Отбасы- ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы (ата- аналар туралы)

ff11Қостанай облысы Арқалық қаласы Ашутасты ауылы  «Арқалық қаласы әкімдігі білім бөлімінің жалпы орта білім беретін А.С.Макаренко атындағы орта мектебі» мемлекеттік мекемесі 1 cанатты қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Есимсеитова Алмагуль Жаппасовна

М.Жұмабаев: «Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы-өз тәжірибесі…екінші, әр тәрбиешінің қолданатын жолы- ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке- жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті…» ,- деп жазған еді «Педагогика» кітабында.

Ұрпақ тәрбиесі — тек әке-шешенің қамы ғана емес, бүкіл қауымның міндеті болды. Халқымыз бала үшін «ана-мейір, әке- айбар, әже- қамқоршы, ата- ақылшы, ауыл- тез» деп сипаттаған. Осы орайда «Қызға қырық үйден тыйым», «Ұлың өссе ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсымен көрші бол» деген мақал- мәтелдер біраз нәрсені аңғартса керек. Сондай –ақ әр ата-ана баласын «Атаның баласы болма, Адамның баласы бол» деп тәрбиеледі. «Ұлым дейтін халқы болмаса, елім дейтін баласы қайдан болсын» деген халқымыздың дана сөзі бала мен ел арасындағы сүйіспеншілік, махаббат сезімі тәрбиенің дұрыс жолға қойылған жағдайда ғана жүзеге асатынын көрсетеді. «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөз де отаншылдық тәрбиенің ата-ана берген дұрыс тәрбие нәтижесінде болатынын ұмытпаған жөн. Меніңше, қазақ баласының Отанға деген сүйіспеншілігі «шаңырақ» деген ұғыммен байланысты туған сияқты. Себебі баланың әке- шеше шаңырағының түтінін түтетіп отыру, отын сөндірмеу, шаңырақтың ортасына түспеуіне уайым жеуі –намысын қайрап, сол жолда өзін құрбан етуге дейін дайын болуы- ата-баба тәрбиесінің ежелден қалыптасып келе жатқан салт- дәстүрі. Сондықтан «шаңырақ» ұғымы кең мағынаға ие болып, өзің туып -өскен, кіндік қаның тамған туған жер, ел, Отан-ана деген ұғымдармен ұштасып, оның шайқалмауын, іргесінің берік болуын қамтамасыз ету үшін оның әр баласы күресу керек деген іс- әрекетке ұласты, «жеті жұрттың қамын жейтін» ұрпақ қалыптасты.

Әр әке- шеше «Түбін білмеген, түгін білмейді» деген дана сөзге қатты көңіл бөлген. Баласының жеті атасын білуін бірінші орынға қойып, оны құлағына кішкентай кезінен бастап құйып отырған. Бұл жерде дана халқымыздың білім мен ғылым дамымаған заманда қан тазалығын, тектілікті сақтап қалуды қамтамасыз етуін қалай мойындамаймыз. Қазақ халқының осы дәстүрі — дәстүрлеріміздің ішіндегі ең асылы. Себебі мұнда ұрпақ денсаулығы, тектілік, намыс, ар- ождан тұр. «Сөз анасы- сәлем» десек, алғашқы тіл қатудан бастап мүлдем бейтаныс екі қазақтың бір- біріне не құда, не нағашы, не аға болып шығуы «Қарға баулы қазақтың» «Түбін білгеннен» шығып отыр. Егер бала өз шыққан тегін білмесе, ол үшін үлкен сын болды. Үлкен кісілер әкесін айыптап, ол балаға шыққан тегін үйретуге күш салған. Себебі бала өскенде, болашақ жарының өз қандасы болмағанын ескерткені және аталарында қандай атақты жандар болған соны біліп, мақтанып айтып жүрсін дегені.

«Бала –жүректің миуасы» деп қарайтын балажан халқымыз ежелден бала тәрбиесіне бей- жай қарамаған. «Бала –бауыр етің» деп емірене де білген ата- бабамыз тәрбиелі болып өсуі үшін қаталдық та танытқан. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген- оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бала тәрбиесінде әке мен шешенің орны ерекше екенін көрсетеді. Отбасының басты тірегі- бала. Себебі «Балалы үй –базар, баласыз үй- қу мазар». Ал отбасы- кіші мемлекет, адам –мемлекет байлығы.Сондықтан отбасы шаңырағы шайқалмай, нық тұруы- еліміздің де тілегі. «Болашақ- жастар» десек, сол баланы дүниеге келтіріп, білім, тәрбие беретін ата-ананың ролі орасан зор. Егер отбасында татулық болмай, баланың көңіліне алаң кірсе, тіпті керемет деген ұстаздардың өзі бала тәрбиесі барысында дәрменсіз болмақ. Сондықтан отбасындағы татулық, сыйластық- балаларының жүзі жарқын, еңселерінің тіп- тік боп өсуіне кепілдігі. Ата Заңымызда ата- ананың бала алдындағы, баланың ата- ананың алдындағы құқығы мен міндеттері жазылып қойғанымен, «Дала» заңымен белгіленген, ата- бабамыз ұрпақтан- ұрпаққа жалғастырып, осы күнге жеткізген халықтық педагогиканың орнын ештеңе толтыра алмайды. Көне заман ақылгөйі атақты Пифагор: «Жақсы жасалған заңнан, жақсы салт- дәстүр артық. Ең басты заң- салт- сана»,- деп тұжырымдаған.

Қазақ халқы бала дүниеге келген күннен бастап әр ата- ана оның болашағына уайым жеп, тәрбиесіне көңіл бөлген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, әке-шеше бала тәрбиесіне өздерінің үлгі- өнеге болатынын есте ұстап, «Баланы- жастан…» деп, дер уақытында ұл- қызын тыйып та отырған. Қазақ халқының сондай тәрбие құралдарының бірі- тыйым сөздер. Бұл сөздер есі кірген жас баланы жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Бұл сөздерді ескерту ретінде айтқанда, балаға «Жаман болады» деген сөздің өзі жетіп жататын. Ертеде бір данышпаннан жаңа туған баланың әкесі :«Маған ақылыңызды айтыңызшы, баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?»-деп сұрағанда, ақсақал қарсы сұрақ қойыпты: «Балаңыз қанша жаста?». Ол баласының туғанына екі апта болғанын айтқанда: «Ендеше екі аптаға кешіктіңіз» ,-деп жауап беріпті. Ал қазақ халқы бала тәрбиесіне оның Ана құрсағында пайда болғаннан бастап кіріскен. Ананың жерік асын тауып беру, аяғы ауыр Ананы ренжітпей куту- дүние есігін ашпақшы сәбидің ақыл- есінің, денсаулығының, психологиясының дұрыс қалыптасуына ауыл әйелдері болып атсалысқанын көруге болады. Ана толғағы басталған кезден бастап «Жарысқазан» ұйымдастыруы, аман- есен босанған анаға қалжа беруі, шілдеханада ана мен сәбиді жын- періден күзету мақсатында таң атқанша ән айтып, таңды қарсы алу, жаңа босанған ананың аяқ- қолын бауырына жиғанша денсаулық күтімінің дұрыс болуын жүзеге асыру- халқымыздың ертеден қалыптасып қалған салт- дәстүрі. Бұған тек салт- дәстүр деп қарасақ, қателесеміз. Мұнда дана халқымыздың ұрпақ қамы мен ана денсаулығы үшін жасаған ауылдастарының жанашырлық, бауырмалдық іс- әрекеті жатыр.

Бүгінгі күні психолог пен педагог мамандар бала мен ата-ана арасындағы қайшылықтың себебін былай түсіндіреді:

  1. Өз еркіндігі жоқ елде қалыптасатын тоғышар орта;
  2. Адамдық парасатты жоғалтып алған ата-ана;
  3. Ата дәстүрінің құндағында өспей, ана тілінің тұнығына қанып сусындамаған ұрпақтың есерліктері. Сондықтан бала тәрбиесі- күрделі процесс. Ол туғаннан есейгенге дейін әр түрлі ортада тәрбиеленеді. Сол ортадан алатын тәрбие нәтижесін Абай атамыз: «Балаға үш түрлі адамнан мінез жұғады: ата- анасы, ұстазы, жолдасынан. Бірақ оның ішінде қайсысын жақсы көрсе, соның тәрбиесін алады»,- деген. Сондықтан бала жас шыбық сияқты қалай баптап күтсек, солай өсетінін ұмытпайық. Ең басты тұлға- ата-ана –бала тәрбиесінің қазығы . Елдің елдігін, ердің ерлігін биік мұрат тұтқан болашақ Ана- қыздарды алғашқы сәби кездерінен халқымыз ардақтап, аялап өсірген.Олардың тән сұлулығымен қоса, жан сұлулығына да үлкен мән- мағына берген.Қыз баланы әке-шешесі «кеудемдегі жаным, бетімдегі арым, бойымдағы нәрім» деп қастерлеген. Қыз баланы төрге отырғызып, үкілеп өсірген. «Қыздың жолы жіңішке», «Қыз-қонақ», «Қыз- өріс» деп қадірлеген.Қыз намысы — елдің намысы. Сондықтан әр қызға қазақ жігіті «болашақ ана» деп қарап, ар- ұятының тапталмауын, «ат артына өңгерілмеуін» өзіне міндет етіп қойған.

«Елу жылда ел жаңа» дегендей, ғылым мен техника дамып кеткен жағдайда көп нәрсе адам танымастай өзгерді. Бірақ қазақ халқы «Мың өліп, мың тірілсе де» өз ата- баба дәстүрі , салт- санасынан ажыраған жоқ. Әрине, бұл жерде қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының орны ерекше.ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде : «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» ,- дей келе,- жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,- деп ескертеді. Алдағы уақытта дамыған 30 елдің бірі болғымыз келсе, өз ата дәстүріміз, салт- санамыздан ажырамауымыз керек. Бұл жерде дамыған елдермен сіңісіп, жұтылып кетпеу үшін ұлттық менталитетімізді сақтап қалудың маңызы зор. Бүгінде біздің Мәңгілік ел екенімізді бүкіл әлем мойындады. Біз бұл дәрежеге жету үшін «тар жол, тайғақ кешулерден» өттік. Қазақ елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік ел! Оны көз қарашығымыздай сақтау -мәңгі мұратымыз.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бесікті түзейтін де, оны сорлатып күзейтін де — әйел.Сондықтан қыздарымызды тәрбиелесек, болашақ ұрпағымызды тәрбиелегеніміз болмақ. «Қыз өссе- елдің көркі» дегендей, еліміздің бет айнасы қыздар тәрбиесіне көңіл бөліп, халықтық педагогика негізінде тәрбиелейік. Сонда ғана өзіміздің түп тамырымыздан ажырамай, тәрбиелі ұл мен ибалы қыз өсіруге жол ашамыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Педагогика» М.Жұмабаев Алматы «Ана тілі» 1992 ж, 16- бет
  • «Бас кеспек болса да…» Ә.Қылышбайұлы 2005 ж, 29-31-беттері.
  • «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №2 1994 ж, 27-35- беттері.

  • «Жеті қазына» С.Кенжеахметов «Принт» баспасы 2006 ж, 21-бет

  • «Халық- ғажап тәлімгер» М.Әлімбаев Алматы «Рауан» 1994 ж, 6-7-бет

  • М.Тілеужанов «Ел әдебиеті», «Ана тілі» баспасы,1992 жыл

  • ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, 2017 ж 12 сәуір

  • Реклама