала ойластырылған нақты жобасы, ягни, белгілі педагогикалық жүйенің тәжірибеде жүзеге асатын жобасы.

Сабақты жаңашыл үрдіспен өткізу оқушылардың білім сапасын арттырып, олардың шығармашылық және ойлау қабілеттерін дамытып отырады, ал педагогтар үшін кәсіби шеберліктерінің өсуіне жәрдемдеседі. Оқытудың жаңа технологиялық әдістері ойлау қабілеті ұшқыр, ізденгіш, шығармашалықпен жұмыс істейтін тұлғаны тәрбиелеуге ықпалы мол. Оқушылардың ой еркіндігін жетілдіру, ғылыми шыгармашылыққа баулу — білім беру ісін демократияландырудың негізі болып табылады.“Сабақ беру -үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер”,- деп Ж. Аймауытов айтқандай, сабақ беруді өнер деп бағалау тегін емес. Ендеше, мұғалім оқушыларды білім жүйесімен, іскерлікпен, дағдымен қаруландырып қана қоймай, олардың танымдық, шығармашылық қабілетін дамытады.

Оқыту-арнайы танымдық іс-әрекет. Ол – негізгі ойдың, ақылдың жұмысы. Оқыту арқылы балаға қоғам өзінің ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасын, дағды, тәжірибесін береді. Оқыту процесінің жүйелі, түсінікті, нақты қалыптасуы танымдық іс-әрекеттің маңыздылығын арттырады. Бүгінгі танда технологиялар өз қолдауларын тауып, оқу үрдісінде қолданылуда:

  • В.Шаталовтың тірек белгілері негізіндегі оқыту технологиясы;
  • П.Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді шоғырландыру технологиясы;

-Ш.Амонашвилидің ізгілікті-тұлғалық технологиясы;

-Л.Заньковтың және Д.Эльконин, В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы;

-Монаховтың оқыту үрдісін жобалау технологиясы;

-М.Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы;

-Ж.Қараевтың деңгейлік саралап оқыту технологиясы;

-Г.Селевконың өзін-өзі дамыта оқыту технологиясы, т.б.

Өз сабақтарымда қолданып жүрген жаңа педагогикалық технологиялардың бірі — сыни тұрғыдан ойлау технологиясы туралы тоқталсам деймін. Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз не? «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы бойынша ол:

  • шыңдалған ойлау, кез келген даму деңгейіне байланысты мәселелерге сын көзбен қарау;
  • күрделі мәселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешім қабылдауға құштарлық;

  • үйрету мен үйрену бірлігінің, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінің сеніміне негізделген құрылым. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы –әлемнің түпкір-түпкірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі, ал бағдарламаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады. Жалпы алғанда, сын тұрғысынан ойлау дегеніміз – ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау.

  • “Сын тұрғысынан ойлау” технологиясы үш құрылымнан тұрады:

    1.Қызығушылықты ояту;

    2.Мағынаны тану;

    3.Ой – толғаныс.

    Осы құрылымдар негізінде СТО стратегиясы элементтерін өз сабақтарымда тиімді қолдану арқылы («Миға шабуыл», «Бес жолды өлең», «Венн диаграмма», «Кубизм», «Т кестесі», т.б. төмендегі нәтижелерге кол жеткіздім:

    • оқушылар басқа топ оқушыларымен қарым-қатынас жасай береді;
    • басқа оқушыларды тыңдай білуге, кез келген жауапқа сыйластықпен және түсіністікпен қарауға үйретеді;
    • өз ойын топ алдында ашық айта алуға, қорғай білуге баулиды, керек кезде өз көзқарасын дұрыс өзгерте білуге үйретеді, оның дамуын қамтамасыз етеді;
    • ең бастысы – оқу мотивациясы өзгереді, өз бетінше ізденуге ұмтылдырады, сабаққа қызығушылығы артып, балалардың белсенділігі өте жоғары болады және шығармашылық қабілеті артады.

    Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі- баланың оқыта отырып, ой еркіндгін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Осы мақсатта Ұлыбританияның негізгі университеттерінің бірі Кембридж бен Қазақстанның алдыңғы қатарлы Назарбаев университеті оқытушылары және Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдерінің бірлесіп, білім саласына жаңа оқу бағдарламасын енгізді. Бағдарлама 7 модульден тұрады:
    1. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
    2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
    3. Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау
    4. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану
    5. Талантты және дарынды балаларды оқыту
    6.Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу
    7.Оқытудағы басқару және көшбасшылық.Ал СТО –осы бағдарламадағы 7 модульдің бірі.
    Осы 7 модуль бойынша күнделікті сабақтарда оқушы мен оқушы, оқушы мен мұғалім арасында ынтымақтастық ахуал қалыптастыру білімге құштарлықтарын арттырып, көңіл- күйлерін жақсартуға оң әсерін береді. Ынтымақтаса жұмыс істей отырып, оқушылар бір нәтижеге жету үшін топ ережелерін сақтауды үйренеді. Өз-өздерін реттеулері мен көшбасшылыққа ұмтылулары қалыптасып, іштерінен дарындылары айқындала бастады. Сабақ барысында оқушылар бір-бірінің идеяларын талқылайды,баға береді,бірлескен түсінік қалыптасады.Өз идеясын ортаға салып қана қоймай, басқа оқушылардың пікірін тыңдауға бейімделеді. Топтық жұмыс постер қорғауда қыза түседі, оқушылар белсенділік танытып,бір- бірін бағалауға, өзін және басқа топтардың жұмысын бағалауға ие болады. Бұл -біз айтып жүрген қалыптастырушы бағалау. Жаңартылған білім беру үдерісінде білім беру мазмұны ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруде сындарлы оқыту және бағалауға көңіл бөліп отыр. Сондықтан қалыптастырушы бағалау көркем еңбек сабақтарында биылғы оқу жылынан бастап енді.Оны мен сабақ барысында әр түрлі әдіс- тәсілдер арқылы жүзеге асырамын: «Бағдаршам», «Отшашу», «Екі жұлдыз, бір тілек», т.б.
    Сондай- ақ оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану оқушылар үшін қоғамдағы өзгерісті танып білуге және оларды тез қабылдауда мол мүмкіндік береді. Жоспарланған сабақты тиімді өткізуге көмектеседі, оқушының ой -өрісінің дамуына, зерттеулік жұмыстар жүргізуіне ықпал етеді. Бағдарлама соңында мұғалімдер ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сенімді және сыни тұрғыдан пайдаланушыларға айналады. Интербелсенді тақта алғаш қолданысқа енген жылдары ұстаздар электронды оқулық, слайд жасау мен флетчартпен жұмыс істеу арқылы өз сабақтарын жандандырса, қазір ғаламтор желісінің шалғай ауылдарға дейін жетуі интербелсенді тақтамен жұмыс жасаудың ауқымын кеңейтті. Бүгінгі күні әр ұстаз республика көлемінде, тіпті халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып,түрлі сайыстар мен байқауларға, олимпиадалар мен конференцияларға, онлайн сабақ пен семинарларға қатысып, жаңартылған білім беруге байланысты туындаған сұрақтарға жауап алатын, қашықтықтан оқу мен оқыту т.б қол жеткізіп қана қоймай, өз сабақтарында оқу ресурсы ретінде қажетті сайттардан ғаламтор материалдарын пайдаланып, аудиожазба мен бейнежазбаны қолдану мүмкіндіктеріне ие болды.Сондай-ақ bilimland.kz арқылы әр ұстаз дайын бейнесабақтарға қол жеткізіп, өз сабақтарында қолданып отыр.АКТ –ны тиімді қолдана отырып, әдіс- тәсілдерді сабақ құрылымы мен сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты түрлендіріп отыру- мұғалім шеберлігі. АКТ- ны қолдану арқылы технология, сызу, көркем еңбек сабағында оқушылардың іске икемділігі мен іскерлігіне, өнерге, шеберлікке деген бейімділігін дамыту мақсатында қосымша ақпараттарды қолдануға мүмкіндік аламыз, оқушылардың өз бетінше ізденіп оқуына жол ашамыз, болашақ мамандыққа деген көзқарасын қалыптастырамыз. Оқушыларды кәсіпкерлікке, қазіргі заман талабына сай басқару, білу, ұйымдастыру, іске асыру жұмыстарына бейімдеу –технология пән мұғалімдерінің міндеті. Себебі экономика негіздері пәнінің қоса оқытылуы -болашақ кәсіпкеркерлерді дайындаудың кепілі.
    Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге ерекше мән беріп отыр. Оның себебі жаһандану кезінде халқымыздың өз ұлттық кодын сақтап қалу баса айтылған. Осы орайда технология, көркем еңбек сабақтарында ер балаларға ұлттық бұйымдарды көркемдеп өңдеу тақырыбын өткенде ұлттық бұйымдардың тарихы мен жасалу технологиясымен таныстырып қана қоймай, оны жасап шығару, жоба қорғау арқылы бұйым жасауға кететін уақыт, шығын көлемі мен нарықтағы бағасын есептей білуге үйретемін. Сол арқылы ата-бабамыздан қалған мол мұраны білуге, оны жасай білуге үйретіп, ұлттық мұрамызға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырамын.

    «Жеңіс атаулының бәрі өзіңді жеңуден басталады» дегендей, еліміздің әр ұстазына кездескен қиындықтарды жеңіп, кәсіби деңгейімізді дамытып, Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың: “Біздің міндетіміз-бәсекелестікке лайық ұрпақ тәрбиелеу”,- деген пікіріне қосыла отырып, саналы да білімді ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздық рух, дана да, батыр да бас иетін ұлылық тілеймін.

    Пайдаланған әдебиеттер:

    1. «Тіл тағылымы» А.Байтұрсынов Алматы «Ана тілі» 1992 ж, 428- бет
  • «Қазақ және әлем әдебиеті» №5-6 (24) 2007 жыл. 19-20-беттері.

  • «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» №2 2009 жыл 18-19-20-22 беттері.

  • Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. «Мұғалімге арналған нұсқаулық» .Үшінші (негізгі) деңгей.

  • ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы», 2017 ж 12 сәуір

  • «Жаңа педагогикалық технологиялар» Оқу құралы А.Қ.Бекболғанова «Жетісу университеті» баспа бөлімі, Талдықорған, 2013

  • 7.«Оқытудағы заманауи педагогикалық технологиялар» Уалиахметова Ж.Н. оқытушы, магистр, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттікуниверситеті (Қазақстан, Орал қ.) «EXPO-2017» халықаралық көрмеге арналған «Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы: трендтері, мəселелері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференцияның ғылыми мақалалар жинағы 9 маусым 2016 жыл

    1. Леспаева С. «Шығармашылық қабілетті дамыту – мұғалім міндеті» Қазақстан мектебі, 2008, № 8.
    2. Әбдіғалиева Ш, «Мектептегі технология»

    Реклама

    Добавить комментарий