ҰСТАЗДАН ҰЛАҒАТ

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Я.А. Коменский оқушыларға тәлім-тәрбие беріп ұлылық көрсететін мұғалімді өте жоғары бағалаған: “Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Оларға тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары ешнәрсе болмақ емес”. Осындай лаулаған жалын иелері, бүгінде зейнеткерлік демалыста жүрген ұлағатты ұстаздарымызды ұмытпау біздің басты парызымыз. Дәл осы тақырыпта мақалама арқау болған іс-шараны сіздермен бөліскенді жөн санадым.

Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы № 9 мектеп-гимназия кітапханасында “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” тақырыбында қазақ тілі бірлестігі ұжымының ұйымдастыруымен ардагер ұстаздармен өнегелі кездесу өтті. Мектеп тарихында ерекше орын алатын тұлғаларды ұмытпау мақсатында өткізілген іс-шара мұғалімдердің, оқушылардың қызығушылығын оятты. Кездесуге Аймұратов Тәңірберген, Қасымова Жанат сынды ұлағатты зейнеткер ұстаздарымыз шақырылды. Мәнді іс-шарада мектеп директоры Ж.А.Орынбаева мен мектеп директорының оқу ісін жөніндегі орынбасары Г.А.Михайлина ардагер ұстаздарымызға деген сағынышты арнау сөздерін тебіреніспен айтып жеткізді. Екі өнегелі ұстаздарымыздың ғұмырнама өмір деректері слайдтарды көрсету арқылы және жүргізуші оқушының дыбыстап айтуы бойынша таныстырылды. Аймұратов Тәңірберген ағайымыз белгілі себептерге байланысты кездесуге келе алмады. Сонда да ол ұстаз жайында естелік әңгіме өрбіді. Ал, ардагер Жанат апайымыз сол кезеңдегі мектеп тыныс-тіршілігін және қызығы мен қиындығы қатар келетін мамандықтың иегері атану жолында сарп еткен еңбегін тарата баяндап берді. Ол имене жастықпен мектеп табалдырығын аттағанынан бастап, зейнеткерлікке шыққанға дейінгі шуақты жылдарын толғаныспен еске түсіріп, қазіргі заманда жаңа технологияның қарыштап дамығанын бұрынғымен салыстыра отырып, бүгінде мұғалімдердің жұмыс жасауына зор мүмкіндіктің туғанын айтып өтті. Әсіресе, көзкөргендерді атап айтып, бірге қалай жұмыс өндіргендерін, санасындағы мәңгі өшпес естеліктерімен бөлісе отырып, мектеп басшысына, мектеп әкімшілігіне, ізбасарларына, өзінің оқытқан шәкірті алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі С. Есенқұловқа деген ыстық ілтипатын білдірді. Бірқатар мұғалімдеріміз сөз алып қазыналы ұстазға деген жылы лебіздерін, ақжарма тілектерін жаудырды. Ұстазына деген құрметін білдірген әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сабыржан Есенқұлов жанды дауыспен әннен шашу шашты “Ұстаз, ұстаз!!!

Осы сөзде жатыр қанша ұлылық,

Осы сөзде таусылмайтын жылылық.

Әль Фараби, Ыбырай мен Ақаңды,

Осы сөз ғой қойған бізге ұлы ғып”

-дегендей, ұстазға арналған теңеулерді жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады. Осы тұрғыда оқушылар “ұстаз” туралы өлеңдерді нақышына келтіре оқып, мақал-мәтелдерді қарша боратты.

9 “A”сынып оқушылары Иқанова Ақбота мен Болат Әлімхан кездесуді жүргізу тізгінін қолға алды. Венера Батырқұлова жетекшілік ететін 9 “A”сынып оқушылары ардагер ұстаз Қасымова Жанат Әзімханқызына көкейлерінде жүрген саналуан сұрақтарды қойды. Ұлағатты ұстазымыз-Жанат апай қойылған сауалдарға тұщымды, нақты жауап берді. Ұстаздан ұлағат алған оқушылардың көңілі марқайды. Тағылымды кездесуде мектептегі өткен шақты еске түсіріп, санамызға бірде мұң, бірде қуаныш ұялады. Еңбек етіп мұратына жеткен, “Ұстаз” деген ұлы істің мәнін ұғындырған Қасымова Жанат Әзімханқызы парасаттылығымен көкейімізге нұр себелеп құйды. Ұстаз алдында бас иіп, тағзым ете отырып: “мектепке келіп тұрыңыз”- деп, онымен қимастық сезіммен қоштастық.

Мектеп басшысы Ж.А.Орынбаева кездесуді шебер ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері: Бердиярова Райхан, Халжанхожа Сәуле, Батырқұлова Венера, Исахов Ерғалиға алғысын білдірді.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.